» » АҚБАСТАУДЫҢ АҚ ЖАУЛЫҒЫ

АҚБАСТАУДЫҢ АҚ ЖАУЛЫҒЫ


Қаратаудың етегіндегі ел-жұрт ертеден ен жайлаған атақоныс – Ақбастаудың бауырынан құт арылмапты. Бұл да болса перзенттік пейіліне айнымас адал адамдардың арқасы. Төскейдегі ел кіндігінен ажырап, колхозға телінгенінде жапан түзге қара болып тұрақтап қалған жалғыз түңлік туырлығын жықпай, түтінін түтетіп қалып қойды. Көзкөрген тірлігін жалғап, жанын жалдап тер төге жүріп тау етегін жайқалған қалың баумен көмкерген қара бейнетті қайда қоясыз? Ақбастаудың бауы әлі де айдала жол кезіп, өзегі талғанның таңдайын уылжыған жемісімен жібітіп, табиғи дархан  молшылығына малынып тұр екен.

Күн-түн көз қырын сап, басынан қүс ұшырмай баптап мәпелеп отыратын егесі болмаса бақ та қурайды, желегінен айрылып, жүдейді, жадайды. Ақырында жоқ болып жер бетінен жойылады. Кезінде бағбан әкесі Мырзахметтің жанкешті талабымен тамыры кеңге тарамдалған бау-шарбақтың жалғасты егесі Сабырхан Мырзахметұлының жетпіс үш жасты толтырып жарық өмірден өткеніне де бес жыл зымырап өте шығыпты. Ақбастаудағы атаның көзіндей, енді қосағының есімін еншілеген «Сабырхан бауының» қайнаған тыныс- тіршілігіне ұстын болып Ұлжан апа отыр бүгінде.
Қазақтың қайратты аналарының феномені саналатын осындай сүйегі асыл жандар ел ішінде ілуде болса да арамызда аман жүргенінің өзі дәтке қуат. Өйткені олардың өмір жолы өсиет, іс-әрекеті өнеге, әрбір сөзі алтын. Қашанда өз еңбегіне иек артып, жоқтан бар жасап, өлшеулі ғұмырын құрдымға емес, құштарлыққа құрып, жүрген ортасына құлпырған қуаныш сыйлар осындай ғажайып жандармен қауышып сыр шертісудің өзі ғибрат. Осындай игі мақсатты ниет қып, Бірлік ауылын кесіп өтіп, екі арада ойқы-шойқы қырат-жонды артқа қалдырып, ақырында Ақбастау бауырындағы Ұлжан апа көз қарашығындай қорып отырған жұмақ мекенге де жеттік-ау.
Атамекеннің архитектуралық сызбасында «Мырзахмет бауы» деп аталар бұл маңның ендігі мұрагері ретінде қараорынның тынысын кеңейтіп, тіршілігіне тірек болып отырған Ұлжан апаның айтуынша, ері екеуі бас қосып, нәрестелі болған жылы-ақ осы кең жазыққа созылған кеңістіктің бейнет-тауқыметін басы-бүтін мойынға алыпты. Бұл кезде енесі сырқаттанып, әл-қуаттан қалған, оның үстіне келіншек күнінен жарының капталында жапан даладағы шаруаның жыртығына жамау боламын деп жалпылдап жүріп бала жағдайына көңіл бөле алмады ма, қос бөбегінің кішісі кемтар жетіліп, аурулы боп қалғанынан жанына жара жамаған. Соған қамықты ма, «Ақбастаудан рахат көрмедім. Қайтып басына бармаймын» дегенді серт етіп қыстауға аяғы тартпады. Міне, осы сәтте жаспыз демеді, тұңғыштарын құшағына қысып ері екеуі атақонысқа егелік етуді басы бүтін мойынға алыпты.
Содан бері неше жыл өтті, апаның өзінің сөзімен жеткізсек, сол тұңғыштарынан көрген немеренің өзі биыл отыздан асыпты. Соған қарап отырып-ақ уақыттың зулап өтіп бара жатқанын мойындағандай боласың.
                                                     АҚБАСТАУ – БАЛАЛАРЫМНЫҢ ОРТАҚ БЕСІГІ
Ұлжан апаның әңгімесі төмендегідей өрілді: – Кезінде атам еккен бау совхоздың қарамағына өткен екен. 1993 жылы кеңшар басшылары бізге Ақбастаудың етегінде кең алап аумаққа егіс ектірді. Ерім Сабырханның қолы берекелі диқан кісі еді. Бала- шағамызбен жүріп гектарлап пияз ектік, сарымсақ ектік. Күзде жиын-терімде таудың етегі тоқыған кілемдей толықсыған өнімге тұнып қалады, бүкіл техникасымен келген совхоздың жұмысшылары сабағын қырқып тауыса алмайтын. Солардың барлығының ас-суы менің
мойнымда, иен жазықтағы әр шеңгелдің түбіне нан көміп жеткізе алмай жатамын.
Кеңестік шаруашылық тарқаған соң бұл алапты түгелдей өз иелігімізге сатып алдық. Шалым одан да ары ұзап Қаратауға бау екті. Алғашқы үйленген төрт ұлымды отбасымен осы жерде бірге ұстадым. Түскен келіндерім де шетінен адал болып шықты, біреуі қыңқ етіп айдалада не өмір, оқып-тоқуым қайда демеді. Біз не тірлік қылсақ соның арқанын есіп, ізімізден ерді. Барлығына аталары басшы.
Күнде көз алдындағы егіске қарай беттеп бара жатар атасының соңынан кетпенін, күрегін иығына қойып қаздай тізіліп кетіп бара жатар келіндерімді әулие десем болады -ау. Қазір мұндайға көнетіндер бар ма екен? – дейді апа күліп. Алдымен осы қараорнында орнығып, ынтымақты тірлік кешіп, мал басын құрап, дәулет жинаған балаларына  кезегімен Жаңақорғаннан және ауылдан жаңа үй салып беріп,
біртіндеп еншілерін беріп отырыпты. Бүгінде барлығының өз кәсібі бар. Апаның жанында қараорынға еге Темірханынан өрген немерелер өсіп-өніп отыр екен.
Ұлжан апа алғаш еңбек жолын Бірлікте ашылған тұрмыстық комбинатында тігінші болып бастап, совхоздың жұмысшыларына кәсіби форма тіккенін айтады. Ол кезде ері шаруашылықта бас мамандардың жүргізушісі болған. Техниканың алты атасымен таныс. Ұлдарының да темір-
терсектен хабары болып тұрғаны әке бойынан ауысқан қасиеттен. Ал топыраққа шаншыған сабағы дүр етіп көтерілер диқандығын атакәсіптен дарыған кие деуге болар.
Кезінде аталары еккен Ақбастаудағы жеміс ағаштарынан өзек жалғағандар соның арқасында ашаршылықтан аман қалдық дейтін. Қазірдің өзінде жоғалған малын іздеп немесе басқа себеппен елден иен қашық кеткендердің айдалада маңдайы алма бағына тіреліп, жемісінен теріп жеп талғажау қылатынын жасырмайды. Қыркүйектен бастап пісетін осы бақшаның алмасы бүкіл ауылға жетіп артылады. Дүкендегі
сырттан келетін алмадай емес оның иісі де, дәмі де бөлек, қысқа сақтап қоюға таптырмайды.
Бұл баудың иесі, Сабырхан көкеміз жетпіс үш жасында бақилық болыпты. Қыз баласы болмаған соң ба, келіндерін туған қызындай мәпелеген қарияның қадірін балалары да бөлекше бағалайтыны аңғарылады.
Бұл әулеттің табыскерлігі туралы апаның немересі Балауса Темірханқызы оқушы кезінде эссе жазудан республикалық
байқауға қатысқан екен. Сондағы Балаусаның жазған туындысын әжесі менің қолыма ұстатты. Ол былай деп өрнектепті: «Мен көзімді ашқалы ата-анамның қажырлы еңбектенгенін көріп өстім. Ата-әжемнің тәрбиесі осындай.  Ағайынды жігіттер мен-сен деспей таудың жеріне егіс екті.
Сол себепті көктемге қарай біз де тауға барып ата-анамызға жәрдемімізді тигіземіз. Еңбекқор ағайындылар соның қатарында ірі қара мал ұстап борлақылап сатуды да жолға қойған. Үйде төрт түлік ұстаған соң оның өнімін жайғауда бізге де тірлік жетіп артылады. Күбі пісіп, май шайқап, құрт жайып үйрендік.
Әжеміздің ісмерлік қасиеті келіндеріне де жұққан. Тігін тікпесе отыра алмайтын анам ине ұстауды, кесте тоқуды маған да үйретті. Өйткені бұл қыз балаға, болашағымызға керек өнер дейді.
Мен әлі оқушы болсам да үлкендерге көмек беру арқылы жанұяның тауқыметін біршама жеңілдетіп жүргеніме сенімдімін. Қазақ «әрекетке – берекет» дейді. Осындай жігерлі еңбегіміздің арқасында жүзіміз жарқын, қалтамыз тоқ, дәулетіміз көп. Еңбек етіңіздер» деп жазады. Біздің де мақсатымыз осы ғой. Еңбек адамын жазу арқылы жайбарақат жатып жақсы өмірді аңсайтындарға бір тағылым болар ма
екен, бір ой салар ма екен деп үміттеніп үлгі етіп отырмыз. Біздің айтпағымыздың көбін кішкентай Балауса өзінің кіршіксіз пікірімен, нақты мысалмен жеткізіпті.
                                                                          ӘР КӘСІПТЕ БЕРЕКЕТ БАР
Өздері тұратын Бірлік ауылына кіреберісте ұлдары Мейрамхан мен Саяхат екеуі биыл жаз бірігіп отырып қауын- қарбыз егіпті. Ағайынды азаматтардың бұған қоса ауыл сыртында фазендасы бар. Онда ірі қара бордақыланады. Ал Жаңақорғанда отырған ұлдары Асылхан бүгінде бетон кольцо шығаруды бір ізге қойған. Осы кәсіпте ағасы мен бауырын және олардың жігіт болып қалған ұлдары бар, бас-сяғы алты адамды жұмыспен қамтып отыр.
Асылхан бұған дейін аудан орталығындағы өнер мектебінде қолданбалы еңбектен сабақ берген. Өз қалауымен жұмыстан шығып, жеке кәсіпті бастаған екен. Қолынан өнері тамған жігіттің техника құрайтын да қабілеті бар. Бұзылған көлікті бөлшектеп беру немесе қайта құрап шығару бұл жігітке бұйым емес. Әп-сәтте істеп береді. Сондықтан алдына күні түсіп келетін клиенттері аз емес. Соның арасында үй алдында ашқан кәсібін ағайындарымен бірлесе дөңгелентіп жүргізіп келе жатқанына өзіміз де куәміз. Келіншегі Ақнұр мектепте мұғалім екен.
                                                                                      ***

Жылқышы Мекебайдың қызы, бүгінде жетпістің желкеніндегі Ұлжан апа әлі де тақымының кербестіден ажырай қоймағанын айтады. Айдалада әр-әр жерде отырған шопандар  бір-бірін дәмге шақырысып жататыны бар. Сондайда көлік іздеп балаларын әуре етпей ерттеулі атты салт мініп кете баратын апамыздың жүріс-тұрысы әлі де тың, тіпті ширақ.
Атқа мінуді алғаш әкесі үйретіпті. Өздері жанұда төрт қыз. Аға-ініден де кенде емес, бірақ әкесінің мейірі өзіне ерекше ауғанын, ұл баладай еркін өсіргенін айтады. Сол еркеліктің, еркіндіктің әсері ме екен, жүректі, от мінезді болып ер жетті. Еркектің қолынан келетін шаруаға икемді, «білмеймін, қолымнан келмейді» деу жоқ. Бұған бір мысал, осыдан оншақты жыл бұрын шалы екеуі «Газ-3» жүк көлігіне мініп жыңғыл басып қайтуға барыпты. Отынды көліктің қорабына мық басқан ері «Ал, Ұлжан, енді мен төбеден түспеймін. Көлікті өзің жүргіз» деген екен. Апа рульге отырып көлікті өзі жүргізіп келіпті.
Жас кезінде еңбеккер ерінің жанында бұл да елбелектеп жүріп бірде көлігін оталдырып қоя салады, оталмаса картердің астынан от жағып қыздырып қою міндет, әйтеуір күнде бір күйбең, көзбен көріп, қол үйренеді де. «Мына Жаңақорғандағы ұста баламыз Асылбектің үйіне бара қалсам, есігінің алды тола көліктің бөлшектері, кім не сұрап келеді, атын, затын білген соң тез тауып беріп жатамын. Жастар жағы мұныма таң қалысып жатады» дейді апаның өзі.
                                                          “ҚЫЗ ҚУУ” ДА – ЖҮРЕКТІНІҢ ІСІ
О, бұл Ақбастаудың етегінің көктемде құлпырғанын көрсеңіз. Жаңа үшып келген құстар сайрап, сандуғаш құйқылжитын төңірек күн жылына ерекше құлпырып, жұмсақ самал желпиді төңіректі. Апаның отбасы тұтас бір ауыл сынды, айнала ағайынды наурыз тойға шақырады. Той болған соң оның жөн-жоралғысы, сән-салтанаты қатар жүреді. Қызы-қыза жиын соңы ат шабысына – көкпарға ұласады. Оны ұйымдастыратын, жүлде тігетін кең жүрек апамыз ұлттық спортқа осылайша дем беріп келеді. Наурыз ғана ма? Күздің берекесі одан да бөлек Тамылжыған жаздың соңы берекелі күз айына ұласып, тоқшылықтың лебі ескен еңісте ер-азаматтардың ат бәйгеде
бақ жарыстырып қырат баурайын қиқуға толтыратын сәттері аз емес. Оны да ұйымдастыратын Ұлжан апаның өзі де ат бәйгесіне түсуден кетәрі емес көрінеді. Ауылдағы Тәукен деген қайнысына айтыпты, «Айналайын, қазағымның «Қыз қуу» дәстүрі бар емес пе еді? Жігіт болсаң шық. Қуып жет» деп. Құдай ұрғанда қайнысы науқастанып қап жарысқа түсуге кідіріп тұр. Әйтпесе оның да ниеті жоқ емес еді. «Тұлпарды мініп желіп шапқанға әлі де шамам бар. Атты жанымдай жақсы көремін. Балдарым, тіпті немерелерім де өзіме ұқсаған. Шетінен атқа құмар. Көкпар шапқанды жақсы көреді. Шабандоз» дейді апа.
Иә, жалғыз үй отырып, өсіп-өніп жатса да бір мемлекеттік деңгейдегі бағдарламаның баршасын игеріп, ұрпағын еңбекке де, кәсібіи біліктілікке де, жарасымды ынтымаққа да, ауызбірлікке де, ұлттық спортқа да, салауатты өмур салтына да қатар тәрбиелеп келе жатқан ер – ана Ұлжан апаның нақ бүгінгі тіршілігі көрер көзге тым қарапайым: есік алдына төгіліп келіп жатқан қауынның қағын тіліп, өреге жайып жүр екен. Тәттілігі ерек қауын сөлінен жеміс шырынын, қайнатпа мен қағын дайындап алсаң қыс бойы қант та, құмшекер де іздемейсің. Онымен қоса таза табиғи өнімнің ағзаға пайдасы көл-көсір. Суды бұлақтың тұма басынан ішіп отырған ағайынға ағып жатқан өзен суына бұрылар шама жоқ. Өздері де, мал-жаны да табиғаттың тегін сыйын тұтынған төл перзенттері биылғы жаздың аптабын да сезінбегенін айтады. Таудың салқын етегіндегі қалың ағаш көлеңкесін саялап жан шақырған сырттан келген жолаушылар да бұл жерді жәннаттың бағына теңеуінің сыры осында болса керек.
Баяғыдан бері, әр баласы тығып шанши берген тал бұтақтары бүгінде құшақ жетпес алып ағашқа айналған. Ол ағаштар тұтаса келе қара орманға айналмай ма?
Міне, бір ата-анадан өрбіген балалардың өмір өнегесін де осыған ұқсатуға болады. Соның барлығына бас-көз болып, тірлігін айрандай
ұйытып отырған ақ жаулықты ана – Ұлжан апа балалары Темірхан, Оразхан, Саяхат, Рақымжан, Бауыржан, Асылхан,
 Мейрамхан, Нұрғисасынан немере-шөбере көріп шалқып-тасып отырған бақытты ана.
Апамен жылы қоштасып келген жолымызға түстік. Алыстай бере артыма бір қарағанымда мұнарытып қалып бара жатқан қалың баудың жанындағы қараша үй алдында жаулығы ағараңдаған Ұлжан апаның әлі қарап тұрғанын көрдім. Осы сәт апаның ақ жаулығы маған Ақбастаудың жаулығындай сезіліп, көңілім толқып кетті. Иә, Ақбастаудың жаулығы ғой. Осындай жаны мәрт, тілегі жомарт, сүйегі асыл аналар елдің жігерін жанып, желегін желбіретіп аман тұрса,
Ақбастау да дін аман!

Баян ҮСЕЙІНОВА

25 тамыз 2026 ж. 35 0