№47 (8961) 23

23 маусым 2026 ж.

№46 (8960) 20

20 маусым 2026 ж.

№45 (8959) 16

16 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Жемқорлық: Бесіктен басталған індет

Жемқорлық: Бесіктен басталған індет


Тал бесіктен жер бесікке дейінгі жұмыр басты пенденің ғұмыры қамшының сабындай өте шығады. Халқымызда «Ұрпағыңмен мың жаса» деген бата бар. Ұл-қызының бойында біреудің ала жібін аттамайтын тектілік, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілік болса, ата-ананың ғана емес, тұтас ұлттың абыройы. Ондай елдің тірлігі тиянақты, бірлігі бекем болары сөзсіз. Бүгінде қоғамды дендеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қарқын алғанымен, көбіне салдарымен күресеміз. Ал негізгі себеп – сонау бала кездегі отбасы мен қоғам тәрбиесінде. Сондықтан да, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес адам бойында бала кезден-ақ қалыптасуы керек-ақ.

Өкінішке қарай, жемқорлықтың алғашқы ұрығы кейде адамның дүниеге келген сәтінен бастап себіледі. Перзентханадағы «алғыс» ретінде берілген ақша, мектептегі мұғалімге жасалған орынсыз сыйлық, қызметке тұру үшін ізделетін таныс – мұның бәрі кейін үлкен жемқорлықтың бастауы екенін көбіміз аңғара бермейміз. Аяғы ауыр келіншек перзентханаға бармас бұрын, қалтасына қаражатын дайындап, алдын-ала сайланып қояды. Өйткені, баланы аман-есен босанған ана дәрігерге, мейірбикелерге және тазалық қызметкерлеріне ақша беруі керек. Бұл бізде қалыптасқан дәстүр. Егер  жаңа босанған әйелдердің басы қосыла қалса, «босанғанда дәрігерге 10 мың бердім, маған күшті қарады. Қасымда ақша бермеген қызға мүлде қарамады» деп мақтанышпен әңгімелеп отыратындардың талайына куә болдық. Шындығында сол ақшаны бергендер де, бермегендер де, Алла қаласа дүниеге сәби әкеле алатынын ұмыт қалдырып жатамыз. Егер Алла бейнет берем десе, ешқандай ақша көмектеспейді емес пе? Біз балаларымызға адалдықты емес, айласын асыруды, еңбекті емес, жеңіл жолмен жетуді, әділдікті емес, таныс-тамырды үйретіп жатқан жоқпыз ба? Егер бала кішкентайынан бәрі ақша арқылы шешіледі деген түсінікпен өссе, ертең ол мемлекетке емес, өз қалтасына қызмет ететін азаматқа айналмай ма?
Одан бала  балабақшаға, мектепке барғанда, кейбір ата-аналар «Балама дұрыс қарасын» дегенді желеу етіп, түрлі сый-сыйапаттар жасайды. Үйде отырған ата-ана ол сыйлықты баласы арқылы беріп жібереді. Яғни, үлкендер өздері баланы жастан жемқорлыққа баулиды. Байқасақ, қазір балаларға мектеп жасынан бастап жемқорлыққа үйретіп жатқан секілдіміз. Балалардың бәрі ақшаға, таныс-тамырға сеніп кеткен. Қарапайым ғана пәндік олемпиада немесе қандай да бір сайыстарға қатысатын болса, ұстазы мен ата анасы әділ қазылар алқасын жағалап, бармақ басты көз қыстының кебін киеді. Содан мәселені өз ойындағыдай шешіп, додаға бара жатқан баласына «уайымдама, бәрін реттеп қойдым» деп шығарып салады.
Ал, мектепті бітіруге аяқ басып, үлкен оқу орнына түсуге дайындалып жатқан жеткіншектер де ҰБТ-дан ақшамен өтемін деп сеніп жүреді. Ата-анасы емтиханда көмек көрсете алатын оқытушы іздеп, алдын ала қалтасын қалыңдатып, баласымен бірге көзбояушылық жасайды. Қызық, мұғалімдерде сыбайластыққа еті үйренген секілді, пара алуға әбден дағдыланып алған. Әрине, бәріне бірдей күйе жаға алмаймыз.
Тіпті, кейбір университеттер мен колледждерде сынақ кітапшасының арасына ақша қыстырмаса жақсы баға қоймайтын оқытушылар бар екен. Мысалы, бес деген баға алу үшін сұрақтарға жауап берумен қатар он мың теңгені ебін тауып беруіңіз керек. Өйтпеген жағдайда көрген күніңіз қараң. Кімнің төмен баға алғысы келеді. Байқасақ, білім саласында  сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықбұзушылықтар соңғы жылдары көбейіп отыр. Мәселен, білім ордаларына қызметке орналасуға ниеттенсеңіз танысыңыз немесе ақшаңыз болмаса, жұмысқа орналасу әсте мүмкін емес. Өзгені емес, өзімізді саралаласақ, біздің өңірде мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрғыңыз келсе қалтаңызда кемінде  2 000 000 миллион қаржыңыз болуы керек. Тіпті, еден жуушы қызметіне де ақы сұрайды. Оны айналамыздан анық аңғарып жүрміз. Дәл осылай жемқорлық қалыпты жағдайға, өмір салтымызға айналып үлгерді.
Сондай-ақ,басы ауырып, балтыры сыздаған жанның бәрі дәрігерге барары. Онда адамдар ауырған жерін қаратуға, еміне шипа табу үшін барады. Ауыра қалсаңыз дәрігерге қаралып шығудың өзі қияметқайым. Бітпейтін құжаттармен жүріп жүйкеңіз шаршайды. Анализ тапсыру үшін кезек, қан қысымыңызды өлшету үшін кезек, тағы бір нәрсе үшін кезек. Әйтеуір бітпейтін кезектер мен құжаттар. Дәрігерге жеткенше жүйкеңіз жұқарып бітеді. Әлбетте, содан көпшілігі таныс іздеп, 5-10 теңгені қыстыра кетеді. Жемқорлыққа баратын тағы бір мамандық иелері – маи қызметкерлері. Олар ақшаны ала таяқтың артында тұрып, жүргізушілерден ананы бір, мынаны бір сылтаулатып алады. Жүргізушілер де оларды жаман үйретіп болған. Тоқтата қалса, мәселенің байыбына бармай, ақша беруді әдетке айналдырған.
Кейінгі кездері бұл қатарға халықтың жанашары болып көрінетін блогерлер де қосылды. Елдің мәселесін көтеріп, шындықты жазған болып арнайы пост салады. Бірақ, өзіне қажетті қаражатты алғаннан кейін, дереу ол посты алып тасайды. Бұл таза сыбайластық қой.
Бірде әлеуметтік желіден танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдың мынадай тұщымды пікірін көзім шалды. «Үкіметіміз ақпараттандыру мен цифрландырудың дамуына жұмсаған қаражатқа әлемнің ең жоғары технологиялы компанияларының тізімінің жартысын құруға болар еді. Америкалықтарда «Тек су қайтқанда ғана кім дамбалсыз жүзгені көрініп қалады» деген жақсы мақал бар. Өкінішке қарай, Білім министрлігі өзінің «Күнделігімен», Денсаулық сақтау министрлігі өзінің үлестес «DamuMedімен», e-gov электронды үкіметі, цифрландыру деп аталатын көпжылдық жобасы құмға сіңген судай ғана болып отыр. Алайда, Беларусь секілді осындай тапсырыстарды жеке IT компанияларға берсе, Қазақстанның IT секторын толығымен зор қарқынмен аяққа тұрғызуға болар еді. Олар осы жұмысты жүз, тіпті, мың есе арзанырақ жасайтындарына сенімдімін» деген сөзі көңілге қонымды ой салды.
Әлбетте, бұл біздің елде ғана емес, әлемнің барлық елдерін алаңдатып отырған өзекті мәселе. Осы ретте, өзге елдердің тәжірбиелене көз жүгіртіп көрейікші. Әлем елдерінің сыбайлас жемқорлық деңгейіне сараптама жүргізетін халықаралық үкіметтік емес ұйым «Transparency International» агенттігінің жүргізген зерттеуінде бірінші орында  Жаңа Зеландия, екінші орындаДания, үшінші орында Норвегия, Финляндия және Швеция, 5 орында Сингапур тұр. Қазақстан бұл рейтингте 180 елдің арасынан 122 орынға түсіпті. Бұған дейін ол 136 орында тұрған еді. Аталмыш ұйымның Қазақстандағы төрағасы Марат Шибұтовтың айтуынша, бұл рейтингтегі  Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің бағалануы дұрыс жүргізілмеген дегенді алға тартуда. Өйткені, еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өздерінің сыбайлас жемқорлық туралы есептерін халықаралық ұйымның жұмыс тілі болып табылатын ағылшын тілінде басып шығармайды екен. Соның салдарынан, біздегі нақты бағасын бағамдай алмаймыз.
Сарапшылардың айтуынша, Қытайдағы жемқорлыққа қарсы күрес шараларының нәтижесінде жыл сайын 45 мың шенеунік пен 20 мың құқық қорғаушы органдардың қызметкерлері бостандығынан айырылады. Америка Құрама Штаттарының жемқорлыққа қарсы күрес тәжірибесін талдап көрсек, бұл елде парамен ұсталған кез келген тұлғаны атақ-даңқына, лауазымына, әлеуметтік жағдайына қарамастан ауыр жаза күтеді. Мысалы, АҚШ тарихындағы ең үлкен қаржылық пирамида – «Nasdaq фонд» биржасын құрған  Бернард Мейдофф инвесторлардың 50 миллиард долларын қымқырғаны үшін екі бірдей өмір бойғы абақты мерзіміне бас бостандығынан айырылды. Ол темір тордың ар жағында 150 жыл өткізуі тиіс. Әлем елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудегі тәжірибесін саралай отырып, осы әдістердің ең тиімді деген тұстарын біздің елімізде де жүзеге асырса біз үшін оңтайлы болар еді.  
Расында, бізді құрдымға кетіретін жемқорлық десек қателеспейміз. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа бағыттаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс» деген болатын. Бұл дегеніміз мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, жалғасын табады деген сөз.
           Бірақ көпшілігі ол заңға пысқырып та қарап жатырған жоқ. «Бармақ басты, көз қысты» әлі де болса бар. Бәрінің көздегені қолдан келсе қоныштан басып қалу. Ынсапты ұмытқандар өз қызметтерін асыра пайдаланып ақшаға кенелуді ғана ойлайды.  Үлкен қызметте отырған лауазым иелері миллиондап, тіпті миллиардтап жеп, шетел асып жатырғандары бар. Оның бәрі мемлекеттің ақшасы. Ал мемлекеттің ақшасы сіз бен біз секілді қарапайым адамдардың төлеген салығынан құралытыны белгілі. Сондықтан да, қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.
          Ұлы даланың ұрпағы ешқашан арамдықты артық көрмеген. Бізге бабалардың әділдігі мен Абайдың даналығына қайта оралу қажет. Сонда ғана біз ұрпағымызға жемқорлық жайлаған қоғам емес, ар-ождан салтанат құрған Әділетті Қазақстанды аманат ете аламыз. Себебі жемқорлық – індет. Ал онымен күресу – заң алдындағы ғана емес, ар алдындағы қасиетті міндет.
            
Әсел Рзаева
07 мамыр 2026 ж. 4 0