ALATAU CITY: Қазақстанның болашаққа ашқан цифрлық қақпасы

Болашақтың қаласы қандай болуы керек? Көшелерінде көлік кептелісі болмайтын, мемлекеттік қызметтер бір батырмамен қолжетімді, қауіпсіздік жүйесі жасанды интеллект арқылы бақыланатын, ал тұрғындар күнделікті қызметтердің ақысын цифрлық валютамен төлейтін шаһарды көз алдыңызға елестетіңізші. Көпшілік үшін бұл ғылыми- фантастикалық фильмнің көрінісі секілді көрінуі мүмкін. Алайда мұндай мүмкіндік енді Қазақстанда да шындыққа айналғалы тұр. Оның атауы – Alatau City.
Алматы облысында бой көтеріп жатқан жаңа қала бүгінде еліміздегі ең ірі урбанистикалық жобалардың біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бұл бастама тек жаңа әкімшілік аумақ құру емес, елдің экономикалық және технологиялық дамуының жаңа моделін қалыптастыруды көздейді.
Соңғы жылдары әлем елдері «ақылды қала» тұжырымдамасына ерекше мән бере бастады. Себебі урбанизация қарқыны күшейіп, халықтың басым бөлігі қалаларда өмір сүріп жатқан шақта көлік кептелісі, экологиялық мәселелер, энергия тапшылығы және инфрақұрылымдық жүктемелер күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды. Мұндай түйткілдерді шешудің тиімді жолы ретінде
Smart City жүйесі ұсынылды.
Осыған орай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Alatau City-ді Орталық Азиядағы толық цифрландырылған алғашқы қала ретінде дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Мұнда Smart City технологияларын енгізуден бастап, цифрлық қаржы құралдарын пайдалануға дейінгі инновациялық шешімдер жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде еліміздің жаңа технологиялық дәуірге қадам басқанын көреміз.
Қазірдің өзінде Alatau City жобасына халықаралық инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Ресми мәліметтерге сәйкес, қалаға 2 триллион теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. Сонымен қатар 53 инвестициялық жоба іске асырылып, 51 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қаланың дамуы кездейсоқ жоспарлармен емес, ұзақмерзімді стратегия негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте әлемдегі ең табысты урбанистикалық жобалардың бірі саналатын Сингапур тәжірибесі үлгі ретінде алынған. Соған сәйкес қаланың бас жоспары мен негізгі даму құжаттары 30 жылға дейінгі мерзімге қабылданбақ. Ең бастысы – маңызды шешімдер жиі өзгертілмейді.
Бұл инвесторлар үшін тұрақтылық пен сенімділік береді. Ал арнайы әкімшілік және экономикалық аймақтарды дамытудағы әлемдік тәжірибе зерттеліп, Қазақстан жағдайына бейімделген модель ұсынылған. Бұл жерде басты мақсат – жай ғана жаңа қала салу емес, экономиканы, технологияны, инновацияны және адами капиталды біріктіретін жаңа экожүйе қалыптастыру.
СЫР ӨҢІРІНДЕГІ СЕРПІЛІС
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев осы салаға қатысты жауапты мамандарға бірнеше тапсырма жүктеді. Туристік аймақтарда төтенше жағдайдың алдын алу үшін құтқару топтары мен алғашқы медициналық көмек көрсету пунктерінің жұмысын ұйымдастыруды тапсырды. Демалыс орындарын қауіпсіздік нұсқаулықтарымен қамтамасыз ету, санитарлық талаптардың сақталуын қатаң
бақылау, туристік аймақтарды байланыс арналарымен қамту жөнінде ұсыныстар әзірлеу керек. Сондай-ақ, Сыр өңіріне арнайы келген танымал тревел-блогер Дастан Мұхамедрахымды қабылдады.
Кездесуде аймақ басшысы өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, тарихи-мәдени мұраларды әлемге таныстырудың маңызынатап өтті.
– Ең алдымен, тарихы терең, бірлігі бекем Сыр өңіріне қош келдіңіз! Қызылорда облысы – ежелгі өркениеттердің ізі сақталған киелі мекен. Сыр бойындағы көне қалалар, тарихи ескерткіштер мен мәдени мұра нысандары Ұлы Жібек жолының мыңжылдық тарихынан сыр шертеді. Сонымен қатар, біздің өңір табиғи ерекшеліктерімен де саяхатшылар үшін ерекше тартымды екені белгілі.
Бүгінде еліміздің туристік картасына «Байқоңыр» ғарыш айлағы, «Сығанақ» қалашығы және «Geopark Aral» жобасы енгізілген. Ал өңірлік деңгейдегі туристік нысандар қатарына «Ханқожа» көлі, Қорқыт ата мемориалдық кешені, «Қамыстыбас» көлінің курорттық аймағы, Жаңақорғанның балшық курорттары, «Сауысқандық» шатқалындағы петроглифтер, «Жанкент» қалашығы, «Ақтас» мешіті, Хорасан ата, Оқшы ата және Марал ишан кесенелері кіреді. Осы тарихи орындарға ерекше қызығушылық танытып, әлем назарына ұсынғаныңыз үшін Сізге ерекше алғысымды білдіремін! – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Еске салсақ, жақында әлемге танымал тревел-блогерлер Қызылорда қаласына арнайы келіп, қайта жаңғыртылған
Президент саябағын аралаған болатын. Сондай-ақ, Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешенімен танысып, «Байқоңыр» ғарыш айлағында түсірілім жүргізді.
Айта кетейік, бүгінде өңір туризмін дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Өткен жылы облысқа 212,3 мың турист келген, оның 199,8 мыңы – ішкі турист, 12,5 мыңы – сыртқы турист. Салаға 54,4 млрд теңге инвестиция тартылған.
АУДАНДАҒЫ АХУАЛ
Жаңақорған ауданы ең бірінші экотуризм аймағына негізделген. Оның басты себебі – қарт Қаратаудың сұлу табиғаты. Төменарықтан бастап Бесарыққа дейінгі тау аймағындағы әдемі көріністер мен демалыс орындары туристерге жақсы көңіл-күй сыйлайды. Әсіресе, Жаңақорғанның Швейцариясы аталып кеткен Жаманбай батыр ауылдық округінің кескін-келбеті көз тартады. Ауылдың ауа райы мен таудың тамаша табиғаты туристерді өзіне еріксіз баурайды. Тек инфрақұрылым мәселесі мен инвестиция тарту ісі қолға алынса болғаны. Қаратаудың қойнауы тұнған тарих. Әсіресе, «Қатынқамал», «Таңбалы тасты» ерекше айтуға болады. Бұл тарихи орындар туралы ел аузында сақталған аңыздың түп-төркіні кешегі жаугершілік замандағы оқиғалардан өрбиді. Оны түгелдей жазушы Адырбек Сопыбеков ағамыз «Жаңақорған» тарихнамасында толық келтірген. Біздің өңірімізде жатқан
Хорасан ата, Төлегетай-Қылышты, Қылауыз ата кесенесі мен Ақтас мешітінің тарихи мәні тереңде. Осы ізбен туристік маршрут жасақтау мол табыс әкелер еді. «Жаңақорған шипажайында» демалушылардың сенбі, жексенбі күндері Түркістанға емес, осы орындарға бет түзеуіне мүмкіндік қарастырылуы керек.
Жалпы туризмге қатысты шешімін таппай отырған мәселелер біздің ауданда аз емес. Бұл жайында аудандық спорт және туризм бөлімнің әдіскері Сүндетбек Ахметов нақты жауап берді.
– Ауданда белгіленген туристік маршруттардың бірі Ақүйік ауылдық округінің оңтүстік шығысында 25 шақырым қашықтықта орналасқан «Қатынқамал» үңгірі. 2021 жылы «Қатынқамал» үңгірін туристік орынға айналдыру мақсатында 25 шақырым жол салу жоспарланып,
облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсыныс жолданған болатын. Алайда, бұл
мәселе бүгінгі күнге жейін әлі шешімін тапқан жоқ. Сонымен қатар, Қаратау сілемдеріндегі ежелгі таңбалы тастар,
Бесарық өзенінің шатқалындағы ежелгі адамдардың жазған петроглифтері ерекше қызығушылық тудыруда. «Таңбалы тасқа» Жаманбай батыр ауылдық округінен ары қарай 20 шақырым жол салынып, қолжетімді болып жатса ауданымызда туризмнің дамуына өз үлесін қосары сөзсіз.
Бұл ретте, Жаманбай батыр ауылдық округінің басшылығы сол тау етегінде кәсіптерін жүргізіп жатқан кәсіпкерлердің кәсібін жандандыру мақсатында төменгі пайызбен несие алуларына сүйемелдеу жұмыстарын жүргізсе, – дейді сала
маманы.
Туризмді дамытуға не кедергі? Айналаға зер салып қарасақ, қазір қалтасында қаржысы барлар көбіне шетелге шығып демалғанды дұрыс көреді. Ел көріп, жер көріп, өзгені танығанға не жетсін. Бірақ демалуға тірнектеп жинаған қаражат өзге елдің қазынасын қампайтып жатқанын түсінгіміз келмейді. Отандық туризмнің ұтылатыны осы тұс.
Әлбетте, туризм дамуының бірден-бір жолы – қонақ үй бизнесін дамытып, халықаралық брондау жүйесіне көшу, әрі қонақ үйлерде онлайн төлем жүйесінің (POS-терминалдар) қарастырылғаны жөн емес пе? Әсіресе, халықаралық стандарттарға сай болуы маңызды мәселе. Ұлы Дала өркениетінің орталығы болған Сығанақ шаһарының өзі неге
тұрады?
Жалпы алғанда, Қазақстан туризмнің түрлі бағыттарын қатар дамытуға күш салынып отыр. Әсіресе этно-мәдени, балалар мен жасөспірімдер туризмі, медициналық және сауықтыру туризмі, іскерлік туризм, караванинг және автотуризм бағыттары басымдыққа ие. Бұл шаралардың
барлығы еліміздің табиғи байлығы мен мәдени мұрасын тиімді пайдаланып, Қазақстанды халықаралық деңгейдегі тартымды туристік бағыттардың біріне айналдыруға бағытталған.
Айсұлу АЛДАНАЗАР




