ЖАДЫМЫЗДА ЖАТТАЛҒАН ЕСІМДЕР ҺӘМ ЖАҢАҚОРҒАН ЖАЙСАҢДАРЫ


Туған жерден асқан тұғыр жоқ. Жастық жалынын атамекеннің гүлденуіне, өсіпөркендеуіне арнап, осы жолда өзіне тәрбие мектебі болған аға ұрпақ жөнінде толғамды ойымен бөліскен туған жеріміздің перзенті, 1996-1998 жылдары төл газетіміздің редакторы болған Өлмесхан Мәтенұлының жүрекжарды жазбасын ұсынып отырмыз
– Біздің жастық шағымыз жалынды комсомолдың тыныс-тіршілігімен сабақтаса өріліп, бұлжымайтын тәртіп пен талаптан тұратын жалпыға ортақ ұстанымды ұлықтаған табиғатымен тәнті еткені рас. Жас буын бойында мемлекетшілдік мінездің биік сапасын қалыптастыруда да бұл тәрбиенің маңызы айрықша болды.
Жалпы «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ» дейді ғой. Әрине, жас толқын тәрбиені айналадан алады. Өз басымнан мысал келтірер болсам, КазГУдің журналистика факультетін бітіріп келген соң еңбек жолымды аудандық комсомол комитетінде бастадым. Аудандық партия комитетінің мәдени үгіт бригадасы, оның құрамында Манап Көкенов, Әмір Мажитов, Есіркеп Қоңқабаев, Бексұлтан Байкенжеевтермен бірге Қарасүйірдің шыңына жетіп, шопандар қоныс еткен жайлау төрінде ертегідегідей өткен жаймашуақ естеліктер көңілімде мәңгі сақталған. Сылдыраған бұлақтың басында ат шалдырған мәдени үгіт бригадасы құрамы аяқ жетер жерден жиналған қойшы-қолаңның басын жинап кино көрсетуге тиіс. Лекторлардың баяндамасы тыңдалып еңбекші қауымды жер-жаһан жаңалықтарынан хабарлар етеді. Газет-журнал таратамыз. Осындай жұмыстардың қабатында қазақтың дәстүрі де ұмыт қалмай, қойшының баласы бата сұрап, қой сойылып, сапарымыздың жалғасы дастарқан басындағы өнердің өз өкілдерінің шырайлы кешіне айналып кете барар еді.
Бүгінде ол кісілердің бірі де жоқ. Бірақ олардың бойындағы бекзат қасиеттерінің ұшқыны бүгінгі ұрпақтың ұлағатынан танылып тұрса дейсің. Кейде аңсайсың сол кез адамдарын. Менің осы жандардың бойындағы ешқандай есепке құрылмаған, тап-таза өмірлік ұстанымдарынан арна тартқан қадір-қасиеттерін тізбелеп жазып отырғандағы мақсатым – осы кемел қасиеттерден келешек буын үлгі алып, азғантай да болса ой түйсе деген тілек еді. Елге жиі келіп тұрамын ғой. Бірде Қыраш ауылының тұрғыны, жастайынан шаруашылықтың малын бағып, озат шопан атанған еңбек адамымен шүйіркелесіп қалдым. Сонда ол мына бір естелікті айтып беріп еді. «Қойшы қауымы төрт түлікті алдыға сап, көктем туа тауға қарай көшетін әдетіміз бар ғой. Бірде сол дағдымызбен көшіп бара жатқанымызда малдың алды «Политотделдің» тұсында жайқалып тұрған жоңышқаға түсіп кеткенін байқадым. Жапырлаған төлдің басын қайырып үлгермедім, анадайдан атпен шауып келе жатқан егістік иесінің қарасын байқадым. «Енді не айтамын, мына қойдың он басын берсем құтылам ба, бәле салса қиын-ау, жиырмасын берем бе, оған көнбесе отызын беруге тура келер» деп ойым он саққа жүгірді. Не де болса дегеніне мақұл деймін де, кінәлімін деп жаным мұрын ұшына тақалды. Әлгі кісі тамағын жырта айқайлап: «Жылдам айда, мына жоңышқа жас кезінде у болады, тоқтатпай жүгіртіп, ішін тазаламаса іші түйнеп қырылады» деп келеді екен. Содан барынша қимылдап, малды алдыға сап қуып кеттік. «Шөбіме малың түсті. Егістің шығынын төле» деген бір ауыз сөз айтылмады. Қайта жанашырлық пиғылмен малды өзі де қоса айдасып, көмегін берді» деді де, бұл кісінің егесі Машбек қария екенін айтты. Осы әңгімеден соң кешегінің адамдарының кең жүректі пейілділігін көңілге түйіп, одан сайын құрметім артқанын жасырмаймын.
Біздің ауданда ертеректе өзге ұлттың өкілдері көптеп мекендеді. Олардың ішінде мекеме басқарғандар да аз емес. Олардың қатарында кентті басқарған кәріс азаматы Володя Пактың қазаққа сіңісіп кеткені сонша, өзі айтпаса ұлтының кім екенін ажыратып жатпас едік. Сол сияқты аудандық автобазаны 25 жыл басқарған Ивилов деген еврей азаматының «Жаңақорғанды тек хандар басқарады» деген сөзі елдің аузында қалды. Бұлай деуінің себебі, сол кезде іс басында жүрген азаматтарымыздың бәрінің есімінде хан тіркесі бар екен. Банктің бастығы Мамахан Сапарбаев, автобаза бастығы Төрехан Білалов, астық қоймасының басшысы Батырхан Сейтов, аудандық қаржы бөлімінің басшысы Бекмахан Дүйсенбаев, шевзаводтың директоры Ермахан Әйтпенбетов, жол мекемесі басшысы Асылхан Ысқақов, тағы бірнеше есімдерді тізбелей беруге болады. Бұл кісілердің аудандағы ірі мекемелердің тізгінін ұстауы өз алдына, бүтін елге ықпалы зор, бірауыз сөзбен ағайын арасындағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып, әділ кесім, кісілік келбеттерімен ынтымақтың арқауына сеп бола білгеніне көзін көргендердің көбі куә.
Жаңақорғанның шипалы кен орны «Теріскен» көлінің тұзды батпағы ғасырлық тарихы бар санаторияның тыныс-тіршілігіне тірек болып отыр. Осы курортты аймақты қоныстанған «Жаңауыл» елдімекенінің тұрғындарына көп жылдар абыройлы ақсақал, соғыс ардагері Бидаш Ысқақовтың бас ие болып, көппен кеңесе отырып күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатуда атқарған еңбегін халық біледі. Нақ осындай абырой мен беделге ие Мамырайымов Қыдырбай ақсақал теміржол бойы көшесі тұрғындарының хал-ахуалын тікелей назарында ұстап отырды. Ата-бабамыздан келе жатқан әдет – ауыл-аймақ болып ақсақалына жүгініп, айтқанын екі етпей орындау, түптеп келгенде тәртіптен аспау, ортақ ережеге бағыну сынды қағидаларды қалыптастырды.
Кезінде Жаңақорғанның Рокоссовскиі атанған майдангер Мадиев Үрзімат, бүгінде Халық қаһарманы атағына ұсынылып отырған, мініп барған танкі Берлиннің тағзым алаңында көрмеде тұрған Айтмахан Нақипов, Подстам конференциясына қатысқан Сапабек Мұсылманқұлов ағаларымыздың бейбіт күндегі бедел биігі, қарапайым мінез-қалыбы, тіпті жүріс-тұрысының өзімен-ақ адалдық пен тазалықтың не екенін ұқтырып кеткен өнегелері көз алдымызда сайрап тұр. Мен осы топқа аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы болған Зұлпыхар Мұсахановты, соғыс ардагерлері, автобазаны басқарған Ергеш Сабырхановты, аудан шаруашылықтарын басқарып, озат атандырған төраға, өзі майдангер Тілеу Тотаевты да қосар едім. Алпыс жыл ұстаз болған, қазірде туған ауылы Сүттіқұдықта көзі тірі отырған, жас ұрпаққа айтары мол 100 жастағы Арқабай Нұржанов ағамызға облыс орталығында билборд қойылыпты.
Кешегі күнге тағзым етуді мақсат еткен мақаламда Жаңақорғанның тарихында тұлғалық қолтаңбасын қалдырған әйел-аналар туралы да айтпасам арға сын болар еді. Бұл аналардың көшін бастаған Үміт Мұратбайқызы еді. Бес баласын бірдей соғысқа аттандырып, біреуі де тірі оралмаған Батыр анаға орталық алаңнан ескерткіш тұрғызылды. Қан майданда қан кешкен, «Наитингейл Флоренс» төсбелгісінің иегері Рәзия Ысқақованың есімін Германияның музейінде кездестіргені жөнінде жерлестеріміз айтып келді. Бейбіт кезеңдегі ауданның тыныс-тіршілігін тіктеп, әлеуметтік-эномикалық жағдайын алға апаруда қажырлы қызмет атқарған әйел-аналар қатарында Фатима Тілеубаева, Жамила Омарова, Мавжуда Бегалиева, Хадиша Баязитова, Аманкүл Болтаева, Жақсыгүл Бегманова сынды аналардың есімін айрықша атау орынды дер едім. Бұл кісілердің қатарында ерлермен бірдей етігімен су кешіп, шаруашылықты басқарған, кеңес және атқарушы орган қызметінде тер төгіп, қаранар қайратымен халық қалаулысы атанған қаракөздер білім, мәдениет, халықты әлеуметтік қорғау саласында абыройлы қызмет атқарды. Ол кездері комсомолдық жолдамамен егіс даласына жәрдемге баратын дәстүр бар.
Осы қатарда жүріп, еңбектің екпіндісі атанған Әзия Қыстаубаева, Гүлшат Мұсаевалардың есімі көпке танылды. Әзия Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды. Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Менің балалық шағым 27 бекет саналатын Бөріойнақ елді мекенінде өтті. Әкемнің Құдайдан тілеп жүріп қолда ұстап қалған перзенті екенмін. Менен бұрын туған сәбилері қызылшадан кетіп қамығып жүрген ата-анама көрші тұратын Әсет мағзым дем беріп, «Қамықпаңдар, дүниеге ұл бала келеді екен, есімін Өлмесхан деп қойыңдар» деген аманатымен өзім ұнатпайтын, талай қыздардың алдында қызартқан есімге ие болып шыға келіппін. Бастауышты ауылдағы мектепте оқыдым. Ержанов Ыбырахым ұстазымыз әліппені жаттатты. Осында төрт жыл оқып, жоғары сыныпты аудан орталығындағы №51 мектепте жалғастырдым. Мектеп директоры Анарбек Төкеев деген кісі еді. Қазығы тереңде жатқан ыстық ұямыздың ұстаздарына мың алғыс. Осы білім ордасынан түлеп ұшып, еліміздің түкпір-түкпіріне қанат қағып ұшқан білімгерлер қай жерде жүрсе де мектептің жақсы атын шығарды. «Сендерді кім оқытып еді? Қандай мектепте оқыдыңдар? Ұстаздарыңа рахмет» деген ризашылық алғыстарға кенелді. Төменарық ауылдық кеңесінің председателі Ахметжан Байниязов тұлғасы бөлек кісі еді.
Сондай-ақ аудандық су шаруашылығы мекемесінің бастығы Құлжабек Айменовтың ауыл шаруашылығы саласының майталманы Зұлпыхар Мұсахановтың дарияның сол жағалауындағы Түгіскен массивін игеруде қолтаңбасы айрықша.
Осы кездері Жаңақорған теміржолы станциясын Ергешбай Рүстемов деген кісі басқарды. Ата-бабасынан келе жатқан кәсібі – теміржол саласының майталманы болды. Одан әрі теміржол станциясын Әжімұрат Айтжанов басқарды. Өзім де теміржолшының баласымын. Ерсілі-қарсылы пойыздар өтіп жататын теміржол бекеті өркениетке көп жақын. Мүмкін, сондықтан болар, шағын разъездің балалары тым қиялшыл, арманшылмыз. Анау көз алдымызда өтіп жатқан қызыл-жасыл пойыздардың талаптының аяғын таңдаған мақсатына жеткізе алатынына бала кезден жүректе үміт гүл жарды. Әлі есімде, мен онда көп болса бесіншіні бітіргенмін. Менен екі жас үлкен апам Бибігүл жетіншіні бітірген. Әкеміздің тапсырмасымен қолдағы арық-тұрық малға шөп орып жатырмыз. Бибігүлдің қолында кетпен, ал оның шапқан шөбін мен дестелеймін. Бел жазбай қимылдаймыз. Тек пойыз өткенде соның қарасы үзілгенше қарап тұрып Бибігүлдің айтатын сөзі санамда сақталып қалды. «Оқу керек. Оқысаң ана пойызбен алысқа барасың. Оқымасаң осылай өмір бойы жантақ шауып жүресің». Осы арман бізді Алматыға алып келді. Бибігүл баяғы етінің тірілігімен қаншама жандарға қамқор болды. Би-апа атанды. Бұдан түйгенім, бәрі де жас кезден алдыға дұрыс мақсат қойып, соған ұмтыла білуден арна тартады екен. Өзен де өз арнасымен ағады. Еске алған осы кісілердің көбі өмірден өтіп кетті. Шүкір, артында ұрпақтары қалды. Сол кісілердің мейірбандық жүрегіндегі айнала қоғамға деген қалтқысыз махаббаты келешектің бойында бүр жаруы тиіс.




