Мемлекеттік мекемелер электронды өмірде белсенді ме?
XXI – ақпараттық ғасырда шынайы өмірмен қатар, виртуалды өмір қатар жүруде. Бұл дегеніміз интернет әлемінде кім немесе қандай құрылым белсенді, олар шынайы өмірде де белсенді деп табылады. Біз осы тұрғыда бағалауға тырыстық.
Біз алдымен Жаңақорған аудан әкімдігініңсайты – «kyzylorda-zhanakorgan?lang=kk»– жұмысы қаншалықты ыңғайлы соны байқап қалдық. Бізге ең керектісі сала басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің аты-жөні мен байланыс телефоны. Біз кәсіби маман ретінде тез таптып, ал қарапайым халық іздегенін оңай таба ала ма? Бұл жөнінде, аудандық аудан әкімдігінің цифрлық-технологияларды дамыту және мемлекеттік көрсету қызметтерінің мониторинг бөлімінің басшысы Элмира Жалғасқызынан сұрап білдік.
– Жаңақорған ауданы әкімдігінің ресми интернет ресурсы жергілікті жердің, атқарушы органның іс-шараларын ақпараттандыру құралы болып табылады. Әкімдіктің ресми интернет ресурсында аудан әкімдігінің құрылымы, аудан әкімі, аудан әкіміорынбасарлары, аудан әкімі аппаратыныңбасшысыжәне дербес бөлімдер мен кент, ауылдық округі бойынша ақпараттар және азаматтарды қабылдау кестесі орналастырылған. Сайтта жер қатынастары, ішкі саясат, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, ауылшаруашылық, өнеркәсіп және туризм, спорт, жастар, мәдениет, білім, денсаулық сақтау, құрылыс, ТКШ, дін, сайлау бағыттары бойынша жасалған. Сонымен қатар, негізгі құжаттар – ереже, жоспарлар, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, сыбайлас жемқорлықпен күрес, халықпен жұмыс, мемлекеттік қызмет, әкімнің есебі, кадрлық мәселені қамтамасыз ету, табысталған жер учаскелері, мемлекеттік сатып алулар, қоғамдық тыңдаулар, БЖЗҚ. Ал, салалық құжаттар – НҚА, мемлекеттік қызметтер, мемлекеттік бағдарламалар, жер телімі және үй кезегін көру болса, бюджет бөлімінде – бюджеттің атқарылуы туралы есептер, бюджеттік бағдарламалар, азаматтық бюджет, іске асырылып жатқан жобалар негізінде атқарылып жатқан жұмыстар алдағы міндеттер туралы ақпарат тоқсан сайын жаңартылып, назарларыңызға ашық және жариялы түрде ұсынылады, – дейді сала маманы.
Шындығын айту керек, бізде ауданымызда үйде отырып-ақ мағлұмат алу қиындау. Өйткені, аудан әкімдігі мен аудандық сотының сайтынан бөлек, бірде-бір мекеменің сайты жоқ екен. Кейінгі кездері цифрландыру – жаһандық үрдіс деп жиі айтылып та, жазылып та жүр. Бұл үрдістен бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды ойлаған мемемелердің ешбірі бас тартпайтыны белгілі. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын өзге шаһардан қаражат алу керек болса, банкомат карточкасы арқылы, не болмаса жолаушылар мен жолсерік арқылы алатын едік. Банкоматтан ақша шешсеңіз міндетті түрде ұстайды. Ал қазір бәрі басқаша. Қытайда қолма-қол емес төлем, электрондық коммерция мен қаржы қызметтерін дамытып отырған технологиялық гиганттар Alibaba мен Tencent-ті айтуға болады. Қазіргі кезде Қазақстанда әлемдік деңгейдегі инновациялар жасала бастады. Отандық Kaspi.kz компаниясы қазақстандықтардың күнделікті өміріне қолма-қол емес төлем мен электронды коммерцияның өсуіне ықпал ететін ерекше қызметтерді енгізді. Соның бірі – Kaspi Gold картасы. Бұл картаны 5 млн-нан астам қазақстандық қолданады. Жылдам аударым, комиссиясыз төлем, қолма-қол емес сатып алу және тиімді бонустары арқылы танымдылыққа ие болуда. Қазір Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер онлайн қызмет ету түрлерін ұсынуда. Әсіресе карантин кезінде мұның қажеттілігін сезінді. Яғни банктер онлайн кредитті рәсімдеу, депозит ашу, коммуналдық төлемдерді төлеу, қаржы аудару және т.б іске асыратын мобильді қосымшасын ұсынуда. Бұл – банк саласында цифрландырудың қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді. Осы орайда, кент тұрғындарынан «электронды қызметті қаншалықты кәдеңізге асырып жатсыз?», деп сауал тастаған едік. Қоғам пікірі екіге жарылды. Мәселен, жасы қырыққа таяған Алмагүл Есіркепованың сөзінше, біздің аудан цифрландыру дегенді білмейді деседі.
– Президенттің өзі цирфландыруды қолға алып, жергілікті мекемелерге қатаң тапсырма да берді. Өзім үйде отырған анамын. Өзіме қажетті заттарды Түркиядан, Қытайдан тапсырыс беріп, ақша аударымдарын әп-сәтте жүргізіп қоямын. Алайда, затымның келген, келмегендігін білу үшін почтаға жүз барамын. Неге үлкен қаладағыдай почтаның арнайы сайты жоқ. Егер почтаның сайты болса, затымыздың келген келмегенін көріп отырар едік, – дейді көпбалалы ана.
Жөн-ақ, барлығы электронды қызметке көшіп жатқан уақытта, халыққа қажетті мекемелер де цифрландыруды қолға алса дейміз. Тағы бір тұрғын Оңдасын Әзімовтың өз уәжі бар.
– Менің жер кезегіне тұрғаныма бес жыл болды. Екі айда бір рет кезегімді көріп, жылжыған-жылжымағынын біліп тұрамын. Алматы қаласында тұратын балам да жер кезегіне тіркеліп қойған. Бірақ, ол ұялы телефоннан жер бөлімінің сайтына кіреді де, өз кезегін бақылап отырады. Мен болсам, арнайы жер бөліміне барып, тиісті мамандарды күтіп, өз кезегім келгенде ғана керекті мағлұматтарды аламын. Қазір бәрі қолжетімді ғой. Сол себептен де, осындай қарапайым дүниелерге де мән берсе деймін, – дейді елуді еңсерген ағамыз.
Ал, Келінтөбе ауылының тұрғыны Тоғжан Қанатова болса, үш баласын ата-енесіне тастап, аудан орталығына зейнетақы қорындағы қаражатының мөлшерін білу үшін арнайы келіпті.
– Он жылдан бері балабақшада жұмыс жасаймын. Жылына бір рет зейнетақы қорында жинақталған ақшамды біліп қайту үшін кезек күтіп, 1-2 сағатта жұмысымды әрең бітіремін. Егер осы зейнетақы жүйесін көпшілікке қолжетімді етіп, ұялы телефон арқылы қосымша енгізіп қойса, біз өз қорымызды бақылап отырар едік, – ұсынысын жеткізді.
Байқап қарасақ, соңғы кездері білім саласындағы цифрландыру қызметтер қолжетімділігін арттырды. Ақпараттық жүйе, білім беру порталдары құрылып, мобильді қосымшалар дайындалып, робототехника кабинеттері ашылды. Оқу-тәрбие жүйесін автоматтандыруға негізделген «Күнделік» электронды журналы енгізілгелі білім сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Бұрынғыдай мектеп пен ата-ана сынып журналы, үлгерім табелі және қағаз күнделіктер сатып алуға қаржы шығындамайды. Ал мұғалімдер сабақ өтіп кеткесін баға қойып, не қайта жөндей алмайды. «Bilimland» цифрлы білім беру порталы мұғалімдерді тегін дидактикалық материал, ресурстармен қамтамасыз етсе, интернеті жоқ ауылдарға қолайлы «Bilimbook» ноутбугінде әр пәнге қатысты деректер мен аудио, бейнефайлдар топтастырылған. Мұнан өзге «Е-әдіскер» мобильді қосымшасы енгізіліп, «Үoutube» каналында ұстаздардың үздік бейнесабақтары топтастырылған. Сондай-ақ, университеттер бірнеше жылдан бері «Plotonus» ақпараттық жүйесін пайдаланса, енді аймақтағы кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына да бұл жүйе қолжетімді.
Байқағанымыздай, білім саласында цифрландыру үдерісі қарқын алған. Ал денсаулық сақтау саласында биылғы басты жаңалық «DamuMed» медициналық ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасының енгізілуі болды. Дәрігерге қабылдау талоны үшін емханаға бірнеше рет баратын пациенттер енді қабылдауға үйде отырып-ақ жазылады. Тіпті маманды үйге шақырып, емханаға жазылғаны туралы хабарлама алады. «Дабыл түймесі» арқылы Жедел жәрдем қызметіне жүгініп, тапсырылған зерттеулер нәтижесімен «зертханалық зерттеулер» модулі арқылы танысса болады. Аталған саладағы цифрландыру жұмыстары бірнеше жыл бұрын қолға алынған. Осыған дейін тәуліктік стационарларда «Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілсе, 2016 жылы облыстық жедел-жәрдем стансасына «Көмек» жүйесі енгізілген. Ал бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарына өткен жылдан бастап «Кешенді медициналық ақпараттық жүйесі» енгізілді. Қазір облыстағы медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйемен қамтылуы 100 пайызға жетті дейді жауапты мамандар.
Сонымен қатар, әлеуметтік желіні қоғам айнасы деп айтсақ та болады. Байқасаңыздар, елде қандай жағдай орын алса да, әлеуметтік желілерде сол туралы талқылаулар, пікір-таластар басталады. Ол пікір-таластар елге тарайды, үкіметке қатысы бар болса үкіметке де жетеді. Қоғамда кәдімгідей резонанс тудыратын шамасы бар. Қазір елімізде фейсбук желісінің дәурені жүріп-ақ тұр. Жүрмей қайтсін, тілегеніміз алдымыздан сұрамай-ақ табылған жоба болды бұл. Әркімге қолжетімді, ыңғайлы. Бастысы үнемі жаныңда жүретін телефонға байланған. Қажетіне жарар бұндай дүниелерден кім қашсын? Біздің аудан тұрғындарының арасында да осы фейсбук желісі өте маңызды. Барлық мекеме, жеке тұрғындар, сауда-саттық орындары бір-бірімен осы парақша арқылы тығыз байланыста. Әсіресе, «Facebook»-те бір пост жазып, қыруар қаражат қармап қалатындардың саны күн санап артып келеді. Әйтеуір, арнайы сайты жоқ мекемелердің фейсбук паракшалары бар. Басым көпшілігі белсенді, атқарған жұмыстарын, өткізген іс шараларын осы жерде жариялап, көпшілікке ұсынып жатады. Соның бірқатарына шолу жасап, парақшаларына көз жүгіртіп көрдім. Ауданымыздағы 26 ауылдық округтің фейсбук парақшасы бар, барлығы дерлікара-тұра бас сұғатыны көрініп тұр. Сөзім дәйекті болу үшін, әр ауылдың фейсбук парақшасын асықпай қарап шықтым. Көпшілігінің айына 1-2 ақпаратпен толықтырып отыратынына көзім жетті. Оның өзі белгіленген жоспарды орындау ғана секілді. Кенттің өзіндегі мекемелердің де фейсбук парақшалары көп жаңармайтыны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Барлық мекемелердің ішінде Жаңақорған «мәдениеті мен өнері», «Жаңақорған аудан әкімдігі», «Жаңақорған ішкі саясат» бөлімі, «Жаңарған жаңақорған жастары» және аудандық, ауылдық округ кітапхана парақшалары ғана өте белсенді екен. Шынымды айтсам, көріп көңілім толды. Аталған парақшадан тіршілік нышанын байқағандай болдым. Тіпті, бір-бірінен асып түседі деуге болады.
Біз ақпараттық технологияның дамуымен, мемлекеттік қызметтерді одан әрі цифрландыра отырып, халық толықтай цифрлық экономикаға көшкен кезде, экономика, құжат айналымында, денсаулық саласында, білім беру инфрақұрылымында жаңа қажеттіліктерге бейімделіп, алдағы уақытта ұялы телефон арқылы мемлекеттік қызметтерді және тауарларды уақытылы, ыңғайлы, тиімді ала алатын боламыз.
Әсел РЗАЕВА




