Интернетім-ай!
Интернеттің мүмкіндігі шексіз. Интернет арқылы банктік және әлеуметтік және т.б қызмет түрлерін алу, туристік сапарлар үшін билет алып, қонақ үйді брондауға мүмкіндік мол, сервистік қызмет көрсетудің бірегей платформасына айналды. Бәрінен бұрын, бизнесті дамытудың ұтымды тетігіне айналды. Бірақ осы шексіз мүмкіндікті пайдаланып отырмыз ба?
Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Шалғай ауылдардан бөлек, Жаңақорған кентіндегі: Ипподром, МАИ бекеті, Саяжай аумағында интернет жылдамдығы төмен. Бұған не кедергі?
– «Транстелеком» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ жылдамдықты талшықты оптика байланыс желісін тұрғын үйлерге тартумен айналысуда. Бүгінгі күні тұрғындардың өтініші бойынша «Транстелеком» 23 үйге, «Қазақтелеком» 1881 үйге интернет желісін орнатты, әлі де шешілмеген мәселелер бар олармен жұмыс істеп жатырмыз, – дейді аудан әкімдігінің цифрлық-технологияларды дамыту және мемлекеттік көрсету қызметтерінің мониторинг бөлімінің басшысы Элмира Жалғасқызы.
Шалғай ауылдардың да жайын білмек болып қойған сауалымызға:
– Екпінді округінде антенна орнату жұмысы жүргізілуде. Шалқия, Талап ауылында билайн операторы 3G-ден 4G-ге ауыстырды. Бұл округтерде де талшықты оптика жүйесі тартылып жатыр, – деді жауапты маман.
Жаңақорған кентіндегі МАИ бекетінің 96 үйіне, Ипподромның 48 үйіне интернет желісі жеткізілді. Саяжайда интернет желісін орнату жұмысы жүргізілуде. Бұл мәселелер қазан айына дейін өз шешімін табады дейді жауапты орындар.
Осы турасында тұрғындарды сөйлетіп көрген едік:
– МАИ бекетіне маусым айында көшіп келген болатынмын. Интернет желісі бізде төмен. Тамыз айында wi-fi желісін құруға ұсыныс тастаған болатынмын. Әлі келген жоқ! Өзім №51 мектепте мұғаліммін. Интернет күнделікті сабаққа дайындалуға аса қажет. Осыған байланысты жұмысымызды интернет желісі жақсы ұстайтын орталыққа барып істеуге мәжбүрміз, – деді Әдемі Әуелбекова.
Бұл МАИ бекетіне тән ғана емес, Саяжайдың тұрғындары да интернеттен қиналып отыр. Ақпараттық ғасырда ақпарат ағыны интернет арқылы тарауда. Әсіресе әлеуметтік желі басымдыққа ие. Әрине, өз шаңырағында отырып, жұмысын бітіргенге не жетсің?!
– Саяжай аумағында да интернет мәселесі өте өзекті. Тым құрығанда, Activ, Теле2 операторының байланысын орнатып берсе ғой! – дейді Бағила Сейтмұратова.
Дәл осындай ойды Ипподром аумағының тұрғыны Досбол Ахметбек растап:
– Бізде интернет тұрмақ, ұялы телефонмен байланысқа шығудың өзі қиын. Онлайн сабақ кезінде қиналдық. Балалар сабағын интернет жақсы ұстайтын орталықтағы ағайынның үйіне жіберуге тура келді, – деді.
МАИ бекетінде тұрғындар көбіне Activ операторының қызметіне жүгінсе, Саяжайда Beeline қол жетімді. Алайда бұл байланыс операторларының қызметіне де көңіл тола бермейді.
Интернет пен байланыстың нашарлығын айтқан тұрғындар, мәселенің жақын арада шешілуін күтеді.
Әрине, аудан орталығындағы жағдайдан кейін елді мекендерге тоқталудың өзі артық екенін түсіндік.
Рауза ӘЗІЛХАН