ӨНЕРЛІ ШӘКІРТТЕР – ӨРІСТІ ҮМІТТЕРІМІЗ

Кеш шымылдығы классикалық бимен ашылып, көрерменді бірден әсемдік әлеміне жетеледі. Сахна сәнін келтірген жас бишілердің нәзік қимылы мен үйлесімді қозғалысы өнердің шексіз мүмкіндігін айқындап, кештің мән-маңызын арттыра түсті.
Кеш шымылдығын ашқан аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов:
– Өнер – ұлттың жаны, рухани тірегі. Ал сол өнерді жалғаушы – сіздер, бүгінгі жас дарындар. Сахнада өнер көрсетіп тұрған әрбір бала – ертең елдің мәдениетін өркендететін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тұлға.
Сондықтан сіздердің әр қадамдарыңыз, әр жетістіктеріңіз – біз үшін үлкен мақтаныш. Әлшекей атындағы өнер мектебі – жыл сайын талай
талантқа сахнаға жол ашып келеді. Жас өнерпаздарға шығармашылық табыс, шабыт пен биік жетістіктер серік
болсын, – деп ізгі тілегін білдірді. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Нариман Үсенов өнер мен білімнің егіз ұғым екенін тілге тиек етіп, осындай мәдени іс-шаралардың оқушылардың жан-жақты дамуына қосатын үлесі зор деді. Ол өз сөзінде ұстаздардың
еңбегіне ерекше тоқталып, олардың кәсібилігі мен жанкештілігінің арқасында осындай жоғары деңгейдегі
кеш ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.
Жиын барысында сөз алған ел ағалары да ізгі тілектерін білдіріп, жас өнерпаздардың талантына тәнті болғандарын жасырмады. Олар ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жас буынға ақ батасын беріп, алдағы уақытта да биік белестерден көрінулеріне сенім білдірді.
Өнер мектебінің қорытынды концерті – шәкірттердің бір жыл бойы жинаған тәжірибесі, төккен тері мен талпынысының жемісі. Әрбір өнерпаздың орындауынан өнерге деген сүйіспеншілікті, ұстазға деген құрметті, сахнаға деген жауапкершілік анық сезілді. Кеш барысында
халық әндері мен күйлері, классикалық шығармалар, заманауи би қойылымдары, театрландырылған көріністер
көрерменге ұсынылып, әр жанр өз деңгейінде орындалды.
Әсіресе, қазақтың дәстүрлі әндері – «Әриайдай», «Дүрдараз» секілді туындылар ұлттық бояуды айшықтап, көрерменді өткен мен бүгіннің арасын жалғаған рухани көпірге жетеледі. Домбырашылар ансамблінің орындауындағы «Нәр ағашы» күйі мен Әлшекей күйлерінен
топтама – «Тоқтаған», «Отарба», «Терісқақпай» – ұлттық өнердің терең тамырын тағы бір мәрте танытты.
Әлшекей – тек күйші емес, тұтас бір мектептің, дәстүрдің дәнекеріне айналған тұлға. Оның есімімен аталатын өнер ордасының бүгінгі жетістігі – сол аманаттың лайықты жалғасы екенінің дәлелі. Бұл кеште орындалған әрбір күй, әрбір әуен – бабалар рухына тағзым, өнерге
деген адалдықтың көрінісі болды.
Сонымен қатар «Еркеназ» би ансамблінің қазақ биі, заманауи би қойылымдары, «Аққу» би тобының нәзік әрі әсерлі нөмірлері сахнаға ерекше көрік берді. Классикалық музыка да назардан тыс қалмады. Антонио Вивальдидің «Қыс» шығармасы тыңдарманды терең сезімге бөлеп, өнердің шекара танымайтын құдіретін дәлелдеді.
Кеште тәрбиелік мәні ерекше. «Соткадағы бала» көрінісі қазіргі қоғамдағы өзекті мәселені көтеріп, жас ұрпақты ойлануға жетеледі. Бұл – өнердің тек эстетикалық темес, әлеуметтік рөлін де айқындайтын маңызды туынды болды. Концерттің әр сәті – мазмұн мен мағынаға толы.
«Кербез» жетігеншілер тобы, қобызшылар ансамблі, баяншылар мен вокалдық топтардың өнері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, жас орындаушылардың сахнадағы сенімділігі мен шеберлігі олардың болашақта үлкен өнер иесі боларына сенім ұялатты.
Кешті қорытындылаған «Туған өлке» әні тарихына тоқталайық. Ардагер ұстаз Шәрбану Жиенбаеваның бұл туындысы туған жерге деген шексіз махаббатты, сағыныш пен құрметті айшықтап, көрерменнің жүрегінен жол тапты. Ән орындалу барысында сахнаға барлық қатысушының кезекпен шығуы – бірліктің, сабақтастықтың, ортақ мақсаттың көрінісі іспетті әсер қалдырды.
Бұл концерт – тек есеп беру емес, үлкен өнердің, ұлт рухының мерекесі. Мұнда әр бала – үміт, әр әуен – тарих, әр қадам – болашаққа бастар жол. Өнер мектебінің ұстаздары мен шәкірттері тағы бір мәрте өздерінің шығармашылық әлеуетін дәлелдеп, аудан мәдениетінің
дамуына сүбелі үлес қосып отырғанын көрсетті.
Кештің көркін қыздырып, мазмұнын байыта түскен сәттердің бірінде «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің басшысы Қалдыбек Қошқарбаевпен тілдесудің сәті түсті. Өнер мен ұрпақ тәрбиесін қатар ұштастырып келе жатқан тәжірибелі басшының ой-пікірі кештің мәнін одан әрі тереңдете түскендей әсер қалдырды.
– Біз үшін ең бастысы – баланың бойындағы табиғи дарынды байқап, соны әрі қарай дамыту. Өнер – тәрбие құралы, рухани байлықтың бастауы. Сондықтан біз шәкірттерімізге тек өнер үйретіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды, сахна мәдениетін, жауапкершілікті де қатар сіңіруге тырысамыз, – деді ол.
Қалдыбай Қошқарбаев өнер мектебінің бүгінгі жетістіктері ұстаздардың қажырлы еңбегінің арқасы екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әр педагог – тек маман ғана емес, әр баланың жүрегіне жол таба білетін тәлімгер. «Ұстаз – жай ғана үйретуші емес, ол – бағыт
беруші, шабыттандырушы. Біздің ұжым осы қағиданы берік ұстанады. Соның нәтижесінде шәкірттеріміз түрлі байқауларда топ жарып, аудан ғана емес, облыс, республика деңгейінде де өздерін танытып жүр», – деген ол өнер мектебіне Әлшекей есімінің берілуі – үлкен
жауапкершілік екенін атап өтті. «Бұл – жай атау емес, бұл – аманат. Әлшекей бабамыздың мұрасын жалғау, оның күйлерін насихаттау – басты міндетіміз. Бүгінгі кеште орындалған күйлер соның айқын дәлелі», – деді ол.
Сөз соңында мектеп басшысы ата-аналарға алғысын білдіріп, олардың қолдауынсыз мұндай жетістікке жету мүмкін емес екенін жеткізді. «Балаға өнерді үйрету – тек мектептің ғана емес, отбасының да ортақ еңбегі.
Сондықтан бүгінгі кеш – ұстаз бен шәкірттің ғана емес, ата-ананың да жеңісі», – деп түйіндеді ол.
Осылайша, өнер мектебі басшысының салмақты ойлары мен жүрекжарды пікірлері кештің маңызын айқындай түсіп, оның тек мәдени шара ғана емес, үлкен тәрбиелік мәні бар рухани құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Расымен де, бүгінгі шәкірт – ертеңгі елдің тірегі,руханияттың жалғасы. Сондықтан да осындай өнер
кештері – тек есеп емес, ел ертеңіне жасалған инвестиция, ұлт болашағына салынған рухани іргетас. Кеш соңында көрермендер ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі. Өнерге қанат қаққан жас дарындардың жолы әрдайым ашық болып, биік белестерді бағындыра беретініне сенім мол.
Әсел РЗАЕВА




