Әнім сенсің – Сыр елі

Жұма күні Манап Көкенов атындағы мәдениет сарайында Қызылорда қаласының 100 жылдығына орай белгілі сазгер, мәдениет саласындағы «Ерен еңбегі» және «Еңбек даңқы» төсбелгілерінің иегері Оразғали Бидашевтың «Әнім сенсің – Сыр елі» атты шығармашылық ән кеші өтті. Сыр топырағында туып, өнерін туған жердің дамуына арнаған сазгердің бұл концерті өңірдің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың қатарына қосылды.
Шара кеңістігі арнайы безендірілген көркемдікпен әрленіп, сазгердің музыкалық әлеміне жетелейтін жылы атмосфера қалыптастырды.
Кештің шымылдығы Оразғали Бидашевтың өнер жолын таныстырудан басталды. Сазгердің Сыр елінің рухани байлығына қосқан сүбелі үлесі атап өтіліп, одан әрі өмірін өнермен өрген, көңілдің күйін жүрекпен тербеген, әр әуенін туған жерге тағзым етіп жазған, сазгер шығармалары көкке әуеледі.
Оразғали Бидашев – қазақ ән өнеріндегі өзіндік орны бар, елге құрметті, кәсіби деңгейі жоғары талант иесі. Оның әндеріндегі әуездік кеңдік, сыршылдық, туған жерге деген іңкәрлік сезім, адамдар арасындағы мейірім мен махаббатты жырлайтын нәзік лирика – шығармашылығының басты ерекшелігі.
Расында, Оразғали Бидашев әндеріндегі дыбыстық бояулар Сыр өңірінің табиғатымен, Жаңақорғанның жусан иісімен үндесіп жатады.
Кеште Адырбек Сопыбековтің сөзіне жазылған «Әнім сенсің – Сыр елі» әнін Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, белгілі әнші Ролан Бақтыбаев ерекше тебіреніспен орындап шықты. Әуен басталған сәттен-ақ зал толқынысқа бөленіп, тыңдарманды туған өлкенің рухымен суарылған әуез әлеміне жетеледі.
Кеш барысында Оразғали Бидашев әндерін ұзақ жылдар бойы орындап жүрген өнерпаздар сахна төрінде бас қосты. Бұл – сазгердің шығармашылығын қадір тұтқан өнер иелерінің басын біріктірген рухани мереке болды. Жүректен шыққан сырлы әуенді сахнаға алып шыққан әрбір әнші өз өнерімен кештің мазмұнын байытты.
Одан әрі сазгердің әні мен сөзіне жазылған «Анашым» әнін талантты өнерпаз Өмірсерік Бейсенбиев орындап, залды ерекше тебірентті. Сонымен қатар, сазгердің туған жерге арналған әндері орындалды. Мәселен, Құралай Әлиева «Түркістан» әнін шырқаса, сазгердің қызы Балжан Бидаш «Қызылорда» және «Жаңақорған» туындыларын ерекше шабытпен орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ сазгердің отбасылық өнерін жалғаған жандар қатарында «Бидашевтар» халықтық отбасылық ансамблі кештің ажарын ашты. Ансамбль мүшелерінің бірі, сазгердің келіні Балжан Алтай «Сүйші мені» әнін орындап, көрерменді өз өнерімен тәнті етті. Оразғали ағамыздың ұлдарының бірі Бақыт Бидаш та өнерін ортаға салып, кештің көркемдік деңгейін арттыра түсті.
Кештің тағы бір ерекшелігі – Қазақстанға танымал, 35 жылдан астам тарихы бар «Мереке» вокалды-аспапты ансамблінің арнайы келіп, концерт бағдарламасына қатысуы. Ансамбльдің жетекшісі ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі композитор Сәбит Ұлықпанұлы. Ән кешінде сазгердің «Қайта оралшы» әнін орындап, ерекше серпін сыйлады.
Одан әрі сазгер Оразғали Бидашевтың өзі сахнаға көтеріліп, көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді. Сазгер жүрекжарды лебізін білдіріп, өнер жолындағы серіктестеріне, тыңдармандарына алғысын жеткізді. Оның орындауындағы «Қарындасым» әні кештің мәнін одан әрі айшықтап, тыңдаушыларды жылы әсерге бөледі.
Кеш соңын «Бидашевтар» халықтық отбасылық ансамблі «Бақытты жанұя» әнімен түйіндеді. Бұл өнер мен отбасы құндылықтарының үйлесімін паш ететін, сазгер әулетінің береке-бірлігін, өнерге деген адалдығын көркем жеткізген ерекше орындау болды. Ән әуені залды тербеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айсұлу Алданазар




