ЖАСАМПАЗДЫҚ РУХЫ ЖҮРЕКТЕ ГҮЛДЕЙДІ

Абай атамыз «Жүректің көзі ашылса, хақтың түсер сәулесі» дегенде, білімдіге жол ашық екенін меңзесе керек. Қараңғылықтың бұлтын серпу үшін бұқараның сауатын ашуды басты орынға қойған қазақтың осындай озық ойлы перзенттерінің арманын өз топырағымызда алғаш Омар төре Ханкелдин шынайы қолға алып, Жаңақорғанда мектеп салған екен. 1904 жылы ашылған бұл мектепте өзі және Байнияз Ханкелдин ұстаздық еткен. Бұл қасиетті шаңырақта елге белгілі академиктер Сұлтан Сартаев, Альфарид Илялетдинов, Бірлесбек Алияров, Мұхтар Әлиев білім алды. Осы мектептен түлеп ұшқан бірнеше қоғам және мемлекет қайраткерлері, танымал өнер тарландары қатарында белгілі кинорежиссер, алаштанушы, Жастар одағының және Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Халила Омаров та бар.
1975 жылы заман талабына сай типтік жобада қайта ірге көтерген оқу ордасына осы мектептің түлегі, Қазақстанның халық жазушысы Мұхаметжан Қаратаевтың есімі берілді.
Бүгінде М.Қаратаев атындағы No51 мектеп қазығы терең қарашаңырақ ретінде білім бәсінде биік тұр.
Шәкірттерді биік санаға, сыни ойлау мен жан-жақты парасаттылыққа тәрбиелеуде оқытудан бөлек, танымдық-тағылымдық шараларды жиі ұйымдастырудың маңызы бөлек. Бұл бағытта мектеп басшылығы осы оқу ошағының түлегі, кинорежиссер, 90-ға тарта деректі фильмнің авторы, Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Қалила Омаровты шәкірттермен кездесуге шақырыпты.
Шақыруды құп алып, мектептің ұзын дәлізінде жалаушалармен қарсы алған жеткіншектердің күлімдеген жанарынан жастық шағын көріп, ерекше тебіренген мейманымыз ағынан жарылып ақ тілегін жаудырды. Көрмеге қойылған өз өмір
жолынан сыр шертетін фотоларға да шолу жасап, қысқаша әңгімелеп берді. «Өздеріңмен кездескеніме қуаныштымын. Кино түсіру жұмысымен әлемнің 24 елінде болыппын. Бірақ бәрібір соның ешбірі Жаңақорғаныма жетпейді» деді ол.
Кеш қонағымен жүздесу мектептің мәжіліс залында жалғасын тапты. Қалила Омаров әуелі өзінің өмір жолы туралы айтып берді. Ол орта мектептен соң Кеңес армиясы қатарында болып, одан әрі 1978 жылы Ленинград мәдени-ағарту училищесінің кино-фото факультетінде оқыған, одан әрі Н. Крупская атындағы мемлекеттік мәдениет институтына құжат тапсырады. Осында жүргенінде Ленинградта өткен «Ақ түндер-82» кинофестивалінде Құрманғазы туралы түсірген «Кісен ашқан» қысқаметражды фильмі Гран-приді жеңіп алған.
Үлкен отбасының тұңғышы болғандықтан елге оралып, 1985-1987 жылдары Жаңақорған мәдениет үйінде қызмет жасайды. Әмір Мажитовтың «Бір үзім нан» пьесасында Федор Хлебниковтың ролін сомдайды. Спектакль 1986 жылы астанада өткен республикалық «Театр көктемі» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.
Қалила Омаров одан әрі «Қазақтелефильм» киностудиясында режиссер, 1988 жылы «Алатау» ұлттық телеарнасының бас режиссеры, 1999-2003 жылдары «Хабар» агенттігінде, одан әрі ҚР Президент телерадио кешенінде режиссер, 2006-2010 жылдары Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында режиссер болып жұмыс атқарған.
Келесі кезек оқушылардың сауалдарына жалғасты.
Жеке тұлғаның қалыптасуына, өмірден өз орнын табуына не әсер етеді? Білімгерлер өнер адамының осы бағытта айтқан ақыл-кеңесіне ықыластана құлақ салды. Ойын баласының ой көкжиегін кеңейтіп, айнала дүниеге көзқарасын қалыптастырған ауыз әдебиеті десек, оған әуелі әжесі себепкер болғанын айтты талант иесі. Бұған ұзақ түндер «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырын, басқа да хисса, дастандарды оқытып, өзі ұйып тыңдап отыратын кейуананың «ана бір жерін қайта оқышы» деп тілек білдіргені титтей балақанның сөз өнерін санасына сіңіріп, тілін жаттықтыра түссе екен деген ниетінен туса керек.
Шынында кітаптағы оқиғаларды жаңғыртып айтқан сайын кейіпкерлер көз алдына келіп,
көкірекке ұмытылмастай орнығыпты. Кітап оқуға осылайша төселген жас өреннің қиялына қанат бітіп, қатарластарынан өзгеше өріс тауып, өзі де бірнәрселерді шимайлап жазатын болды. Осы қабілетіне орай мектеп қабырға газетінің редакторы болып, газет безендірушісі Әбдіғаппар Әшімов екеуі өнерімен ерекшеленіпті. Жас кеуденің қалайда танымал болып елді таң қыламын деген талабына қанат бітірген мектептегі Сәуле деген қызға ғашық болған
оқиғасын да балалар қызыға тыңдады. Оның бала махаббатына арналған алғашқы жазбасын Тургеневтің «Ася» деген әңгімесі желісінде жазып шыққан тарихы да қызық. Қалила одан әрі оқу іздеп Ленинградқа (Санкт-Петербург) барған сапары туралы әңгімеледі. Елден шалғай үлкен ортада сегіз жылдай жүрген уақытта байқағаны, Жаңақорғандағы орыс мектебінен келген жігіттер Ресейдің жан-жағынан жиналған бозөкпелер арасында түрлі тақырыпта ой-пікірлер додасында білім деңгейі жөнінен көш озық түсіп жатады екен. Сол кездегі ұстаздардың бала жанын терең ұғудағы кемелдігін де мысалдармен өрнектеді. Білімгерлер кеш иесінің төл туындылары туралы жан-жақты айтып беруін өтінді. Тұғыр қазығы мықты өзі оқыған мектептің ең алғашқы түлегі, Алаш қайраткері Садықбек Сапарбеков туралы деректі фильм жайында сауалдар қойды. Қалиланың Қазақстандағы қолдан жасалған ашаршылық туралы "Нәубет», «Тәушен» фильмдері терең ізденістен туған, сол заманның шынайы қасіретін көз алдымызға айна-қатесіз әкелетін шыншылдығымен қуатты. «Мағжан», «Міржақыптың оралуы», «Алашорда» деректі фильмдері тарих ақтаңдақтарын тереңнен аршып алуымен құнды. Осындай өміршең дүниелерді тудырған Қалила Омаровтың әдеби кеңістікте егемен Қазақстандағы ұлттық мүддені шынайы бейнелейтін деректі киноның іргетасын қалаушы деп танылуы да үлкен мәртебе. Ол бүгінгі кездесуде қазақтың аяулы перзенті Мағжан Жұмабаев туралы тереңірек тоқталды. Саяси көзқарасы үшін 1916 жылы қамалған Мағжан Омбы түрмесінен босап Петропавлдың мектебінде сабақ беріп жүргенінде патша заманындағы
«Смольнинский институт благородных девиц» деп аталатын оқу орнында оқыған жалғыз қазақ қызы Гүлсімді кездестіреді. Әлемдік деңгейде әдебиетпен таныс Гүлсіммен пікірлес болуы ақынның көзқарас көкжиегін бұрынғыдан де кеңейтеді. ХХ ғасырдың басындағы әдебиетке енген жаңа модернистік бағыттағы Пикассо, Андрей Белыйдың жырларындағы жаңаша леппен тыныстайды. Жалпы бұл жаңашылдықты қазақтың қара өлеңіне ендіру Абайдан бастау алса, соның шыңында Мағжан да тұр. Ол қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген ақын. Мағжанның 1924 жылы басылып шыққан кітабынан кейін бірде-бір дүниесі жарық көрмеген. Кеңес үкіметі ақынның кітабын көрдім, оқыдым деген жандардың барлығының көзін жойған. Мағжанның жазбаларын көздің қарашығындай сақтап келген жары Зылиха. Ол 1929 жылы қайта қамауға алынып, итжеккенге айдалған ақынның артынан іздеп те барады. «Қызыл Крест» арқылы босап келген ақын 1937 жылы қайта абықтыға жабылып атылып кетеді.
Жаңа дәуірде, 1989 жылы Мағжанның кітабы жарық көргенде теледокументалист Қалила Омаров осы қымбат мұраны сүйіншілеп Мәскеуде тұрып жатқан Зылиха апаның үйіне барады. Тоқсанға таянған апаның кітапты қолына алып, Мағжанның суретін алақанымен сипап, маңдайына басып тәу етіп, «Мағжан қазағымен қауышты. Енді өле берсем де арманым жоқ» деген сөзі Алтын қорда жазылып қалды. Тоқсаныншы жылдардан бері қарай «Адамзаттың ұлы жыршысы – Жамбыл ақын», «Мариям Хакімжанова», «Қазақтың Бауыржаны», «Мұстафа Өзтүрік» сынды деректі фильмдерді жасап шығарған шығармашылық өкілі туған жер алдындағы перзенттік парызына адалдық танытқан тұлға екеніне төмендегі деректер дәлел. Ол алғаш еңбек жолын туған Жаңақорғанында бастаған жылдары 52 мемлекеттік театр, 150 халық театры арасында сол кездегі компартияның идеологиялық сеңін бұзып, Қазақстанда тұңғыш рет қолдан жасалған ашаршылықты сескенбей сахнаға шығарған Әмір Мажитовтың «Бір үзім нан» спектаклі республикалық байқауда Бас бәйгені жеңіп алғанын айтты. Қойылым авторы Әмір Мажитовтың өзі. Аудандық мәдениет үйінің режиссерының қазақ трагедиясы тақырыбына терең бойлап, оны өзі жазып, ауыл сахнасындағы әртістермен астана театрының төрінде талғамы биік көрерменді мойындатып оралуы шын ерлік еді.
Осы фильмде Федор Хлебниковтың ролін сомдаған Қалила осы жылдары жергілікті өнер саңлақтары, ақын-жазушылар – Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаев, Адырбек Сопыбеков, Бексұлтан Байкенжеевтермен тізе қосып бірге жүріп, атамекеннің өткен тарихынан көп сусындағанын айтады. Киелі топырақтан шыққан көсемдер мен шешендер, абыз-әулиелер, ел қорғаған батырлар туралы шежірені жүректен өткізгенде «Мен тарихты іздеп, табанымнан тозып, ел-жер асып жүрсем, өнердің кені, өркениеттің көкесі өз топырағымда тұнып тұр екен ғой!
Оны қашан зерделеп, кемеліне жеткізіп үлгерем?» деп өз-өзін жазғырған да кезі болыпты. Манап ақын: «Әй, Қалила, өкінбе,әлі туған жердің қасиетін де қаламұшына түйіп, қалың жұртына қауыштырар кезің туады» деп жұбатқан екен. Оның осы бір мақсаты да бір жүйеге түсіп келеді екен. 2015 жылы сол кездегі аудан әкімі Руслан Рүстемовтің қолдауымен туған жеріміздегі республикалық тарихи ескерткіштер тізіміне алынған нысандарды аралап, басында күзетіп отырған шырақшылармен, елдегі көнекөз қариялармен, тарихшылармен сұхбаттасып, деректерді таспаға жазып алуға қол жеткізіпті. Қазіргі күндері осы өңірде мәңгілік тыныс тапқан Айқожа ишан және оның замандастары туралы мол деректер жинақталып қалғанын жеткізді. Айқожа ишанның оқыған жері – Бұқараға барып, қол жеткізген деректер мен жәдігерлерді жинап, алтын көмбеге кезіккендей көңілі өсіп оралғанын да жасырмады. Бұл туралы өзі былай дейді:
« Жалпы исламдағы әулиелер мекен тапқан Жаңақорғанның тарихы өте терең. Қазақтың ел болып сақталып қалуына бірден-бір тірек – тілі, тарихы, сосын іислам діні екенін мойындауымыз керек. Ислам дінін қабылдамағаны себепті түрі түрік, ділі өзге жұртқа жұтылып кеткен дүбара жандарды көзіммен көрдім. Сондықтан байтақ даланы бір Алланың жолына ұйытып, теріс бағытқа адастырмай келген діннің басында тұрған тұлғаларды қалай дәріптесек те жарасады. Әрі-беріден соң олардың тарихат жолы қазақтың тарихымен сабақтасып жатыр. Кезінде Арқа төсін шоқындырмақ болып зеңбірегі мен шіркеуін алып келген теріс пыйғылдыларға жергілікті халықтың еріп кетпеуі үшін сол аймақтағы ірі бай-манап, дәулетті адамдар мешіт-медресе ашып, Сыр бойындағы үлкен дін ғұламаларын алдырып, алдына шәкірт салып беріп, халықты нәубеттен аман алып қалған екен. Шоқынған қазаққа ақша таратқан, бір-бір жылқы жылқы берген жымысқы саясат тамықты сенімді күйрете алмады. Ата жолын жалғаған әулеттер ол күшке құранмен қарсы тұра білді. Сондай миссиямен осы жақтан 100 ілім иесінің жанұясымен Арқа жерін асуы да қазақтың тұтас тарихын Жаңақорғанмен символдық түрде байланыстырып тұр», дейді ол.
Өнер тарланының «Әмір Мажитов және Жаңақорған халық театры» кинофильмі ауыл сахнасында жүріп-ақ ұлттың тағдырлы мәселесін жүрегінің қанымен жазып шыққан нартұлғаға өлмейтін ескерткіш орнатты. Бұл туған халқын шынайы сүюдің, қыл мойнын қатерге тіксе де қасиетін қиянатқа бастырмаған рухқа шын тағзым еді.
Жас өрендер талант иесімен кездесуде оның балалық кезінен бүгінге дейін жүріп өткен жолына ой жібере отырып, бөлекше болмыс иесінің жасандылықтан жат, сәби мінез, саф таза жан дүниесіне куә болып, көңілдері бір серпіліп қалды. Келген қонаққа осы үшін үлкен ризашылығын жеткізген мектеп директоры Темірхан Оспанов ағаның иығына шапан жауып, сый-құрметін көрсетті. Мектеп ұстаздары, тәлімгерлер атынан рахмет айтты.
Мектеп оқушысы Жарас Ыдырысовтың орындауында Халила Омаровтың «Туған жер» әні орындалды. Әлемдік деңгейде өнер тарихына жетік, оның озық тұстарын жаңаша интеллектке сай, бірақ ұлттық колоритты сақтай отырып санада жаңғыртуды мұрат тұтқан тұлғаны қоғам тынысының барометрі десек те болар. Сондықтан сала саңлағынан бүгінгі күннің басты тақырыбы – жаңа Конституция, мемлекеттік тіл мәселесі жөнінде бірер ауыз айтып беруін өтіндік. Ол сауалымызға төмендегіше жауап берді:
– Ең бастысы, халықтың қоғамдық сана деңгейі жоғары болуы керек деп ойлаймын. Ол әлдеқандай ережеге, шартқа байланып тұрған жоқ. Ол әрбіріміздің, яғни жеке индивидиумның ізденісіне, қабілет- қарымына қарай айқындалады.
Жалпы, халқымыздың ежелден дәстүрінен ажырамаған кең пейіл қонақжайлық қасиеті халықтар достығы мен ынтымағына негіз қалап келеді. Патша заманының өзінде қазықтың сулы, нулы жерлеріне переселендерін көшіріп әкеліп, жергілікті халықты ел-жерден айырудан бөлек бірте-бірте тілінен, дінінен бездіріп, жойып жіберу мақсаты көзделгені белгілі. Ал қарапайым халық ше? Қазақ жеріне келіп, мейірімін көріп, селбесіп тіршілік етіп, тұрмыс-қалпын бірге тіктеген орыс пен қазақ «тамыр» болған жоқ па? Оларға биліктің саясаты көк тиын, бейбіт тірлік кешіп, өсіп-өнуге тырысқан қалың ел біріне-бірі кәсіп үйреткені арқасында қазақтың қолындағы малын тартып алып, ашаршылыққа ұшыратқанда картоп егіп, балық аулай білгендер аман қалды.
Айттым ғой жаңа, Ленинградта оқып жүргенімде ауылдан келген балдардың біліміне сүйсіндім. Ол кезде ауданда 169-шы орыс мектебінде ғана ер балдар шаш қояды, біздің мектептерде шашымызды тақырлап алып тастайды. Аналар суда жүзген балықтай еркін өсті. Бөтен жерде жүргенде де өз-өзіне сенімділігін байқадым. Өнер үйрен, білім үйрен, көп тіл білсең шет елде жүрсең де қор болмайсың дейтініміз содан. Біз орыс тілін қиналып жүріп үйрендік. Ленинградта оқып жүргенімде «Әй, бала, түсінбесең оқуды қой да, қойыңды бақсай» деген мұқатуды да көрдім. Бірақ соларды басып озып одақтық деңгейде өткен «Ақ түндер» кинофестивалінде Гран – Приді жеңіп алдым.
Бұл жерде өнердің құдіреті басым тұрды. Оған аударманың керегі жоқ. Мен онда жүріп көп оқыдым. Өзім оқып жатқан училищеден тыс Ғылым Академиясының кітапханасында лекция тыңдадым. Журналистика курсында фотожурналистка бойынша курстан өттім. Эрмитаждың экскурсоводы қазақ, өзі мұғалім болу керек, музейде тұрған түпнұсқа жәдігерлердің тарихы арқылы адамзат тарихын түсінуіме жол ашты. Түсінбеген тұсымызды қазақша түсіндіретін. Біз егемендік алған жылдары енді басымызға күн туды, мемлекеттік тіл үстемдігі орнайды деп санаған ұжымдағы орыс ағайындар қолдарына бір-бір блокнот ұстап қазақ тілін үйренуге құмбыл кірісті. Әрбір сөздің аудармасына, екпініне назар беріп сұраудан қысылмайтын. Осындай ұмтылыс болса да қазақ тіліне тұтастай көше алмауымызға көп ұжымдарда басшылық құрамның өздері төл ана тілін білмеуі тұсау болып тұр деп айта аламын.
Біз алдымен осы мәселені тарқатып, даңғыл соқпаққа түсуіміз керек. Сонда қазақ тілі мәселесі өзінен-өзі мемлекеттік тіл мәртебесіне шынайы түрде қол жеткізер еді. Мұның барлығы да намыспен, ерік және жігермен келеді. Рухы мықты елдің заңы мығым болады, тілі тұғырына қонады.
Баян Үсейінова




