№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қыш мектептің құпиясы

Қыш мектептің құпиясы

Жаңақорған кентінде көненің көзіндей сақталған қыш мектептің өзіндік тарихы мен тағылымы бар. Ағартушылық негізде бой көтерген ғимарат қаншама тарихи оқиғаның куәгері болды. Бүгінде үш мекемеге тұрақ болған нысанның құпиясын білмекке тырыстық.
Қыш мектептің едәуір бөлігінде аудандық өлкетану музейі орналсқандықтан осы мекемеге барып, директоры Нәбихан Шалаповпен әңгіме құрып, аудандағы ең алғашқы мектептің тарихын білдік.
– Қыш мектепті Омар төре деген жанашыр жан негізін қалап, балалардың білім алуына жағдай жасайды. Өзі де осында балаларға білім беріп, сауат ашуға мән береді. Жасөрендердің білім алуын насихаттап, қаражатын аянбаған жан туралы дерек көзі аз. Қаншама уақыт бойы ол туралы ақпараттарды жинап, ағартушылық ілімін таратқан төре тұқымы жайында шежірені түздім, ұрпағы жайында ақпараттар жинақтадым, – дейді ол.
Сонымен, қыш мектеп 1904 жылы 2 жылдық мектеп болып ашылып, Жаңақорған аумағындағы тұңғыш мектеп ретінде ресми тіркелді. Алғашқы 1904-1905 жылы басталған оқу жылында Омар Жанғалин мен Байнияз Хангелдин ұстаз болады.
Қармақшылық Омар Жанғалин өз заманының білімді азаматы, Петербургта оқыған, ұйымдастырушылық қабілеті биік азамат болған. Оның ашқан орыс-қазақ тілді мектебінде білім алушылар қатарында Садықбек Сапарбековті атау керек. Қыш мектеп уақыт өте келе ұлғайып, сынып қатары көбейеді. №51 мектеп болып аталып, кейін №169 мектеп болып өзгерді. Осы төре салдырған қасиетті ұядан түлеп ұшқан шәкірттер түрлі саяси қызметтер атқарды. Солардың қатарында Мұхаммеджан Қаратаев, Альфарид Илялетдинов, Сұлтан Сартаев, Ахмет Ержанов, Құланқадір Жаманбаев және т.б алғаш сауат ашқан құт ұя.
Аудандық өлкетану мұражайында сақталған құжаттарда Қазан төңкерісен кейін ұлттар теңдігі назарға алынып, осы мектепте кез-келген ұлттар тең дәрежеде білім алуы қажеттілігі туралы бұйрыққа сәйкес, сыныптар топтастырыла бастаған. Мектептің оқыту жүйесі 2 басқыштан тұрған. Бірінші басқышта оқу мерзімі 5 жыл, 8-13 жас аралығында балалар білім алса, екінші басқышта оқу мерзімі 4 жыл13-17 жастағы жасөрендер білім нәрімен сусындаған. Кейін 1921-1922 жылдары 120 оқушыға 4 оқытушы тәлім берген.
Елдегі сауатсыздықты жаппай жою мақсатымен 1936 жылы ауданда 6 мектеп ашылып, оған осы мектепте тәлім алған жастарды тәлімгер еткен. Бұл туралы Адырбек Сопыбековтің «Жаңарған Жаңақорған» кітабында айтылады. «Омар төренің тәрбиесін алған шәкірттер елдің маңдайалды азаматтары еді. Халық сауатын ашу жолында Низамутдин Илялетдинов, Смат Әшімов, Мүтәліп Нұрманов, Разия Құлымбетова, Оразбек Қашқынов, Әбдіхалық Мұсабеков, Асан Шерімов, Әбіласан Әшірбеков, Әбдіқадір Қансейтов, Таңқашбек Төрегелдиев, Анарбек Төкеев, Төлепберген Арыновтың еңбегі өлшеусіз» деген жолдар кезігеді.
Төрелер салған ағартушылық ілімі осылайша уақыт өте келе жаңарып, жаңа бағыттарға үндесіп молайым табыстарға ұласады. 1959 жылы осы ғимарат адам бойларлық деңгейде суға батса да, мүжіліп құламай аман қалды. Мұны көпшілік Омар төренің киелі азамат болуымен байланыстырады.
Кент тұрғыны, сексеннен асқан ана Ханшайым Құдайқұлқызы жас күнінде естіген ғибратымен бөлісті. «Кентті су шайып кеткен жылы мен бойжетіп қалған қыз едім. Әкем Омар төренің салдырған мектеп үйінінің киесі барын айтып, өткен сайын рухына сәлем беріп өтетін. Тасыған су қаншама отбасын үйсіз еткенде осы киелі шаңырақ сәнін де бұзбай, бір жеріне зақым болмауын әкем «жарықтық Омар төре осы мектепті салғанда жеті ойланып, бір рет қадасын қағып, келешектің игілігі үшін салғанынан-ау» деп отырушы еді. Одан кейінгі талай нәубет уақыттарда құтты жай еш зақым көрген емес», – деп ойын айтты.

P.S.: Расында қыш мектептің қабырғасы құламай, іргесі шірімей, шаңырағы ортаға түспей тұруының себебі келешек ұрпақтың игілігі үшін ниет етіп, салуында деп білеміз. Ал бүгінгі құрылыс нысандары бір күндік қарын тойдырудың ниеті болғандықтан бірнеше жылда сыр білдеріп жатыр. Мұның бәрі хадистегі «ниетке байланысты» дегенге саятындай. Сіздер қалай ойлайсыздар?

Мақпал ПАТЕНОВА
15 тамыз 2020 ж. 1 449 0