» » БЕРЕКЕЛІ АЙДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

БЕРЕКЕЛІ АЙДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ


Әне-міне дегенше, отыз күн ораза да өте шықты. Айлардың сұлтанында адамзат баласы рухани кемелдікке қол жеткізді. Таңның атысы, кештің батысы Жаратқанның ризашылығы үшін нәр татпай, парыз амалын орындады. Ізгілік жолында сауапты істер атқарып, ақіреттік азық жинады.
Қасиетті ай барысында жасалған әрбір қайырымдылық істің қайтарымы он еселеніп беріледі. Өзгені қуанта білудің өзі үлкен сауап. Міне, қасиетті айдағы Жаңақорған ауданы жұртшылығының жақсылық жолындағы жарысы мен көңіл қуантарлық басқа да жағдаяттарға сұрау салып көрген едік. Әрине, сауапты амалдың жасырын болғаны абзалырақ. Десе де, өзге жандарға үлгі болсын деген мақсатта есімдерін атамай ізгі істерін мақаланың нысанасына арқау еттік.
ҮНДЕУГЕ ҚОЛДАУ
Қасиетті ай қарсаңында Дінбасы елге Үндеу жариялады. Онда: құдайы астар мен тойды ауызашар уақытына ұйымдастыру айтылды. Кенттен байқағанымыз үйлену тойлары болмады. Тек бірді-екілі ғана әулет келін түсірсе, оның өзі үлкен тойын оразадан кейінге қалдырған. Себебі, қызықшылық болғаннан кейін, ол жерде арақ-шараптың болары сөзсіз. Хош. «Өмір бар жерде өлім бар». Жетісі, қырқы, жүз күндік құдайы астарды ауызашар уақтысына ыңғайлау бір жолға қойылды. Жаратқанның парыз етілген амалына құлақ аспай, шаңқай түсте қазан-қазан палау басып, самаурыннан шәй ішкендер қатары аз болды. Бес саусақ бірдей болмағанымен де Бас мүфтидің Үндеуі баршаға ортақ. Шүкір, сауабын Алладан үміттеніп, құдайы астарды ауызашар уақтысына ұйымдастырған ағайындар жетерлік. Міне, солар ұтты. Шүкір, ораза біткен бойда; үйлену той, сүндет той, алтын тойларға шақыру қағазы бірінен соң бірі келе бастайды. Алла қазыналы тойдан айырмасын.

ҚАСИЕТТІ АЙДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ
Жаңақорғанның жиырма жасар жігіттері жарады. Анығырақ айтқанда аудан орталығындағы №125, №163 орта мектеп түлектері, 1994-1995 жылғы жастар сауапты іске ұйытқы болды. Олар кенттегі тұрмысы төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 30 отбасына азық-түлік өнімдерін үлестірді. Ал, кенттегі №125 С.Сапарбеков мектебінің 1998 жылғы түлектері яғни, 1981 жылғы жастары «Алты ата» бейтінің басына шырақшыға екі бөлмелі баспана соғып берді. Жер қазатын құрал-саймандар мен қыс ауасы жылынуға арналған пешімен қамтамасыз етілген баспананың бұқараға берер пайдасы мол.
Ал, аудандық мешіт жамағаты айттың алғашқы күнінде онға жуық тегін такси қызметін ұйымдастырды. Кенттегі «Сыр диірмені-Қорғантоғай», «Жаңауыл-Май бекеті», «Қорғантоғай-Жаңа аурухана» бағытында тегін такси жүргізіп, көпшіліктің ақ тілегін алды.
– Жыл сайын осылай айт күні тегін таксиге мінеміз. Бұлда болса, үлкен сауап деп білеміз. Ұйымдастырушы жамағатқа Жаратқан разы болсын. Айттан айтқа амандықта жетуді баршамызға нәсіп етсін, – деді кент тұрғыны Шынар Ахметова.
Ал, жайылмалық жамағат ауыл ортасындағы имандылық үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ізгі айда сауапты іске атсалысты. Еденіне цемент құйып, мешіттің ішкі қабырғасын толық қаптап, төбесіне жеке кәсіпкер Әбибулла Жәлелұлы демеушілік жасап, жөндеу жұмысын жүргізді. Жалпы, бұл жерде жамағаттың ұйымшылдығын айта кету керек. Қол көмек, сөз көмек беріп, үлгі боларлық іс көрсетті. Ауыл имамы Сәбит Әшірбеков бастап, халқы қолдап, қыруар жұмыс бітірді. Сондай-ақ ораза айттың бірінші күні кәсіпкер Әбибулла Жәлелұлы Жаңақорған кентіне бір күнге тегін қоғамдық тасымал ұйымдастыруға ұйытқы болған. Яғни, «Спринтер» автокөлігі халықты аудан орталығына тегін тасымалдады.
Сондай-ақ Сыр беткейдегі қаратөбелік ағайында қайырымдылық істен қарекетсіз қалмады. Нан қадірін білетін мешіт жамағаты мен ауыл кәсіпкері, наубайханашы Роза Тұрымбетова Рамазан айының соңғы он күндігінде ауылдағы ауызашар жасайтын және тұрмысы төмен отбасыларға тегін нан үлестірді. Бұл жөнінде бізге ауыл имамы Жалғас Өтебеков мәлімдеді. Иә, нан қадірі – жан қадірінен кем емес дегенді әрбір азамат түсінсе, кіндігінен тараған ұл-қызына ұқтырса, осындай иманды істер қоғам өмірінде салтанат құрар еді. Оған қоса, қасиетті Қадір түнінде қаратөбелік жеткіншектер Құран кәрімді мәнерлеп оқу мен Азан шақыру жарысына қатысты. Жеңімпаздарға бағалы сый-сияпат пен қаржылай көмек берілді.
Бірлігі жарасқан Бірлік ауылының 1981 жылғы жастары да сауапты істен құр қалмады. Ауыл ортасындағы «Ібін ата» мешітіне дизель отынымен жылытылатын еден (теплы пол) орнатып берді. Аға буынның үлгі аларлық ісіне сүйсінген 1990 жылғы жігіттерде қарап қалмады. Мешіт ауласына сән сәулеті жарасқан сәкі жасап беріп, жаз маусымында таза ауа да тынығуға мүмкіндік жасады. Осындай ізгі істердің жасалғанын хабарлаған ауыл имамы Ержан Исаханов оразада ел анасы Жамал апа Омарованың қамқорлығымен тұрмысы тұралаған қырық отбасына азық-түлік өнімі үлестірілгенін жеткізді.
Құран түскен қасиетті айда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырадария» мешітінің ұйытқы болуымен облыстық Құран жарысы өткізілген болатын. Қадір түні жарыс жеңімпаздары мараптталып, қомақты қаржыға ие болды. Кенттегі «Хисамиддин Сығанақи» мешітінің шәкірті Жәдігер Алиакпар қазылар алқасының шешімімен Құран жарыстың бас жүлдесін қанжығасына байлады.

ЕЛЕУЛІ ЕСІМДЕР...
Жасыратыны жоқ жақсы есім – баланың болмысына, тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Атадан балаға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, келе жатқан ізгі дәстүрдің бірі – нәрестеге ат қою. Дана қазақ сәбиге ат қоюға ерекше мән берген. Бізде айлардың сұлтаны Рамазанда туылған сәбилерге қандай есімдер қойылғанын білмек мақсатта аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне хабарластық. Ә-дегеннен қасиетті айда есімі ерекше Раяна, Аяна атты егіздер дүниеге келгені белгілі болды.
– Ораза айы барысында алты Рамазан, үш Айсұлтан, алты Раяна атты сәбилер дүние есігін ашты. Негізі тек қасиетті айда ғана емес, бүгінде басқа он бір айда да мұсылманша есімдер қоюда белсенділікті байқаймыз – дейді, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің маманы Айгерім Турысбекова.
Иә, Рамазанның мағынасы түсінікті. Ал, Раяна атауына тоқтала кетсек. Жұмақтың 8 қақпасы болса, соның бірі Ар-Райан. Бұл есіктен тек Рамазан айында ораза ұстаған адамдар ғана кіреді. Бүгінде халық арасында ұлға Раян, қызға Раяна деп есім таңдау жиі кездесуде. Айта кету керек, 2018 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін елімізде ең көп қойылып жатқан есімдер көбіне ешкімде жоқ заманауи, діни және өткен ғасырлардан ұмытылып бара жатқан дара тұлғалардың есімін беру үрдіс алған. Олар; ұлдарға Назар, Әлихан, Нұрәли, Әмір болса, қыз балаға Айлин, Айзере, Томирис, Әдия сынды есімдер көп қойылған.
Түйіндей, айтқанда айлардың сұлтаны Рамазан айында атқарылған шаруа да, тындырымды тірлікте, сүйсінерлік сауапты істе молынан болды. Ендігі тек, берекелі айда ғана емес, қалған он бір айда да жақсылық жолында жарысып, қайырымдылық істерге үйір болайық.

16 маусым 2018 ж. 1 393 0