№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Би – бекзат өнер

Би – бекзат өнер



Жеткіншекті өнерге баулу жанкешті еңбекті талап етеді. Өрендерге өнерден дәріс беріп жүрген Әлшекей Бектібаев атындағы өнер мектебінің ұстазы Ажар Қабыланова туралы айрықша тоқталуымыздың жөні жоқ емес.


Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы педа­гогикалық колледжді «Мәдени демалыс қызметін ұйым­дастырушы, хореограф» мамандығы бойынша тәмамдаған ұстаз еңбек жолын осы өнер мектебінен бастайды. 12 жылдан аса жұмыс өтілінде қаншама талаптың қанатын қатайтып, талай баланың жұлдызын жақты.
– Өнер – өшпес мұра. Әсіресе, би қимылдары – әрі өнер, әрі спорт. Баланың жетілуіне жақсы әсерін тигізеді. Биден дәріс алған өреннің бітімі бөлек, сұлу қалыптасады. Сонымен қоса бала көпшіліктің алдында өзін еркін ұстауды үйренеді. Сахнада өнер көрсету жас талаптың болашақта ашық-жарқын, асқақ ойлы, тәуелсіз болып қалыптасуына жол ашады. Әрі түрлі сайыстарға қатысып, оқушы шыңдалады, - дейді Ажар Айхынбекқызы.
«Жас келсе – іске», – демекші, білікті маманның шәкірт­тері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан жүлдесіз оралған емес. Мәселен, Ажардың жас үміттері жуырда өткен облыстық «Бозторғай» сайысынан жүлделі 2-орынды алса, республикалық «Ғұмырдария» байқауында және Астана қаласында өткен «Battle Dance» халықаралық жарысынан бас жүлдені иемденіп оралды.
– Өнерлі өрендеріміз аз емес. Бірақ осынау үміттерімді үкілеп байқауларға апаруға мемлекеттен қаржы қаралмаған. Ата-аналар балаларына өздері демеуші болып отырады. Баласының болашағына немқұрайлы қарамай, олардың бойындағы өнерге қолдау көрсетіп отырған барша ата-аналар қауымына алғысым шексіз, – дейді ол.
– Би өнерінің қандай артықшылығын насихаттаған болар едіңіз?
– Талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіктің символы – би өнері ұлттың өзімен бірге жасасып келеді. Көрерменге эстетикалық сезім сыйлайтын өнер адамының тума дарыны, ерекше табиғи қабілеті болуы керек. Музыкалық ырғаққа сай дене қимылы мен қозғалыстары арқылы мың бұралған сан түрлі образды аша білуі сергек сезімталдықты қажет етеді. Бекзат өнер саналатын би көрерменге адамның ішкі жан дүниесі мен мінез-құлқын да дәлме-дәл жеткізуді мақсат етеді. Кейде тіл жеткізе алмайтын дүниелерді бимен айшықтауға болады. Әр халықтың өзіндік ерекшеліктеріне қарай би өнерінің көркемдік бейнелеу мазмұны мен мағынасы да әртүрлі болып келеді, - дейді ол.
Осынау бекзат өнердің өркендеуіне үлес қосып, тал шыбықтай балғындарды би билеуге баулып келе жатқан Ажар Айхынбекқызының еңбегі текке кетіп жатқан жоқ. Оның нақты жемісін келешекте де көретін боламыз.

Айсұлу Алданазар
08 қазан 2024 ж. 170 0