№100 (8914) 31

31 желтоқсан 2025 ж.

№99 (8913) 27

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 (8912) 23

23 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » ЕРТЕГІГЕ ТОЛЫ ЖАҢА ЖЫЛ

ЕРТЕГІГЕ ТОЛЫ ЖАҢА ЖЫЛ


Жаңа жыл – әр баланың жыл бойы асыға күтетін басты мерекесі. Бұл күні әдемі шыршаны айнала ән салып әлдеқайдан әдемі сыйлықтар жауатын күн. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» демекші, «Нұр-Жайна» балабақшасы биыл да бүлдіршіндерді ерекше күйге бөлеп, жылдағы дәстүрге сай мерекеге ерекше дайындалып, ерекше әсермен атап өтті.


М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері балабақша бүлдіршіндерін қуанту үшін «Ертегі кейіпкерлері – Жаңа Жылда» атты қойылымын сахналады. Балалардың сүйікті кейіпкерлерін сомдап, жеткіншектердің танымдық-мәдени деңгейін көтеруді мақсат еткендей. Қойылым барысында «Қарақшы» жыл тізбегіндегі жаңа жылымыз – жылқыны ұрлап кетіп, жаңа жылдың тойланбай қалуын көздейді. Жылқыны құтқаруға Ертөстік батыр аттанып, балалардың өнер көрсетуін талап етеді. Сайқымазақ та, Жылан да өз образын сомдап, балаларды өздерімен бірге ертегі әлеміне қанаттандырады. Осылайша тамаша ертегі әлеміне саяхат жасап, бүлдіршіндердің өнерін тамашалаудың сәті түсті.
«Нұр-Жайна» балабақшасының «Ботақан» және «Құлыншақ» топтарының дарынды балалары топтасып, «Жаңа жыл» әнін шырқады. Аяна Жалғасқызы мен Бегімай Инаяттың орындауындағы ән тыңдарманды баурап алды. Дарынды балалар арасында Әлинұр Мұзаффар, Інжу Құдайқұл, Жібек Әсілхан, Әния Әбубәкір Аяз Ата мен Ақшақарға арнап таппақ айтты. «Аяз Ата» биін билеген «Ботақан» тобының өнеріне көпшіліктің ықыласы артты. «Құлыншақ» тобының заманауи биі де көрермен көңілін көтерді. Флешмоб билеген құттақандай қыздардың өнеріне ел болып сүйсіндік. Бірі домбыра, бірі гитара, бірі ұрмалы аспаптарда ойнаған балақайлардың пародиясына еріксіз әсерлендік.
Одан әрі салтанатты шара аясында бүлдіршіндер мекеніндегі 40-қа жуық балаға тәттілер мен түрлі ойыншықтар тарту етілді. Ал жаңа жыл кешінің басты кейіпкерлері Аяз Ата мен Ақшақардың келуін асыға күткен балалар шырша шамын жақты. Сондай-ақ бұл күні ертегілер әлемінің қаһармандары сомдаған түрлі қойылымдар да балалардың қуанышын еселей түсті.
Балабақша меңгерушісі Венера Аманова: «Біздің балабақшамыз жаңа бағытта қызмет ете бастады. Жыл сайын жаңа жыл мерекесін ұмыт қалдырғанымыз жоқ. Әр баланың өсіп-жетілуіне, жеке дамуына жағдай жасап келеміз. Бүгінгі іс-шарамызды ертегі әлемімен байланыстырып, балалардың бақытты шағы мәңгілік есте қалсын деген ниетпен арнайы ертегі кейіпкерлерін тірілтуді жөн көрдік. Бізге сенім артып, бауыр еті-баласын қолымызға табыстаған ата-аналарға алғыс айтамын» – деді балабақша басшысы.
Расыменде, балалар үшін Жаңа жыл – қиял-ғажайыпқа толы мереке. Өйткені бұл күн барлық бала атаулының аңсаған армандарының орындалатын күні. Сондықтан осынау мерекені бүлдіршіндер тағатсыздана күтеді. Тіпті балалар үшін Аяз атадан артық жомарт жан, жаңа жылдан артық мереке жоқ шығар. Сол себепті балапандардың көңіліне қуаныш, жанына жылу сыйлаған жомарт жандардың бұл ісі көпке үлгі болып, жалғасын таба берсе деген тілектестігімізді білдірдік.

Мақпал МАРҚАБАЙ

27 желтоқсан 2025 ж. 1 080 0