№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балаға мейірім сыйла

Балаға мейірім сыйла


«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады». Осы тәмсілдің мән-мағынасын терең ұққан М. Көкенов атындағы Жаңақорған аудандық мәдениет үйінің ұжымы «Оразадағы 30 игі іс» акциясы аясында қайырымдылық шарасын өткізді. Бала жанарына шат күлкі мен қуаныш сыйлауды мақсат еткен өнерлі жандар кент орталығында орналасқан жаратылысы ерекше бүлдіршіндер тәрбиеленетін арнайы балабақша мен «Нұрлы сенім» бөбекжай тәрбиеленушілеріне қуаныш сыйлады.


Қасиетті Рамазан айында ең жақсы қасиет жомарттықты жанына серік еткен жандар ерекше балаларды қуанышқа бөледі. «Жаңарған Жаңақорған Жас­тары» қоғамдық қорының демеушілігі­мен, аудандық мәдениет үйінің өнер­паздары мұрындық болған игі іс жыл сайын ұйымдастырылып келеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай біздер де өз жоспарымызға бүлдіршіндерге арнал­ған іс-шараларды енгіздік. Солар­дың қатарында ұжым үшін игі дәстүрге айналған қайырымдылық акциялары біздің назардан тыс қалған емес. Осы орайда ерекше балаларға көңіл бөліп, оларға қуаныш сыйлауды мақсат ет­тік. Нәтижесінде көздерінен бақыттың ұшқынын көрсек бұдан артық ғанибетті іс болмас еді, – деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрымжан Бұлдырықов.
Расында қолдан келген көмегін көрсетіп, осындай ерекше балалардың қоғамда өздерін еркін сезінуі үшін барын салған Кенже Әкімбаева, Балмұхаммед Абжаппаров, Тоқтар Әжімұратов, тағы басқа өнерпаздар сахналаған мерекелік кеште балғындар «Ертегі әлеміне» саяхат жасап, қуаныштары еселенді.
Алдымен арнайы балабақшада, одан кейін «Нұрлы сенім» балабақшасына ат басын тіреген өнер ұжымының басты мақсаты да ата-ананың арманы мен үмітін жалғап, өмірінің көркі мен мәні, сәні болған ұрпақ алдында олардың да қоғамның бір мүшесі екенін, сезіндіру еді.
– Біздер алдымен балалардың бәрі бірдей, бейкүнә екенін ұмытпауымыз қажет. Бұл тәрбие орталығындағы ба­лалардың ерекше болуы тағдыры деп қабылдап, сәбилердің бақыты үшін қоғам болып қол созғанымыз жөн. Бүгінде елімізде ерекше балалар мен оларды тәрбиелеп отырған ата-аналар өте көп. Олардың жағдайын жасап, тілін түсіну үшін біраз күш жұмсайсың. Ал оларға таңертеңнен кешке дейін қарайтын, өмірге бейімдейтін тәрбиешілердің жұмысы тіптен бөлек. Бүгін осыған көз жеткізіп, біраз жүрегіміздің ауырғанын жасырмаймын, – деді Кенже Әкімбаева.
Мемлекет тарапынан болсын, демеу­шілердің тарапынан болсын, жаны жомарт жандардың игі істерімен бірқатар жақсылықтың жасалып жатқанына қуанған тәрбие орталықтарының мең­герушілері Жамал Нәлібаева мен Әйгерім Самалбаева алғысын жаудырды.
Шара соңында бүлдіршіндерге «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қо­ғамдық қорының белсенді мүшелері Әб­дісамат Әбдіш пен «AZIZ&NUR» ЖШС-нің басшысы Нұрбол Әзизов баланың ой-өрісін жетілдіріп, дамытуға көмектесетін ойыншықтар үлестірді. Ал мәдениет ұжымы болса бұл соңғы қайырымдылық іс-шарасы еместігін, бұдан былайда жалғасын табатынын айтып, балалармен қимай қоштасты.

Лаура БИБАСАРОВА
12 сәуір 2022 ж. 512 0