«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ағылшынша сөйлеу: табысты болудың тетігі

Ағылшынша сөйлеу: табысты болудың тетігі


«Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігін еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей». Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан үзінді. Президент құнды құжатта ағылшын тілін білудің маңыздылығын атап өтіп, оның үш ерекшелігіне айрықша тоқталады.
Біріншіден, ол дүйім дүниеде, жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір сүру салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек. Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Міне, ағылшын тілін үйренудегі осы үш озықты тізбектей келе, «өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, сананың ашықтығына үндейді.
Расында ағылшын тілін меңгеру – бүгінгі күннің басты талабы. Оған қоса, Мемлекет басшысының рухани жаңғыру мақаласында қабылданған бірнеше жобаға ағылшын тілінің тікелей қатысы бар. Атап айтқанда, Латын әліпбиіне көшу, «Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы мен «100 жаңа оқулық» жобасы бұқараға халықаралық тілдің маңызын жеткізіп тұрғандай. Хош, делік. Әуелі Қазақстан халқының шет тілін білу деңгейін бағамдап алсақ. Жаһан жұртының ағылшын тілін білу деңгейіне қарай түзілетін EF EPI деген рейтинг түзетін ұйым бар. Осы рейтинг бойынша Қазақстан қатарынан үш жыл 54-орында болса, өткен жылы 67-орынға төмендеген. Оның біасты себебі – рейтинг ауқымының ұлғаюы.
Яғни, қосымша мемлекеттер қамтылған. Олардың басым бөлігі – бір кездері Ұлыбританияның қол астында болған ағылшын тіліне басымдық берілген елдер. Сондықтан да Қазақстанның мұндай көрсеткіште біршама төмендеуі заңды құбылыс. Десе де, елімізде жылдан жылға шет тілін оқытудың тиімді тәсілдері мен жаңа технологиялары енгізілуде. Мектеп партасынан бастап, шәкірттердің шет тіліне қызығуын, білімге деген құштарлығын ояту бағытында танымдық белсенділікті арттыруда. Сондай-ақ мектептен тыс уақытта ақылы курстарға жазылу арқылы тіл үйрену жаңақорғандық өрендерге де қолжетімді. Бүгінде бұл бағытта аудан орталығында бірнеше оқу орталығы қызмет көрсетуде. Жұмысымен һәм тынысымен таныспаққа біз де барып көрдік. Бірінші «Мирас» оқу орталығына барғанымызда, жазғы демалысқа шыққанын білдік. Содан келесі бағытты өзгертіп, «Озат» оқу орталығына табан тіредік. Мұнда тамаша бір жаңалықтан құлағдар болдық. Орталық жетекшісі, дәріскер Айдана Нұртаева жазғы тіл үйрену курсын ерекше бағытта бастағанын жеткізді. Яғни, бұл жолғы оқыту курсын шетелдік білікті маман Абдурахман Османмен бірге интенсивті дәрістер жүргізілетінін тілге тиек етті. Аптасына 6 күн өтетін ағылшын тілі курсында ынталы шәкірттер жалпы шет тілін ғана үйреніп қоймай, ҰБТ-ға дайындық, қызығушы жандарға түрік тілін үйрететіні белгілі болды.
Ендігі кезекте шағын орталықтың тынысына тоқталсақ. Біріншіден, мұнда сыныптан тыс сабақтар жиі өткізіледі. Бұл ауызекі сөйлеуді еркін меңгерудегі тиімді тәсіл. Әрі, мектеп бағдарламасынан сөйлесу жеңілдірек болады, – дейді тәлімгер. Африканың Сомали елінен келген Абдурахман Осман жақсы мүмкіндік екенін тілге тиек еткен Айдана Нұртаева тек ертелі-кеш оқып қана қоймай, кент орталығындағы саябақта, кинозалда тілдік тәжірибеден өтетінін сөз етті.
– Дәріс барысына келсек, оқушыларды «Оксфорд» бағдарламасымен оқытамын. Себебі, «Headway» басылымынан шыққан кітаптардың пайдасы өте көп. Әрі, түсіну жеңілірек. Пәнді оқыту дәстүрлі емес, теориялық, практикалық түрде қатар жүреді. Сабақ барысында тәлімгердің деңгейін анықтап отыратын бейнебаяндармен сабақ өткізу жолға қойылған. Қысқасы, ынтаңызға сай, бір-екі ай ішінде ағылшын тілінде еркін сөйлеп шығуға кепілдік береміз, – дейді Айдана Ақәділқызы.
Иә, үш ай уақытқа келген африкалық тіл маманы шет тілін үйренемін деген ынталы жастарға үлкен мүмкіндік. Бұдан өзге кентте бірнеше оқу орталықтары мен жеке үйінен оқытатын ағылшын тілі мұғалімдері бар. Бұл бір. Енді екіншіден тіл үйренуге тағы бір үлкен қайнар бар. Ол – ғаламтор ғаламаты. Интернетті игілікке икемдеп, шет тілін ешкімнің көмегінсіз еркін меңгеруге әбден болады. Тартымды онлайн-ресурстар арқылы қызығушылық пен дайындықты арттыра отырып, екі-үш ай ішінде керемет жетістікке жетуге болады. Қысқа мерзімде пайдалы порталдар арқылы шет тілін үйренудің жеңіл тәсілдерін тарқата айтсақ. Әрине, әуелі ішкі «тілдік барьер» деген қорқыныштан арылу керек. Негізі ағылшын тілін үйрену сіз ойлағандай қиын емес. Тек ниет пен ынта болса болғаны. Мәселен, шет тілінде сөйлей білу ең кемі 300-400 сөз жаттасаңыз жеткілікті. Бұл – ағылшын тілді адамдардың күнделікті пайдаланатын сөздік қорының 65 пайызы. Оған тіл үйрететін арнайы сайттардың қатысушыларымен күніге бейнеқоңырау арқылы сөйлессеңіз, тез меңгеруге болады. Оған қоса, ағылшын телеарналары мен радиоларын қосып, тыңдауды әдетке айналдырған абзал. Ю-туб желісінен видеоблог қарап, құлақты «үйретуге» мүмкіндік мол. Әрине, сайтты ғана пайдаланып, ағылшын тілінде сайрап шығасыз деген түсініктен аулақпыз. Тек тіл үйренуге бел буып, бағыт алған адамдарға интернеттегі кейбір медиа-ресурстардың өзіндік пайдасы бар.
Түйіндей айтқанда, Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек», – деді. Яғни, бәсекелестік ортаға түсуге лайық қабілеттілікке компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу сынды алғышарттарының болуы абзал. Ол үшін мектеп бағдарламасынан бөлек, ақылы оқу орталықтары мен онлайн-ресурстардың мүмкіндіктерін қатар игерген жөн.

Әбдісамат ӘБДІШ.
15 маусым 2018 ж. 1 182 0