“Ақсымбат” балабақшасы ашылды

Жаңақорған кентінде желтоқсанның алғашқы аптасында тағы бір балалар бақшасының лентасы қиылды. Негізінде, бұл аталған «Ақсымбат» балалар бақшасының түп қазығы 2013 жылдың мамыр айында қаланды. Жаңауыл елді мекені аумағында алғашында 50, кейін 75 бүлдіршінді саялы құшағында тәрбиелеп келген сәбилер мекенінің ғимаратын жаңа жайға көшіріп, заманауи стильде толықтай жабдықтауды ойға алған балабақша құрылтайшысы – аудандық мәслихат депутаты Ақмарал Маликованың қажырлы еңбегін екі қабатты ғимараттың ішкі-сыртқы сән-салтанаты айшықты ажар-келбетімен айқындап тұрғандай.
Балалар мекенінің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов құттықтауын төмендегіше жеткізді.
– Заман талабына сай жабдықталған «Ақсымбат» балалар бақшасында бүлдіршіндерге жан-жақты жағдай қалыптасқан. Осындай мүмкіндікке өз қажыр-қайратымен қол жеткізген аудандық мәслихат депутаты, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, кәсіпкер Ақмарал Орманәліқызына алғысымыз шексіз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Балалар – еліміздің басты байлығы. Оларға қамқорлық жасау – мемлекетіміздің қасиетті міндеті» деген болатын. Президенттің бұл тапсырмасы аудандағы әр жобада шынайы көрініс тауып келеді. Осы қатарда «Ақсымбат» балабақшасының жаңартылып, қайта ашылуы құтты болсын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Балабақшаның ашылу салтанатында ел ағалары Өмірсерік Тақырбасов, Айсара Нәлібаева, Әбдіхалық Наметов сөз алып, жылы лебіз білдірді.
2 жас пен 5 жас аралығында, яғни «Балбөбектен» мектепалды даярлық тобына дейінгі 200 баланы қамтуға мүмкіндігі бар құтты мекенде 20-ға жуық педагог маман қызмет етеді. Балалар бақшасы әдіскері Рәбиға Бөлекова әрбір топпен жеке-жеке таныстырып шықты.
Мұнда құмның бетіне сурет салу-құм терапиясы бала жанына жайлылық сыйласа, спорт зал ертелі-кеш балақандардың кезектесе жаттығатын мекеніне айналған.
Логопед бөлімінде тілінде мүкісі бар балғындармен жаттығу жұмыстары өтуде. Ал тұзды шахта бала миын тынықтырумен қатар түрлі вирустық сырқаттанушылықтың алдын алуға сеп. Бес жастағы «Ересектер» тобы мектепке даярлықтан өтіп жатыр.
Балабақшадағы өнерлі балақандар қонақтарды жетіген аспабында «Айым болып тудың ба?» әнімен қарсы алып, көңілдерді хош етті.
Балабақшаға барған баланың дарын-қабілетін айқындаған кеш қариялардың батасын алумен түйінделді.
Баян Үсейінова




