№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 45 жылдық тарихы бар балабақша

45 жылдық тарихы бар балабақша


Балғындардың бойына азаматтық құндылықтарды сіңіріп, өнер мен білімге баулитын алғақшы мектеп – ол балабақша. Сондай балалар мекенінің бірі Ақүйік ауылдық округі әкімі аппаратының №7 «Қызғалдақ» бөбекжай-балабақшасы. 45 жылдық тарихы бар бөбекжайға арнайы келіп, ішкі өмірімен тыныстауды жөн көрдік.


Балалар мекені 90-шы жылдардың тоқырау кезеңінде жұмысын тоқтатқан екен. Ауыл халқының ауызбіршілігі мен ынтымағының арқасында 2005 жылы қайта ашылыпты. Қазіргі таңда талай отбасының үмітін мектеп өміріне қанат қақтыруда аянбай еңбек етіп келеді.
Бір әттеген – айы, ғимарат ескі, бөлмелері тар. Ғимараттың материалдық жағдайы сын көтермейді. Балабақша басшысының айтуынша, кезекте тұрган бала саны да көп. 90 орындық бөбекжайдың сметасы жасалып, жері де белгіленіп қойылған екен. Алайда мәселенің шешімі әлі табылар емес. Соған қарамастан мұндағы көңіл-күй мүлде басқа. Ашық-жарқын қабақта қарсы алған бөбекжай ұжымындағылардың ажарынан татулық пен ынтымақты байқау қиын емес.
– Қайта жаңғырып жұмысты жүйелегенімізге 14 жыл болды. Бүгінде үш топта 65 бала тәрбиеленуде. Өзім де 10 жыл тәрбиеші болып жұмыс жасадым. Бала тәрбиелеудегі адал еңбегімнің ақталғаны деп білемін, өткен жылы меңгеруші болып тағайындалдым. Бөбекжайда 26 қызметкер бар, оның ішінде 10-ы педагог барлығы бірінші санатты мамандар. 16-сы кіші қызметкерлер. Әр қызметкердің басты міндеті – бүлдіршіндерге шат күлкі сыйлау. «Үйретер нәрсең – білім мен мейірімділік», – деп Жүсіп Баласағұн айтқандай ұжымымыз әрбір күнін ізденіспен өткізеді. Соның бір дәлелі бүлдіршіндеріміз республикалық «Таным топ» балалар байқауында финалға өтіп, «Дипломмен» марапатталды, – дейді бөбекжай меңгерушісі Гүлдана Момынханова.
Бөбекжайдың бір күнімен танысуды мақсат еткен біз уақыт оздырмай, шағын бөлмелердің біріне бас сұқтық. Ересек «Қарлығаш» тобында тәуелсіздік мерекесіне орай ертеңгілік сабағы өтіп жатты. Балалар ән айтып, би билеп өнерлерін ортаға салды. Өнерімен ерекшеленген Айсұлу Сейсенбай көрермен көңілінен шықты.
– Ересек тобында 5 жастағы балалар тәрбиелеуде. Оқу қызметіміз бес сала бойынша өтіледі. Балалардың жан-жақты, үйлесімді болып қалыптасуы балабақшадағы тәрбие мен білімге тікелей байланысты. Шағын ауылда ағылшын, орыс тілі мамандары тапшы, осы олқылықтың орнын толтыруда «Сиқырлы қалам» бағдарламасы бізге тиімді. Балалар өте зерек, алғыр, айтқанды бірден ұға қояды. Инновациялық технологияның балаларға берері мол. Шама-шарқымыз келгенше республикалық додаларға қосып бала бойындағы қабілетін ашуға тырысамыз. Айсұлу Сейсенбай «Тәуелсіздік – тұғырым» атты республикалық байқауда алғы орыннан көрінді, – дейді Гаухар Елғондиева.
Жаңа заман баласы – елдің ертеңгі болашағы. Оның қыр-сырын анықтап, қабілетінің ашылуына бүгіннен жағдай жасау қажет.
Ғимараттың тарлығы мен жаңа заман талабына сай келмеуі қолбайлау болары анық. Осы орайда елді мекен тұрғына Меруерт Әшірбаеваның айтары бар екен.
– Бөбекжайдың ескі ғимаратта орналасуы арқамызға аяздай батады. Мемлекет қарамағындағы балалар мекенін жаңа жайға көшіру мәселесінде осындағы босап қалған дәрігерлік нысан көзделіп отыр екен. Бұл да көңілімізден шығып тұрғаны жоқ. Талай ауру-сырқау сартөсек болған тар орын сәбилерімізге пана болып жарыта ма?
Тұрғындар пікірі осындай. Бұл аумақтан балабақшаға мұқтаж отбасылар үшін білек сыбана жұмыс жасауға атсалысқан бірде-бір жеке талапкердің табылмауы да көңілге кірбің ұялатты.
Қалай болғанда да, баланы жан-жақты дамыту – заман талабы.

Майра Ғаниева
20 желтоқсан 2019 ж. 977 0