Ортақ мүдде мен оң талаптың жемісі

Аудан әкімінің халыққа есеп беру кездесуі соңғы аптада тау беткейдегі ауылдарда жалғасты. Төменарық аймағындағы елді мекендермен түйінделді. Негізінен мал шаруашылығына ден қойып, нәпақасын содан тауып отырған ауылдағы ағайынның айтары – инфрақұрылым жайы.
Төменарық аймағының ахуалы
Ауданда халық саны жөнінен үздік үштікке кіретін Төменарық ауылының ахуалы жақсы деуге болады. Биыл екінші жыл табиғи газдың игілігін көріп отыр. Ауылда аурухана бар, әлеуметтік нысандардың басым көбі жаңаланды. Инвестиция көлемі артып, биыл екі бірдей орталық іске қосылды. Жалпы елді мекендегі тіршіліктің түтіні түзу.
Екпінді елді мекенінде де атқарылған жұмыс аз емес. Жарық жаңғырып, ескі жолдар жөнделді. Жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Әйтсе де ауыл халқы байланыстың нашарлығын алға тартты. Сүттіқұдық ауылдық округінде де атқарылған жұмыс аз емес. Көпшілік ауылдағы иесіз көлдерді мемлекеттің меншігіне алу мәселесіне ықпал жасауды сұрады. Мұнымен тиісті мекеме айналысып, жауабын беретін болды. Ауылдағы Ә.Молдағұлова көшесіне жаяу жүргіншілер жолын (тротуар) салу жұмысы келесі жылдың еншісіне қалды.
Сунақата ауылдық округі Еңбек елді мекенінің халқы №242 негізгі мектепті 11 жылдыққа ауыстырып беруді сұрады. Бұл облыстық білім басқармасы құзыретіндегі мәселе. Ауыл тұрғындары М.Қаратаев көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруді сұрады, бұл да келер жылдың есебінде. Ал мемлекеттік балабақша салуға ықпал жасау алдағы уақыттың еншісінде. Жайылма мен Шалқияның тұрғындары «көгілдір отынның» келгеніне, ауылда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Тау беткейдегі ауылдардың бүгіні
Ауданда алғаш болып газдың игілігін көрген Ақкүйік пен Қыраш ауылындағы ағайынның айтары алғыс. Тек Ақүйік ауылдық округіндегі №7 «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасын «көгілдір отынға» ауыстыру мәселесі әлі өзекті. Бұл іске тікелей білім бөлімі жауапты. Тапсырма берілсе, орындалатын мәселе. Қыраштықтар 6 шақырым қашықтықта орналасқан «Қайнар» бұлағынан елді мекенге келетін су құбырын жөндеп беруді сұрады. Бұл мәселемен жауапты сала мамандары айналысады.
Қосүйеңкінің халқы табиғи газдың қосылуын сұрады. Әкіммен әрбір кездесуде халықтың қояр сауалының жауабы белгілі. Бірер жылда Бесарықтағы АГТС салынса, осы аймаққа жақын ауылдар газбен қамтылады.
Манап ауылдық округіне қарасты Талап бекетінде электр қуаты төмен. Осыған байланысты трансформатор орнатып беруін сұраған көпшілік жобаның тезірек жүзеге асқанын қалайды. Талап бекетіндегі жергілікті жұрт спорт алаңының төсеніштерін ауыстыруға ықпал жасауды айтты. Бұл уақыт күттірмейтін міндет, орындауға да мүмкіндік бар, қазір әр ауылдың бюджеті өзінде. Талап ауылдық округіндегі Қазақстан көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу 2026 жылдың күнтізбесінде тұр. Сол секілді ауылдықтар мешіттің көшесі мен Қазақстан көшесін жарықтандыру мәселесін алдыға қойды. Бұл ауыл әкімінің деңгейіндегі құзыреттілік. Бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан Жаманбай батыр ауылдық округіне мемлекеттік балабақша салу мәселесі бұл жолы да айтылды. Алдымен елге қажетті инфрақұрылым жайы реттелсе, мұның да ауылы алыс емес.
Жаңақорған кентінде инфрақұрылым мәселесі толықтай шешімін тапты. «Көгілдір отынды» пайдалану деңгейі 90 пайыздан асты, сондай-ақ көшелер асфальттанып орташа және күрделі жөндеуден өтті, жарық жүйелері де жаңғырды. Орталықтандырылған ауызсу бойынша Ипподром мен МАИ бекеті мөлтек аудандарына құбыр тарту құрылысы басталды. Келер жылы аталмыш аймақ тұрғындары ауызсу игілігін көретін болады. Жалпы әлеуметтік салаға салынған инвестиция соңғы екі жылда жақсы нәтиже көрсетті. Келер жылы да бұл жұмыстар жалғасын табады. Аудан басшысы Жаңақорған кентінің тұрғындарымен де кездесіп, аудан орталығындағы атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Әли ТЕМІРБЕК



