“Зеректің” шәкірттері жүлдемен оралды

Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған «Дарынды 1000 бала» атты республикалық форум өз мәресіне жетті. Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақ арасында адалдық, еңбексүйгіштік, рухани тазалық пен отансүйгіштік құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ шығармашыл, ізденімпаз оқушыларды қолдау болып табылады. Осы ауқымды форумға қатысқан Жаңақорған ауданы, «Зерек» жалпы орта мектебінің дарынды оқушылары өздерінің білімдері мен шығармашылық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетіп, жүлделі оралды.
Атап айтқанда, Фарида Маханова жетекшілік ететін топта Еркежан Сайлаубек, Диас Бақтыбаев, Нұрәділ Жұмаділла жеңімпаз болса, Мөлдір Асқарованың шәкірттері арасынан Ринат Абдумажит, Айша Дарханқызы, Ералбек Әлмағанбет, Эльдар Кенжебек және Урзада Шерімбетованың оқушылары арасында Айсәуле Әбдіманапқызы мен Алуа Орынхожаның білім бәсекесінде бағы озды. Ал Гүлнәр Махамбетованың шәкірті Аяулым Темірбек республикалық деңгейде үздік нәтижелер көрсетіп, I дәрежелі диплом, құрмет грамотасы және «Үздік дарынды оқушы» төсбелгісімен марапатталды.
Бұл жетістік – оқушылардың ынтасы мен ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі. «Зерек» мектебінің ұжымы жас дарындарды және олардың жетекшілерін салтанатты түрде күтіп алып лайықты жеңістерімен құттықтады.
Мектеп директоры Ұлпан Әлмағамбетқызы олардың алдағы уақытта да шығармашылық шыңдарды бағындыруына тілек білдірді.
Мөлдір ИСЛАМҚЫЗЫ



