Бүгін Парламент Мәжілісінде «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы қызу талқыланды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова өз баяндамасында банк секторының жұмысы жүйелі жолға қойылғанын атады.Алайда депутаттар агенттік басшысының сөзімен келіспейді. Олар банк саласының мүддесін қорғайтын лоббистер ресми органдарда отырған кезде, жағдайдың түбегейлі түзелуі қиын екенін алға тартты.
Расында, бүгінде қолданыстағы заң нормалары көбіне банк секторын қорғауға бағытталған. Ал ең көп зардап шегетін – қарапайым халық.
Мысалы, әлемдік тәжірибеде екінші деңгейлі банктердің кредиттік мөлшерлемесі орта есеппен 36 пайыздан аспайды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш бір кездері 56 пайызға дейін жетіп, кейін 46 пайызға төмендеді. Бірақ мұның өзі – халықты қанаумен пара-пар.
Шартты түрде айтқанда, тұтынушылық мақсатта 5 мың теңге алған адам оны 15-20 мың теңге етіп банкке қайтарады. Бұл әделетті ме? Әрине, әділетсіз!
2024 жылдың ақпан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25 пайыздан 14,75 пайызға дейін төмендеткені белгілі. Алайда 2025 жылдың қазанында қайтадан 18 пайызға көтерді. Мұның салдары тұтынушылық, ипотекалық және кәсіпкерлік бағыттағы кредиттің қымбаттауына әкелетіні анық.
Салыстырмалы түрде алсақ, Жапонияда кредиттің базалық ставкасы – 2,23 пайыз, Францияда – 3,45 пайыз, Германияда – 3,92 пайыз, Оңтүстік Кореяда – 4,03 пайыз, ал Қытайда – 4,35 пайыз. Бұл елдерде екінші деңгейлі банктер экономиканың дамуына елеулі үлес қосып отыр деген сөз.
Ал біздің жағдайда керісінше: кредиттің пайызы жоғары болған сайын халықтың әлеуметтік жағдайы төмендей түседі. Сарапшылардың пікірінше, егер банктердің пайыздық мөлшерлемесі төмендесе, азаматтар өз тұрмысын өз күшімен реттей алар еді. Қазір, өкінішке қарай, адамдар кредиттен кредитке дейін өмір сүріп, банкке қызмет істейді.
Үкімет пен Ұлттық банк қарапайым халыққа деген көзқарасын өзгертпейінше, пайыздық мөлшерлеме төмендемейді. Себебі кредит пайызының жоғары болуы – белгілі бір топқа тиімді.
Неліктен? Өйткені кредиттің пайыздық мөлшерлемесі депозит табысына тікелей әсер етеді. Ұлттық банк кредиттеуді 18 пайыз деңгейінде белгілесе, екінші деңгейлі банктер депозиттер бойынша дәл сол мөлшерлемемен табыс кепілдейді. Мәселен, банкке 100 миллион теңге депозит салған адам ай сайын 18 миллион теңге табыс табады. Демек, заңдар ат төбеліндей аз топтағы бай-бағландардың мүддесіне қызмет етеді.
Президент айтқандай, ел байлығының тең жартысы – небәрі 162 адамға тиесілі. Ұлттық банк те, соған сәйкес қаржы саясаты да сол аз ғана топтың мүддесін көздеп отыр.
Міне, мәселенің түп-төркіні осында!