Аудандық сын: алғашқы әскери лига

Облыс әкімінің жүлдесіне арналған «Сыр лигасы» аясында «Алғашқы әскери лига» әскери қолданбалы спорт түрлерінен аудандық сайыс мәресіне жетті. Аманкелді Абдуллаев атындағы зияткерлік мектеп интернаты базасында өткізілген аудандық бәсекеде 7 команда өзара мықтыны анықтады.
Алдымен барлық қатысушы мектеп командалары жиналып, мандаттық отырысында қатысушы командалардың құжаттары жиналып, жеребе тасталды. Аудандық кезеңге Орталық №1 аймағы атынан №51 орта мектеп командасы, Орталық №2 аймағы атынан А.Абдуллаев атындағы мектеп командасы, Сығанақ аймағы атынан №166 мектеп, Ынтымақ аймағы атынан №293 мектеп, Тау аймағы атынан №161 мектеп, Сыр аймағы атынан №245 мектеп, Аққорған аймағы атынан №192 орта мектеп командасы қатысты.
Мектеп интернаты директоры Жасұлан Жолдасбаев, Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің АӘТД пәні әдіскері Әлішер Камалдин, №167 орта мектеп АӘТД пәні о/ұ Ағайдар Мадалиев салтанатты жиынды ашып, сайысқа қатысушы мектеп командаларына сәттілік тіледі. №192 орта мектеп Арман Егембердиев сайыстың ережесін таныстырып сайысқа қатысушыларға табыс тіледі.
Сайыс бағдарламасы бойынша пневматикалық винтовкамен нысана ату, пневматикалық винтовкамен жылдамдыққа ату, «АК-74» оқу қаруын жартылай бөлшектеу/жинақтау, «АК-74» оқу қаруының оқжатарын патрондармен жарақтау, жалпы әскери қорғаныш жиынтығын кию, кермеде тартылу (турник), шалқалап жатып денені көтеру (пресс), командалық эстафета сайыстары бойынша сынға түсіп, бақтарын сынады. Сайыс барысында ту енгізіліп, мемлекеттік гимн дыбыс күшейткіш арқылы орындалды. Сайысқа қажетті нысана, басқа да керек-жарақ заттармен қамтамасыз етілді. Барлық қауіпсіздік шаралары, ережелері ескеріліп орындалды.
«Алғашқы әскери лига» аудандық сайысына қатысушы командалар төмендегідей көрсеткіш көрсетті. І-орынды 46 ұпаймен А.Абдуллаев атындағы мектеп интернаты, ІІ-орынды 43 ұпаймен №293 орта мектеп, ІІІ-орынды 34 ұпаймен №192 орта мектеп және 28 ұпаймен №245 орта мектеп иеленді. Сайыстың қорытынды бөлімінде орын алған жеңімпаз командалар мен үздік нәтиже көрсеткен оқушылар білім бөлімі басшысының арнайы дипломы және медальдармен марапатталды.
Арман ЕГЕМБЕРДИЕВ,
бірлестік жетекшісі




