ЖАҢА БРЕНД – БЕСАРЫҚ ҚАРБЫЗЫ

«Бесарықтың қарбызы» деген жаңа бренд сауда нүктелерінің сәнін келтіріп тұр десек артық айтпаспыз. Қаратаудың таза бұлағына қанып, құнарлы топырағынан нәр алып піскен дәмнің тіл үйірері даусыз. Биыл Бесарықтың шаруалары Жайылманың диқандарын басып озды. Нарыққа бірінші шығарған, қарбызы тәттілігімен тәнті етті.
Ала жаздай күннің астында, желдің өтінде маңдай терін төккен еңбекші ағайын биыл да сол кәсібінен нәсіп тапты. Жинаған қауын-қарбызын қалаға әкеліп, тұрғындарға сатып жүр. Диқандардың бұл науқаны қара күзге дейін жалғасады.
Елімізде қауын-қарбыз өндірісі жөнінен Сыр өңірі алдыңғы қатарда келеді. Дария бойындағы диқандар жылма-жыл 10 мың гектарға жуық бақша дақылдарын егеді. Оны өсіруде облыста Жаңақорған алда тұр. Оның ішінде «Жайылма» мен «Бесарық» ауылдарындағы диқандардың өнімдері халыққа өте таныс.
Жаңақорған ауданындағы Бесарық қарбызының биылғы өнімі диқандар көңілінен шығып отыр. Алажаздай тәтті өнімді баптаған шаруалар қарбыздың алғашқы легін Ресейге экспортқа жіберді. Қазақстанмен қатар көршілес Ресейдің Челябинск қаласының тұрғындары біздің қауын-қарбызға, сұранысты арттырды.
Бесарық ауылындағы шаруа қожалықтары 300 гектар жерге бақша өнімдерін егіп, 10 мың тонна аралығында өнім жиналады деп күтілуде. Ал, оның 3 мың тоннасы Ресейге, қалғаны солтүстік облыстарға және өз өңірімізге жіберіледі. Оның ішінде 50-100 тонна қарбыз Астана қаласында өтетін республикалық жәрмеңкеде сатылды.
Биыл ауыл іргесіндегі қоймаға жиналған су көлемі шаруаларға дем берді. Жаңа әдіс-тәсілге сай диқан қауымы суды үнемдеп қарбыз екті. Яғни, бір жүйемен суландыруды қолға алды. Бұл Бесарықтағы диқандардың жыл сайын кəсіп еткен қарбыз дақылын өсіруге деген еңбекқорлығын көрсетеді.
– Осы күндері қарбызымыз Қазақстанның әр аумағына жөнелтілді. Жан-жақтан сұраныс бар. Тәттілігі тіл үйірер қарбызымыз қолдан-қолға өтіп кетіп жатыр. Бес-алты диқанның қарбызы тиімді бағада сатылып, табысқа жетті, – деді ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев.
Айта кету керек, «Бесарық қарбызы» деген жаңа брендтің даңқын шығарған қарбыздан биыл дәм татқысы келген халықтың қарасы көп. Әйткенмен, арасында Түркістанның қарбызын осы ауылдікі деп алдап сатып жібергендер де жоқ емес.
Диқандар биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан жергілікті өнімді дер кезінде тұтынушыға ұсыну үшін барын салды. Дәрісіз, барлық талапты сақтай отырып өсірілген ауыл қарбызының бағасы шаруаға да, сатып алушыға да тиімді.
Биылғы басты жаңалық – «FORA F1» деп аталатын қарбыздың жаңа сорты. Мұны қолға алған Сержан Баймахановтың, диқандықты кәсіп еткеніне 10 жыл болыпты.
– Шүкір, осы еңбектің арқасында несібемізді теріп келеміз. Биыл 1 гектар жерге қарбыздың «FORA F1» сортын ектік. Одан 60 тонна өнім шықты. Ерекшелігі, көлемді, дәмді және пішіні сопақша болып келеді. Үлкенінің өзі 35 келіге дейін барады, – деді ол.
Иә, расымен де Жайылманың қарбызы ерекше дәмді. Өйткені, өнім шұрайлы жерде өседі. Оған қоса таудың суымен суарылған қарбыз тәтті болады дейді еңбеккерлер.
Мақпал МАРҚАБАЙ




