№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бесарықтың бал татыған қарбызы

Бесарықтың бал татыған қарбызы


«Бесарықтың қарбызы» деген жаңа бренд сауда нүктелерінің сәнін келтіріп тұр десек, артық айтпаспыз. Қаратаудың таза бұлақ суына қанып, құнарлы топырағынан нәр алып піскен қарбыз дәмі тіл үйіреді. Биыл Бесарық шаруалары Жайылманың диқандарын басып озды. Қарбызының тәттілігі де елді тәнті етті.
Ала жаздай күннің астында, желдің өтінде маңдай терін төккен еңбекші ағайын биыл да сол несібесін жинауды бастап кетті. Жинаған қауынқарбызын қалаға әкеліп, тұрғындарға сатып жүр. Диқандардың бұл науқаны күзге дейін жалғасады. Елімізде қауын-қарбыз өндірісі жөнінен Сыр өңірі алдыңғы қатарда келеді. Дария бойындағы диқандар жылма-жыл 10 мың гектарға жуық бақша дақылдарын егумен айналысады.
Оны өсіруде облыста Жаңақорған ауданы алда тұр. Оның ішінде «Жайылма» мен «Бесарық» ауылдарындағы диқандардың өнімдері халыққа өте таныс.Жаңақорған ауданындағы Бесарық қарбызының биылғы өнімі де диқандар көңілінен шығып отыр. Ала жаздай тәтті өнімді баптаған шаруалар қарбыздың алғашқы легін Ресейге экспортқа жіберді. Қазақстанмен қатар көршілес Ресейдің Челябинск қаласының тұрғындары біздің қауын-қарбыздан дәм татып үлгерді.
Бесарық ауылындағы шаруа қожалықтары 300 гектар жерге бақша өнімдерін егіп, 10 мың тонна аралығында өнім жиналады деп күтілуде. Ал, оның 3 мың тоннасы Ресейге, қалғаны солтүстік облыстарға және өз өңірімізге жіберіледі. Оның ішінде 50-100 тонна қарбыз Астана қаласында өтетін республикалық жәрмеңкеде сатылды. Биыл ауыл іргесіндегі қоймаға жиналған су көлемі шаруаларға дем берді. Жаңа әдіс-тәсілге сай диқан қауымы суды үнемдеп қарбыз екті. Яғни бір жүйемен суландыруды қолға алды. Бұл Бесарықтағы диқандардың жыл сайын кəсіп еткен қарбыз дақылын өсіруге деген ынтасын көрсетеді. – Осы күндері қарбызымыз Қазақстанның әр аумағына жөнелтілді. Жан-жақтан сұраныс бар. Тәттілігі тіл үйірер қарбызымыз қолдан-қолға өтіп кетіп жатыр. Бес-алты диқанның қарбызы тиімді бағада сатылып, табысқа жетті, – деді ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев. Айта кету керек, «Бесарық қарбызы» деген жаңа брендтің даңқын шығарған қарбыздан биыл дәм татқысы келген халықтың қарасы көп. Әйткенмен, арасында Түркістанның қарбызын осы ауылдікі деп алдап сатып жібергендер де жоқ емес. – Диқан егеді, көлігі барлар осы егіс даласынан алып кетеді. Негізі бізге де Жаңақорған трассасының бойында көлеңкелі шатыр орнатып, «Жайылманың қауын-қарбыз» базар ашса артық болмайды.
Міне, сол кезде барша ел біздің өнімді мойындар еді. Ауылда келісі 45-50 теңге аралығында сатылуда, – деді ауыл тұрғыны Фарида Жалғасқызы.
Диқандар биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан жергілікті өнімді дер кезінде тұтынушыға ұсыну үшін барын салды. Дәрісіз, барлық талапты сақтай отырып өсірілген ауыл қарбызының бағасы шаруаға да, сатып алушыға да тиімді. Биылғы басты жаңалық – «FORA F1» деп аталатын қарбыздың жаңа сорты. Мұны қолға алған Сержан Баймахановтың айтуынша, диқандықты кәсіп еткеніне 10 жыл болыпты.
– Шүкір, осы еңбектің арқасында несібемізді көріп келеміз. Биыл 1 гектар жерге қарбыздың «FORA F1» сортын ектік. Одан 60 тонна өнім шықты. Ерекшелігі көлемді, дәмді және пішіні сопақша болып келеді. Үлкенінің өзі 35 келіге дейін баруы керек, – деді ол.
Иә, расымен де Жайылманың қарбызы ерекше дәмді. Өйткені, өнім шұрайлы жерде өседі. Оған қоса таудың суымен суарылған қарбыз тәтті болады дейді еңбеккерлер. Жалпы қауын-қарбыздың нағыз жетілу маусымы – шілде айының соңы мен тамыз айының басы. Олай болса, тамылжыған тамызда уылжып піскен қауынға, шөл бастырар қызыл қарбызға да қол жеткізіп, ауыз тие аласыз...

Мақпал МАРҚАБАЙ



23 шілде 2024 ж. 330 0