Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » ҰСТАЗ ДЕГЕН ЖАРЫҚ КҮНІ ҒАЛАМНЫҢ...

ҰСТАЗ ДЕГЕН ЖАРЫҚ КҮНІ ҒАЛАМНЫҢ...


5 қазан – ұстаздар күніне орайластырылған салтанатты шара қасиетті мекеніміздің оқу ордаларында білім шырағын маздатып, келешекті кемел білімге сусындату жолында тер төгіп келе жатқан асыл жандарға көрсетілген зор құрметпен ерекшеленді. Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына байланысты» деген екен. Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде «Ұстазым – ұлттың шырағы» атты тақырыпта салтанатты шара өтті. Жиынды ашқан аудан әкімі Мажит Самитов аудандағы ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтады.


– Құрметтi ұстаздар, сала ардагерлері! Баршаңызды кәсiби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаз – қоғамдағы ең құрметтi де қадiрлi мамандық. Өйткенi адами ізгі қасиеттерге бай ұстаз өз шәкiрттерiнiң жүрегiнде бiлiмге деген құштарлықты және Отанына деген сүйiспеншiлiктi оятады. Әрқайсымыздың жүрегімізде ұстазға деген құрмет сезімі шексіз. Ұстаздар күні – бұл дәстүрлі әрі бүкілхалықтық мереке. Ертеңгі күннің еншісі – бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланады. Осындай жауапты маман­дықты меңгеріп, білім беру жолында талмай еңбек етіп келе жатқан баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Ізгілік пен ізденісті жоғары қойып, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие берудегі қызметтеріңіз жемісті болсын! Сiздерге зор денсаулық, мол береке, ұстаздық жолда шығармашылық табыс тiлеймiн, – деді аудан басшысы.
Аудан әкімі одан әрі білім саласының бағындырған белістері жайында сөз етті. Бүгінгі күні аудан бойынша білім беру ұйымдарында 2825 педагог еңбек етуде. Олардың 2734-і жоғары білімді меңгерсе, 91-і арнаулы орта білімді тәмамдаған. Сапалы бiлiмге қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету, бiлiм берудiң бәсекеге қабiлеттi­лігiн арттыру мақсатында мемлекеттiк бағдарламалар қабылданып, кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жыл сайын ауданымызда заманауи үлгідегі мектептер мен балабақшалар бой көтеріп келеді. Өткен жылы кент орталығынан 600 және 300 орындық 2 жаңа мектеп, Ақүйік ауылдық округінде 90 орындық балабақша ел игілігіне пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда Жаңақорған кенті, МАИ бекеті мөлтекауданынан 300 орындық және Байкенже елді мекенінде 150 орындық мектептің құрылысы аяқталып, ел игілігіне табысталды. Одан бөлек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жаңарық ауылынан 300 орындық және Жаңақорған кенті, Саяжай мөлтекауданында 600 орындық мектептің құрылысы жүруде. Жаңа құрылыстармен қатар 41 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, балалардың қауіпсіз тасымалы үшін 4 жаңа автобус қызмет етуде. Осы жасалып жатқан қамқорлықтардың барлығы балалардың толыққанды біліммен жан-жақты қарулануына берік негіз қалап отыр деуге негіз бар.
Айтулы шарада бірқатар ардагер ұстаздар мен өз ісінің үздіктері марапатталды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының оқу ағарту министрінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен Әлқожа Айдаров, Бибісара Шайхсламова, Ақмарал Сопбековалар марапатталды.
ҚР Оқу ағарту министрлігінің «Құрмет» грамотасына Жәмила Тілеубергенова, Мұқтарәлі Мүспенов, Нұрлан Бердиев, Әлия Берділлаевалар ие болды. Сондай-ақ, Оқу ағарту министрлі­гінің «Алғыс хатымен» Қалия Әбдиева, Ғазиза Бегентаева марапатталды.
Жиын соңында аудандық мәдениет саласының майталман­дары ұстаздарға арнаған жыр-шашуларымен сахна төрін көріктендірді. Олардың қатарында талантты әнші Құралай Әлиева «Ұстазым, менің ұстазым» әнін шырқаса, «Шабыт» бишілер ансамблінің ұлттық нақыштағы биіне көптің қошеметі артты. «Бисұлтан» би тобының «Алтын Адам» биі көптің көкейінен шықты. Бесарық өнер мектебі, Әлшекей атындағы өнер мектебі және Түгіскен өнер мектебінің ұстаздарынан құралған оркестрдің сүйемелдеуімен табиғи дауыста шырқалған әндер әр тыңдарманның жүрегінен орын алды. Дәстүрлі шараның қонақтарына аудандық білім бөлімі және кәсіподақ комитеті атынан арнайы сыйлықтар тағайындалып, ұстаз қауымына ерекше құрмет көрсетілді.
Мәдениет үйінің фойесінде мектеп оқушыларының жа­санды интеллект және робототехника үйірмелерінің жұмысы тамашаланды. Еліміздің білім саласындағы тың жаңалықтары жайында кең мағлұмат алдық.

Мақпал МАРҚАБАЙ
04 қазан 2025 ж. 1 136 0