Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Математика – ғылымдардың төресі

Математика – ғылымдардың төресі


Ғылымсыз алға даму жоқ. Ал математика – ғылымдардың атасы саналады. Адам ақыл-ой таразысын теңгеріп, есебіне жүйрікті елдің алдына шығарар осынау білімнің негізін өмірге көзін жаңа ашқан өскіннің көкірегіне қалай егуге болады?

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін он жыл өткенде бірінші рет тақта алдына келіп, алғашқы сабағына кіріскелі тұрған біздің бүгінгі кейіпкеріміз – аудан орталығындағы №286 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Данияр Әбенұлы түк те саспағанын айтады. Оқулықтың бірінші бетін ашқаннан мектепте есеп сабағынан дәріс берген Жұмагүл апайының әдіс-тәсілі, талабы көңіліне өз-өзінен құйылып, көкірегі сайрап сала беріпті. Қара тақтаның бетін құнары мол жатық тілмен үндескен есептің ережелерімен өрнектеп тұрып жан-жүрегі аяулы ұстазына алғыс сезімге толды. Осы сәт жанары жәудіреп алдында отырған балақандарға қарап өзінің бала күнгі бейнесі ойға оралды. Нақ осылардың жасында өзіне математикадан сабақ берген Жұмагүл апайы сандардың сырына алғаш қызығушылығын оятпап па еді? Математика дегеніңіздің ғажайып теңдеулер өрнегімен өрісіңді кеңейтер, тереңіне үңілгенді тылсымына тарта түсер сиқырлы күшіне ерекше пейілмен еліктірген де осы кісі. Ұғымға ауыр күрделі пәнге құлық қоймай келген балақайға кенеттен өзге әлемнің есігін ашқан ұстаз құдіретіне не дерсіз, жетінші сыныпқа көшкелі құрдастары қатарында олқылы-толқылы мінезі де өзгеріп, мектепке кітап көтеріп келуге ерініп жүрген батырдың бойында математика сабағын асыға күтетін айрықша қызығушылық пайда болған. Сабақта ғана емес, жүрген-тұрған жердің бәрінде сан атаулының сырына үңіліп, қосып-алып, көбейтіп, жас санасында сансыз өрнектің шешіміне қиял жүгірткен ұлан математикаға құштарлық арқылы қым-қуыт жаратылыстың жұмбағын тапқандай. Байыптап қарағанға, айнала тіршіліктің бәрі есеп пен өлшемге тәуелді екен.
Есепті оңай шешу өмірдің түйіндерін тез тарқатумен бірдей. Оған ең алғаш жаттаған ережесі дәлел бола алады. «Екі өрнектің қосындысының квадраты бірінші өрнектің квадраты мен екі еселенген бірінші өрнек пен екінші өрнектің көбейтіндісі мен екінші өрнектің квадратының қосындысына тең болады» дегенді сәби санаға нық бекітті.
Мектепті жақсы бағаға бітірген жас түлек Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің математика факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын бітірген соң қатарларымен бірге алғашқы еңбек жолын жеке кәсіпте сынап көрмекке бет бұрып, кент орталығындағы стадионның ішінен бүлдіршіндерге арналған ойын аттракционын ашпаққа талап қылады. Мұғалім болмаса да математикалық сауаттылықтың кәдеге асар жері көп, алаңға орналастырған ойын кешенінің тұғырқазығының радиусы мен диаметрін дәлме-дәл өлшеп, автоматты тетіктердің тұтас қозғалысын үйлесімді өрістетуде өз білімі мен біліктілігі көп жәрдемдесті. Осылайша бизнес саласында он жылдай тәжірибе шыңдаған ол ендігі ретте қаржы табуға телінген алтын уақытын төл кәсібіне бұрып, келешек мақсат-мұратының басты құндылығына айналдырғысы келді. Парықтап қарағанға, бизнес – ақша табудың, күнкөріс жағдайыңды жоғарылатудың, тіпті жұрттан артықтау бай-бағлан ғұмыр сүрудің де төте тәсілі, бейнетті кілті. Болды, бітті. Ал «инемен құдық қазғандай» жас ұрпаққа сапалы білім беру хикметінің одан да зор несібеге, сауапқа, тіпті ғасырларға созылатын құрмет пен шапағатқа жол ашатынына парасатпен ой жіберді. Асқақ азаматтық тұрғыда осындай шешімге келген ол аудан орталығындағы №286 орта мектебіне 2023 оқу жылының 1 қыркүйегі күні мұғалім болып орналасты. Бүгінде атаулы тірек мектебінде ұстаздық етіп келе жатқанына үшінші жыл екен. Жетістері де жоқ емес.
Бұл туралы мектеп директоры Ләззат Машбекқызы былай дейді: – Жақында облыс орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің 95 жылдығына орай математикадан өткен пәндік олимпиадаға қатысқан мектебіміздің оқушысы Әбдіқадыр Нұркелді математика пәнінен алдыңғы орынға шығып, «Алтын медальды» иеленді. Бұл оқушымыз былтырғы оқу жылында да осы деңгейден танылған болатын. Бұл бағытта шәкіртінің бабын келтірген білікті ұстаз Даниярдың еңбегіне ризашылығымды білдіремін.
Математикада басты талап – алгоритмнің әліппесін меңгеру. Осы бағытта дәстүрлі білім берудің озықтығына өз тәжірибесі арқылы толық көз жеткізгенін айтқан кейіпкеріміздің тұжырымы бізді одан әрі қызықтыра түсті. Математиканы сүйіп, өмірінің маңызына айналдырған, қырық жыл ұстаздық еткен тұлға, әкесі Әбен Бектұрұлының аудан орталығындағы техникалық училищеде еңбек ете жүріп Шалқия кен шахтасына қажетті компрессор қондырғылары мамандарын оқытуға тұңғыш өзі ден қойып, ол үшін қажетті оқулық жазғанына және өнертапқыштық қасиетіне де қанықтық. Отбасында үш ұл, үш қызының бірдей математик болуында да осы кісінің ықпалы зор. Әрдайым балаларының сабағына қатысып, үйде математикадан тапсырмалар беріп, білімдерін тексеріп отырады екен.
Тәжірибелі тәлімгер Әбен ағайымыздың жаңартылған білім мазмұны дегенге онша көңілі толмай, есеп-қисаптың шешімін табуда өзіндік тәсілдерін қолдануы өзінше бір әлем. Кеңес кезеңіндегі дуальды оқыту тәсілі, сондай-ақ дәстүрлі оқыту методикасының түсінікке жеңіл, жүрекке жақын екендігін айтқан әке сөзінің жаны бар секілді. Жас мұғалім Даниярдың да дәстүрлі оқыту тәсілін оқушылардың жеңіл қағып алатынына куә болатын кезі көп. Ондайда баяғы Жұмагүл апайының және өз әкесінің тәжірибесінен түйгендерімен сабақ өтіп, уақыттың қалай өткенін де білмей қалып жатады. Және мұнысын кемшілік деп санамайды. Қандай әдіспен оқытқанда да мұғалім міндеті – оқушы жүрегіне білімді орнықтыру. Ғылымдардың төресі – математиканы меңгеріп шыққан шәкірттерінің көптігі, ұстаз көңілін қанаттандыратын жетістік, міне осы.
Ұстаз бізбен әңгімесінде 7-сыныпта оқитын Әбдімәлік Мерей пен Тұрғанбек Айдын деген екі оқушысының «бұрын математика сабағын жек көруші едік, соңғы кезде пәнге шындап қызығып жүрміз. Сіздің сабағыңызды сағынып күтіп жүретін болдық» деген алғаусыз пікірлері ұстаз көңілін көкке жеткізді.
Кеше облыстық олимпиадада шәкірті Әбдіқадыр Нұркелді бірінші орыннан көрінсе, екінші орынды иеленген тағы да жаңақорғандық ұлан аудан орталығындағы №293 орта мектептің шәкірті екен. Бұл оқушының ұстазы Мадина Әбен Даниярдың туған әпкесі екені тағы бір сүйсіндірді. Бір анадан туған ұл мен қыз бірдей ұстаздықты таңдап, шәкірттері бір байқауда бақ сынап, жүлделі орындарды бірге бөлісіп жатқаны ғажап. Екі талапкер де бес сағатқа берілген бес есепті бірдей мезгілде шығарып бере алған. Есептерінің шешімі де дұрыс. Тек комиссия құрамындағылар Нұркелдінің есепті мектепте оқытылып жатқан бағдарламадан басқаша тәсілмен шығаруын жаңалық деп қабылдапты. Міне, жас ұстаздың бір кездері ұстаз-әкеден алған дәстүрлі оқыту үрдісін шәкіртінің бойына да дарыта білген талабы осындай бағаға ие болыпты.
Данияр бүгінде төрт перзенттің әкесі. Келіншегі Ақбаян осы мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі екен.
Өз басым Даниярды бірінші рет жолықтырдым. Көрер көзге көрікті екені бір бөлек, сәбидей аңғал жүзінен адалдықтың, жасампаздықтың лебі есіп тұрған келбетінен жігіттің төресі осындай-ақ болар деген ой түйдім. Мұның түп негізінде ғылымның патшасын меңгерген бекзат болмыс пен мінез дарқандығы жатыр. Естеріңізде болсын, математиктер ешуақытта сарыуайымға салынбайды. Олар болашаққа тек жарқын сеніммен қарайды. Айналасына соның арайлы шуағын таратып жүреді. Төл мерекелеріңіз құтты болсын, ұстаздар!

Баян ҮСЕЙІНОВА
02 қараша 2025 ж. 1 464 0