Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Шабақтарды құтқару – табиғатқа жанашырлықтың нақты көрінісі

Шабақтарды құтқару – табиғатқа жанашырлықтың нақты көрінісі


Балық шаруашылығы – өңір табиғатының табыс көзі, халықтың дәстүрлі кәсібінің негізі. Алайда соңғы жылдары экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы, су тапшылығы және күріштік алқаптардың суды көптеп пайдалануы салдарынан құйтақандай шабақтар су көзі кепкен арналарда қалып кетіп жатыр. Мұндай жағдайда арнайы құтқару жұмыстарын ұйымдастыру маңызды. Осыған байланысты биыл облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес «2025 жылға облыс көлеміндегі күріштік алқаптарда қалған балық шабақтарын құтқару іс-шараларының жоспары» бекітіліп, жүйелі жұмыс қолға алынды.


Жоспарға сай Жаңақорған ауданына 700 мың дана балық шабағын құтқару міндеті жүктелген. Бұл экологиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да маңызды көрсеткіш. Өйткені балық өзен-көлдердің табиғи тепе-теңдігін сақтайтын негізгі тіршілік иесі.
Сәрсенбінің сәтінде ауданда алғашқы құтқару жұмыстарының барысын өз көзімізбен көрдік. Нақтырақ айтсақ, Қорғантоғай мөлтекауданындағы «Тайпақкөл» каналынан бөлектеніп қалған арнада қайырлаған балық шабақтарын мамандар мен табиғат жанашырлары бірігіп құтқарып, оларды Борықты, Жашыкөл, Бозкөл, Нарсоққан және Қандыарал көлдеріне жіберді.
Акцияға Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, балық шаруашылығы және жануарлар дүниесі бөлімінің басшысы Ерұлан Әділет, Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Ермахан Баязитов, ихтиолог маманы Дәулет Мажитов, ауданның ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Жасұлан Тұрапов және Борықты, Жашыкөл, Бозкөл, Нарсоққан, Қандыарал көлдерінің табиғат пайдаланушылары атсалысты.
Акция барысында қажетті құрал-жабдықтар сақадай-сай әзірленіп, шара тиянақты атқарылды. Су бетінде жылдам қозғалып тұратын мыңдаған шабақты жинау оңай емес. Әр маманның, әр еріктінің үлесі зор болды.
– Бұл шара бір реттік қана емес, жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Әрбір құтқарылған балық көлдерде өсіп-өніп, халықтың несібесін молайтуға сеп. Біздің басты мақсатымыз – табиғи тепе-теңдікті сақтау, – дейді Жанқожа Сапаров.
Ал, ихтиолог Дәулет Мажитов балық шабақтарының биологиялық маңызына тоқталып:
– Балық – су айдындарының табиғи сүзгісі. Олар судағы артық өсімдіктерді, ұсақ жәндіктерді реттеп отырады. Егер шабақ қырылса, экожүйеде үлкен сәйкессіздік пайда болады. Сондықтан біз әр шабақты құтқаруға тырысамыз, – дейді ол.
Акцияға қатысқан Борықты көлінің табиғат пайдаланушысы Сейдахмет Сарбасов болса шараның маңыздылығына тоқталды:
– Бұл шараның біз үшін маңызы зор. Себебі шабақ болашақта өсіп, көлдің негізгі балық қорының тірегі болады. Егер осылай құтқарылмаса, келесі жылдары көлдерде балық азайып кетер еді. Сондықтан біз де қолдан келгенше атсалыстық, - дейді.
Иә, балық шабақтарын құтқару тек балық шаруашылығы үшін ғана емес, бүкіл өңір экологиясы үшін маңызды. Балық табиғи ортадағы биологиялық тізбектің ажырамас бөлігі. Олар болмаса, су айдындарында өсімдіктер шамадан тыс көбейіп, су құрамындағы оттегі азаяды. Нәтижесінде басқа да тіршілік иелеріне зиян келуі мүмкін. Сондықтан бұл акция тек бір ауданның емес, бүкіл облыстың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс.
Мамандар бұл шараның ауылдық округтерде де жалғасын табатынын айтты. Күз айлары су деңгейінің төмендеу кезеңі, сондықтан бұл уақытта шабақтардың көлшіктерде қалып қоюы жиі кездеседі. Әрбір округте осындай құтқару жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі екен.
«Балық шабақтарын құтқару акциясы – 2025» – табиғатты қорғауға деген жанашырлықтың, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі. Әр құтқарылған шабақ ертеңгі күннің байлығы. Бұл бастама тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша қоғамның қолдауына зәру. Бірлікпен жасалған іс қашанда нәтижелі болмақ. Осы орайда, аудан жұртшылығының табиғатты қорғаудағы белсенділігі өзгелерге үлгі болып, келешекте экологиялық мәдениеттің жоғары деңгейге көтерілуіне ықпал етпек.

Айсұлу Алданазар
06 қыркүйек 2025 ж. 1 069 0