№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Табиғат байлығына қамқорлық

Табиғат байлығына қамқорлық


2023 жылдың егістік кезіндегі судың тартылу кезеңінде шабақ құтқару жұмысы әлі жалғасуда. Өткен аптада Сыр бойындағы ауылдарды түгендеп, шабақ құтқаруды толықтай түйіндедік. Бұл жолғы бағыт Қожакент пен Келінтөбе ауылдық округіндегі көлдерге шабақ тастау болды. Қос ауылдың да негізгі тіршілік көзі егін шаруасымен біте қайнасып жатыр. Сондықтан күріштіктерде шабақтың көп болуы заңды.


Облыс әкімдігінің 2023 жылғы бекітілген жоспары бойынша аймақ көлеміндегі күріштік алқаптардағы балық шабақтарын құтқару бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес, Жаңақорған ауданына бекітілген 700 000 дана балық шабақтарын құтқару басталды. Кесте бойынша жасалған «2023 жылға Жаңақорған ауданының күріштік алқаптардағы балық шабақтарын құтқару бойынша іс-шаралар» жоспары бекітіліп, сәйкесінше шабақ құтқару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бір күндік жұмыс барысын көзбен көріп, табиғат байлығын құтқаруға білек сыбана кірістік.
Алдымен Қожакент ауылдық округіндегі “Несібе-А” кооперативіне тиесілі “Қойлық ата” және “Имаш” көліне жол тарттық. Мақсат – балықтарды дамыту үшін егістікте қалған шабақтарды құтқарып, керекті көлдерге салу болатын. Қос көлде 9 мыңға жуық шабақ құтқарылды.
– Шыны керек, балық шаруасын дамытуға барынша көңіл бөліп келемін. Ата кәсіп болған балық өсіру тек мақсат қана емес, азайып бара жатқан оларды қайта көбейту міндетіміз. Қазір дария деңгейі төмендеген сайын, оның үстіне заңсыз аулаудың кесірінен балық қоры аудан бойынша азайды. Сондықтан әрбір тұрғын көлдерге көбірек көңіл бөлсе дейміз, балық азайған сайын бағасы да өсе беретіні ақиқат. Сондықтан жыл сайын шабақ құтқару маусымында белсенділік танытып, көлдерді ретке келтіріп алуға тырысамыз. Жылдағы жоспарды орындадық, – деді көлдер иесі Альберт Мырзахметов.
Сол секілді Келінтөбе ауылындағы “Қалғандария-2” көліне де шабақ салу қарқынды жүзеге асты. Дара кәсіпкер Шарапбай Битановтың да бұл көлінің тыныс-тіршілігін білеміз. Мақсат біреу, мүдде ортақ дейді ағаларымыз. Акцияға «Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ-нің бас мамандары – Руслан Сейтмұратов, Ербол Көшкінбаев, «Жаңақорған ауданының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» мекемесінің ихтиолог маманы Даулет Мажитов, ауданның ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Жасұлан Тұрапов және осы маманның өзге де құтқарушы жасақтары, сонымен қатар табиғат пайдаланушылар мен Сырдағы көлдердің иелері жұмылып, берілген жоспар жүйелі орындалып, шабақ шығынсыз құтқарылды.
Биыл ауданда күріш өсіру межеден асты, өнім де көңіл қуантарлық. Диқандар төккен тер еңбекті ақтады деп қуануда. Енді шабақтар шығын болмаса болғаны. Өйткені балық та табиғаттың бір байлығы, әрі табыс көзі. Тілін түсініп, істің көзін тапқан адамға балық бизнесі қыруар пайда әкеледі. Десе де, Жаңақорғанда балық шаруашылығы әлі де кемшін тартуда.
Қорыта айтқанда, жасалынып жатқан игі іс – Сыр балығына деген қамқорлық. Табиғат сыйлаған тіршілік иесін құтқару әрбір азамат алдындағы үлкен жауапкершілік болуы тиіс. Табиғат өзі жүктеп отырған маңызды міндет дер едік. Сондықтан бұл тіршілік иесіне де мейірімділік танытқан абзал.

Әли ТЕМІРБЕК
10 қазан 2023 ж. 272 0