Табиғат байлығы шығын болмасын
Жыл сайын күріштік суы тартылғанда шабақ құтқару жұмысы жүйеленеді. Сол секілді 2023 жылдың егістік кезіндегі судың тартылу кезеңінде шабақ құтқару жұмысы жүйеленді. Жалпы Сыр бойындағы ауылдардың негізгі тіршілігі егін шаруасы, оның ішінде күріштік болғаннан кейін аяқ су аса қажетті. Сондықтан күріштіктерде шабақтың көп болуы заңды.
Облыс әкімдігінің 2023 жылғы бекітілген жоспары бойынша аймақ көлеміндегі күріштік алқаптардағы балық шабақтарын құтқару бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес, Жаңақорған ауданына бекітілген 700 000 дана балық шабақтарын құтқару аяқталды. Біздің “Кенжеайым” ЖШС-на қарасты “Қалғандария” көліне де шабақ жіберу жылдағы дәстүр боынша жалғасты. Күріштік каналынан құтқарылған шабақтар көлге уақытылы жеткізіліп, меже орындалды.
Көлге 2 жылдан астам уақыт иелік етіп, балық бизнесін шама-шарқымызға дөңгелетіп келеді. Шыны керек, балық шаруасын дамытуға барынша көңіл бөліп келемін. Ата кәсіп болған балық өсіру тек мақсат қана емес, азайып бара жатқан оларды қайта көбейту міндетіміз. Қазір дария деңгейі төмендеген сайын, оның үстіне заңсыз аулаудың кесірінен балық қоры аудан бойынша азайды. Сондықтан әрбір тұрғын көлдерге көбірек көңіл бөлсе дейміз, балық азайған сайын бағасы да өсе беретіні ақиқат. Сондықтан жыл сайын шабақ құтқару маусымында белсенділік танытып, көлдерді ретке келтіріп алуға тырысамыз. Жылдағы жоспарды орындадық
Биыл ауданда күріш өсіру межеден асты, өнім де көңіл қуантарлық. Диқандар төккен тер еңбекті ақтады деп қуануда. Енді шабақтар шығын болмаса болғаны. Өйткені балық та табиғаттың бір байлығы, әрі табыс көзі. Тілін түсініп, істің көзін тапқан адамға балық бизнесі қыруар пайда әкеледі. Десе де, Жаңақорғанда балық шаруашылығы әлі де кемшін тартуда.
Түйіндей айтқанда, жасалынып жатқан игі іс – Сыр балығына деген қамқорлық. Табиғат сыйлаған тіршілік иесін құтқару әрбір азамат алдындағы үлкен жауапкершілік болуы тиіс. Табиғат өзі жүктеп отырған маңызды міндет дер едік. Сондықтан бұл тіршілік иесіне де мейірімділік танытқан абзал. Бұл үлкен өндіріс.
Алдаберген ТУЛЕБАЕВ,
ЖШС директоры