МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚТАР МЕКЕНІ

2025 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Осы стратегиялық бағдарлама аясында жұмысшы мамандықтарын даярлау мәселесі де маңызды. Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің негізі қаланғанына – 65 жыл. Өндірісі мен агроөнеркәсібі қатар өркендеп келе жатқан өңір ретінде техникалық мамандарға сұраныс күннен-күнге арта түсуі заңды. Осы қажеттілікті қамтамасыз етуде оқу орнының әлеуеті бай, мәртебесі орнықты, ғылыми жетістіктерден де құралақан емес екені қуантады.
Бұлай дейтін себебіміз, 2021 жылы «Жас маман» жобасы аясында облыста он үздік техникалық оқу орны заманауи соңғы технологиямен жабдықталған еді. Солардың қатарында Жаңақорған аграрлы техникалық колледжіне «Дәнекерлеу ісі» және «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша 320 миллион теңге қаражат бөлінген болатын. Осы қаржыға сатып алынған шетелдік құрылғылардың мүмкіндігін колледжде арнайы болып көзімізбен көрген едік, расында автоматты технологияның жұмыс процесі таңдай қақтырды. Ішінде орналастырылған 3G компьютерлі құрылғы арқылы бұзылған көліктің ақауын дәл анықтайды екен, ары қарай сапалы жөндеу сатысына жүз пайыз кепілдік бар. Қымбат тұратын шетелдік патентті игілікке икемдеуде пән мұғалімдері арнайы курстан өтіп, сабақты сапалы жүргізуге ден қойған. Алдағы уақытта колледж ұжымы құрылғы мұүмкіндігін ақылы қызметке бұру мәселесін де ойластырып отыр екен.
Жаңақорған агротехникалық колледж директоры Тәттімбет Абдраимовтың айтуынша, ішкі үнемделген қаржының есебінен токарь және тігін өндірісі кабинеттері де толық жабдықталып, сапалы білімге негіз қаланған. Соның нәтижесінде 25 тігін машинасының құлағында отырған талапкерлердің қолынан шыққан өнімін кәдеге жарату жағы да жолға қойылып келеді.
– Оқу орны жалпы 500 орынға лайықталған. Қазірде 238 студент білім алуда. 2025-2026 оқу жылында 250 талапкерді қабылдау жоспарланып отыр. Былтыр 177 түлек бітіріп шықты. Әр жылы колледжді бітіріп шыққан түлектердің жұмысқа орналасуы бойынша сараптап отырамыз. Тоқтала кетейін, кәсіби маманданған, қолында арнайы дипломы бар жастың жұмысқа орналасуына кедергі кем, керісінше сұраныс басым. Әсіресе өз ауданымызда жеке кәсіпкерлер электрик, дәнекерлеуші, аспаз мамандықтарына зәру, бірақ жастар көбіне ұжым және серіктестіктерде жұмыс істеп алатын айлық жалақыны місе тұтпай, өз алдына дара кәсіп жүргізуге бейім. Биыл бітірген түлектерден 10 түлек аудандағы кәсіпорындарға жолдама арқылы жұмысқа орналасты. Біздің тілегіміз, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары еңбек адамының құқына құрметпен қарап, құзіретіне мін түспеуіне мүдделі болу керек. Сол кезде жас мамандар да жұмыс істеуге мүдделі болар еді, – дейді.
– Колледжде жалпы қанша мамандық оқытылады?
– Автомобиль жөндеу слесарі және электригі, жер асты тау-кен жұмысшысы, электрогазбен дәнекерлеуші, құрылыс-әрлеу жұмыстарының шебері, ветеринар-санитар, офис-менедждер, бухгалтер-кассир, компьютер операторы, слесарь-сантехник, токарь, электромонтер, тігінші, даяшы, сатушы, мал өсіру кешенінің операторы, тракторист-машинист, ағаш ұстасы сынды мамандықтар оқытылады.
Қазіргі уақытта жер асты тау-кен жұмысшысы мамандығына сұраныс басым. Осы бағытта Шалқия Цинк ЛТД мекемесімен меморандумға отырып, білімгерлер кәсіби машықтанудан тәжірибеден өтуде. Сондай-ақ кен әкімгершілігі оқу орнының арнайы кабинетін тау-кен саласына қатысты жәдігерлермен жабдықтауға мүдделілік танытып отыр. Тау-кен саласы бойынша он бес жастың екеуі кеніште жұмыс істеп жатыр. Қалғандары мерзімді әскери міндетін өтеп келгеннен кейін жұмысқа орналасатын болады, – дейді ол.
Ауданда өндіріс орындары жетерлік, оның ішінде «Шалқия Цинк», «Жаңақорған транзит», «Байкен-У», «СКЗ-У» ЖШС сынды ірі мекеме-кәсіпорындар қызметкерлерінің басын қосып, облыстық семинар өткізетін жоспар туралы директордың оқу-өндірістік жөніндегі орынбасары Дәулет Тұрсынхожаевтан білдік.
– Оқу орнындағы құзіреттілік орталығында өндірістік оқыту сабақтары кәсіптік тәжірибе алаңына айналып, «WORLDSKILLS Kazakhtan» ұлттық чемпионатына студенттерді даярлап, олардың деңгейін көтере түсуге жұмыс жасалып келеді, – дейді ол. Ал бұл жұмыстардың нәтижесіне бүкіл аудан жұртшылығы куә болып келеді. Нақты тоқталып өтсек, 2022 жылы осындай ұлттық чемпионат Астана қаласында өткен болатын. Оған біздің агроколледжден қатысқан студент Нұрдәулет Матенов облыстар арасында бірінші орынды жеңіп алып қайтты. Құрылысшы мамандығы бойынша байқауға қатысқан талапкерлер санаулы минутта орақ пен балға белгісі бедерленген қабырғаны қалап сынға түсті. Жаңақорған агротехникалық колледжінің оқытушысы Сәуле Бегеметованың еңбегін ақтаған шәкірті осы шарттардан сүрінбей өтті. Кірпішті түп-түзу тегіс өрумен қатар, арасына құйылатын лай құрамын және ортасына ойып салған орақ пен балға архитектуралық кескіндемесінің симметриялық өлшемін дәлме-дәл үйлестіруімен біліктілігін дәлелдеді. Мұның өзі қарапайым кәсіпте де білімсіз биіктің жоқ екенін дәлелдейді. Баяғыдан келе жатқан «СПТУ-да тек үшке оқитын бала оқу керек» деген қасаң қағиданың қателігін мойындатады. Керісінше, кәсіптік мектепте қатарынан көп озық, бойындағы бейіміне ықыласты, болашақ нақты іс пен мақсатты бағындыра алар түлектер оқиды.
Биылғы оқу жылында да колледж түлектері 3 мамандық бойынша жүлделі орыннан көрінді. Токарь, аспаздар 2-орын алса, 3-орынды дәнекерлеуші мамандық иеленді.
Оқу орны ұжымы сапалы маман дайындаумен бірге жас өскіннің рухани терең тәрбие алуына барынша ынталылық танытып келеді. Сабақтан тыс уақытта оқу ошағында ұйымдастырылатын түрлі тақырыптағы рухани-мәдени шараларға арнайы шақырылғандықтан өзіміз де жиі куә болып келеміз. Күрделі жөндеуден өтіп, көп жаңарған оқу ордасының көрермендер залында «Мамандығым-мақтанышым» деген тақырыпта өтетін кештер жұмысшы мамандығының мәртебесін асыруға бағытталған. Мектептің өнерлі түлектері әрбір мерекелік күндерді де құр өткізбей, ән-жырдан шашу шашады. Бұл бағытта қатары зерттеуші, модератор, өнертапқыш, магистрлерден кенде емес. 90-ға жуық педагогтың әрбірінің өз үлесі бар.
ТҮЙІН: Жұмысшы мамандығы, Абай атамыз айтқандай, “Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен қайратың екі жақтап” деген қағидаға сүйенеді. Олар – өз еңбегіне иек артатын, содан қуат табатын қасиетті кәсіптің иелері. Олай болса, сенімді болашаққа нық қадам таңдаған жастарымызға сәттілік!
Баян ҮСЕЙІНОВА



