Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Мамандықтың төресі

Мамандықтың төресі


Сандуғаш Шәкизатқызы – бірнеше жылдан бері уран өндіру саласында қажырлы еңбек етіп жүрген білікті маман. Еңбек адамының өмір жолы мен біліктілік тәжірибесі, мамандығына деген адалдығы көптеген жастарға үлгі болары анық.


Ол орта мектепті бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласындағы облыстық емхананың тіркеу бөлімінен бастады. Бала күннен армандаған мамандығы оны Шымкент мемлекеттік медицина академиясына жетеледі. Мұнда ол «фармация» факультетінде оқып, «провизор» мамандығын игеріп шықты.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң өз мамандығы бойынша Шиелі кентіндегі дәріханалардың бірінде провизор болып қызмет атқарды. Дәрігерлер мен науқастарға қажетті дәрі-дәрмектерді дұрыс тағайындап, халыққа сапалы қызмет көрсету оның басты міндетіне айналды. Дәріханадағы жұмыс тәжірибесі оған жауапкершіліктің, ұқыптылықтың, адам тағдырына бейжай қарамаудың қаншалықты маңызды екенін үйретті.
Алайда кейіпкеріміздің ізденісі мұнымен тоқтап қалмай, ғылым мен өндіріске бет бұрып, тағы да білімін жалғастыруға шешім қабылдап, Қазақ ұлттық политехникалық университетінде оқып, тау-кен инженері мамандығын игерді. Бұл мүлде басқа бағыт, басқа сала еді. Осыған қарамастан, оның бойындағы еңбекқорлық, ізденімпаздық пен табандылық жаңа саланы игеруге жол ашты.
Бүгінде Сандуғаш Шәкизатқызы еліміздің стратегиялық маңызды саласы саналатын «ҚазАтомПром» Ұлттық атом өнеркәсібіне қарасты «Байкен-U» өндірісінің физика-химиялық зертханасында 23 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді.
– Зертханашы болу өзіме ұнайды. Жер астынан ұңғымалар арқылы шаймалау әдісімен ерітіліп алынған уран ерітіндісін тексерумен айналысамыз. Жер астынан ерітіліп шыққаннан бастап, шетелге сатылатын соңғы өнім уранның асқын тотығына дейін толық құрамын анықтап береміз. Экспресс-анализ, химиялық анализ, спектральды анализ, физикалық және рентгенді-флюоресцентті зерттеулер арқылы сынамаларды толық тексереміз. Зертхана тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істегендіктен күндізгі және түнгі ауысымдарда еңбек етуге тура келеді, – дейді ол.
Иә, уран өндіру өте күрделі әрі аса жауапты сала. Бұл жұмыста әрбір сынаманың сапасы, әрбір көрсеткіштің дәлдігі үлкен маңызға ие. Өйткені елдің шетелге жөнелтілетін өнімнің сапасы – мемлекеттің абыройы. Демек, Сандуғаш Баекеева сияқты зертханашылардың мойнындағы жүк жеңіл емес.
Кейіпкеріміз кәсібіне деген сүйіспеншілігінің, жауапкершілігінің, білімге деген құштарлығының арқасында марапат биігінен де көрінді. Ол «ҚазАтомПром» саласының үздік жұмысшысы алғыс хатымен, «Байкен-U» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар шетелдік әріптестер тарапынан да еңбегі бағаланып, «Марубени» компаниясының «Алғыс хатын», «ИВТ грамотасы» секілді салалық марапаттарға да ие болды.
Расында, өндіріс орнында зертхананың орны ерекше. Мұнда тек жер астынан шыққан уран ерітінділері ғана емес, екі зауыттан келетін сынамалар да, тіпті шетелге жөнелтілетін соңғы өнім де тексеруден өтеді. Сондықтан зертхананың жұмысын кеніштің жүрегі деуге болады.
Сандуғаш Шәкизатқызы мен оның әріптестері әрбір көрсеткішті үлкен дәлдікпен анықтап, сапаны қатаң қадағалап отырады. Өйткені өндірістің кез-келген процесі мен шешімі ең алдымен зертхананың қорытындысына сүйенеді. Осы орайда, зертханашы болу тек кәсіби білімді ғана емес, аса ұқыптылықты, шыдамдылықты талап етеді. Күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істейтін ортада еңбек ету, әрбір нәтижеге үлкен жауапкершілікпен қарау, кез-келгеннің қолынан келе бермейті іс екені белгілі.
Иә, еңбек адамы – елдің еңсесін көтеретін тұлға. Сандуғаш Шәкизатқызы сияқты білікті мамандардың өмір жолы адал еңбектің, білімге деген құштарлықтың және табандылықтың айқын көрінісі. Ал, Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» – дәл осындай еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, қоғамдағы орнын айқындауға арналған үлкен қадам.

Айсұлу Алданазар
03 қараша 2025 ж. 848 0