Мектепке дайынсың ба, балақай?

Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар үшін ең өзекті мәселелердің бірі – мектеп формасын дайындау. Мемлекет білім беру жүйесінде бірыңғай мектеп формасын енгізуді тәртіп пен теңдік үшін қолға алғанымен, бүгінде бұл талап ата-аналар үшін қаржылық салмаққа айналды. Киім дүкендеріндегі баға шарықтап, сапа мен стандарттың арасы алшақтап кеткені жасырын емес. «Мектеп формасы – тәртіп кепілі ме, әлде табыс көзіне айналған бизнес пе?» деген заңды сұрақ туындайды. Осындай қауырт шақта саудагерлер мен алыпсатарлардың да мүмкіндікті қалт жібермей, тауар бағасын қалауларынша қоятыны рас. Сонымен, бір баланың мектепке баруына қанша қаражат жұмсалады? Біз осыны басты назарға алдық.
АРЗАН БАҒА ҚАЙДА БАР?
Әлеуметтік желі дамыған сайын сауда нарығы халыққа қолайлы бола түсті. Мұны көпшілік те мойындайды. Тарқатып айтсақ, тікелей фирмалармен сауда жасауға қарапайым халық та үйрене бастағаны анық.
Жасыратыны жоқ, биыл мектеп формаcы базар нарығына шілде айында шыға бастады. Кенттегі «Қарабура» арзан киімдер әлемі бәсекелестерінің алдын орап, көпшілікті арзан акциясымен еліктірді. «Мың теңгелік ақ көйлек» акциясы біздің өңірде тұңғыш рет өткізілді. Алғашқы он күннің ішінде 4200 көйлек сатылғаны мәлім болды. Сондай-ақ киім-кешек, қалам-дәптер, спорттық киімдерге де айтарлықтай жеңілдіктер жасалыпты. Бұл туралы дүкеннің сатушысы Айман Ықыласқызы:
– Бұрын тауарды Түркістан, Алматы және Бішкек қалаларынан көтерме саудамен алып келетіндіктен бастапқы бағадан 3-4 есе қымбатқа сатылатын еді. Биыл Түркия мен Қытайдың алпауыт фирмаларымен тікелей сауда жасауды бастадық. Сол себепті киім-кешек айтарлықтай арзандады, – деді.
Осы іспетті «Кәусар» дүкені де тұтынушыларына 10 пайыздық жеңілдік жасауда. Мұнда әртүрлі бағада мектеп формасы мен спорттық киімдер алуға болады. «Бір тиын» дүкені дәстүрлі «Қасиетті жұма» акциясын бастады. Яғни жұма күні әр киімге 20 пайыз жеңілдік жасалады.
«Aida Sitу» дүкені жаңа оқу жылына арналған топтамалар ұсынуда. Мұнда ер балаларға арналған ақ көйлек 900 теңгеден басталады. Қыз балаларға арналған кореялық стилдегі спорттық киімнің сан түрлі үлгісі мен мектеп формасы көздің жауын алады.
Сәнді киінгісі келетін еркетайлардың көңілінен шығатын мектеп формасының бағасы да қолжетімді. Қомақты сауда жасаушыларға 10 пайыздан 50 пайызға дейін жеңілдік бар. Заман талабына сай Тик-Ток пен Инстаграм желілерінде тікелей эфирде сауда жасауды алғаш болып меңгеріп, еліміздің түкпір-түкпіріне тауар жөнелтіп жүрген дүкен иесі Лаура Жұмабаева тұрмысы төмен отбасыларды қуантатын қайырымдылық қадамын тоқтатқан емес.
– Бізге көбіне көпбалалы аналар келеді. Олардың нарық заманында бар баласын киіндіруге мұршасы келмейтін жағдайын жақсы білемін. Осындай жандарды қуантып, бір баласын тегін киіндіріп жібереміз. Сол сәттегі ана мен баланың қуанышына ортақтасудан асқан бақыт жоқ. Тікелей эфирлерде сауда жасап жатқанда да белсенді қатысқан жандарға тегін киім-кешек ұсынуды ұмытпаймын, – дейді Лаура Жұмабаева.
Технология дамыған заманда әлеуметтік желі арқылы саудасын қыздырып жүрген жерлестер де табылады. Соның бірі бала күтімімен отырған ана Арайлым Мәкенқызы ватсап желісінде жиырма мыңға жуық адамды бір арнаға тоғыстырып, ұстаздар мен оқушыларға Түркияның бренд киімдерін қолжетімді бағада ұсынып келеді. Оның айтуынша, бір айда 30-40 миллион сауда айналымын қалыптастырыпты. Сондай-ақ «Карголайн», «Шинлайн», «Табыс» секілді платформада өзінің іскерлігін танытып жүрген жерлестер де аз емес. Солардың қатарына «Жаңақорған тауарлары» атты мессенджерінде 37 мыңнан астам клиент жинаған онлайн-саудагер Алтынай Серікбаеваның командасын қосуға болады.
БІР БАЛАҒА ҚАНША ҚАРАЖАТ ЖҰМСАЙСЫЗ?
Өткен жылы 2000 теңгеге сатылған ақ көйлектер «Нұр» базарда 3,500 теңгеге сатылуда. Мұның басты себебін түсіндірген Қарлығаш есімді сатушы: "Өткен жылдың бағасы мен биылғы бағаны салыстыруға болмайды. Себебі, барлық зат қымбаттауда. Нан 10 теңгеге, қоғамдық көлік 20 теңгеге көтерілді. Сол секілді киім бағасы да біраз көтерілді. Халық мектеп формасына мұқтаж болмасын деп көктемнен бастап Бішкек, Қорғас, Анталия асып, тауарларды серия бойынша жинақтадым. Міне, енді сол еңбегімді өтеп саудам сәтті жүруде» деді.
Әрбір ата-ана баласына сапалы тігілген киім алатынын ескерсек, қытайлық, қырғыз елінің және түріктер тіккен мектеп формаларын таңдайды. Бұлардың көбісі отандық өндірушілердің шығарған киімінен арзанырақ. Сондай-ақ базарда жүріп бағасын сәл түсіруге мүмкіндік бар. «Али-Хан» сауда орталығының маңындағы дүңгіршекте адам қарасы мол. Себебі мұнда балаларға тиімді бағада киімдер сатылуда. Ұл балаға қажетті ақ көйлектің 2000 теңгеден басталып 6000 теңге дейін түрлі үлгілерін таңдауға болады. Классикалық шалбар 2000 -4000 теңге, галстук-500 теңге, туфли – 3000-нан 9000 теңгеге дейін, ақ майка – 1000-2000 теңге, рюкзак 3500-7500 теңге, футболка 1500-3000-5000 теңге, трико-1500 теңге, спортивка 4000-8500 теңге, крассовка 3500-6000 теңге, шұлық 250 теңгеге сатылымда.
Қыз баланың ер балаға қарағанда қажеттілігі көптігінен қаржы да көп жұмсалады. Киімдері де қымбаттау. Мектеп формасы 15000 теңгеден кем емес. Ал жоғары сыныптағылар үшін мұндай костюмдер 20-35 мың теңге. Ақ көйлек пен юбкасын бөлек-бөлек алсаң, тіпті қымбат шығады екен: костюмі – 10-15 мың, ақ көйлек – 1800-4,5 мың, юбка мен шалбар – 6 мың, жилет – 4 мың, ал жакет – 3 мың теңге. Рюкзак – 9,5 мың-14 мың теңге, бантик – 1000, галстук – 850, туфли жеткіншекке 12000 теңге, жоғарғы сыныптағы қызға 18,5 мың мен 20 мыңның арасында.
«Нұрасыл» сауда орталығында тренд пен брендтің түр-түрін кезіктірдік. Талғамға да, қалтаға да ыңғайлы. Мұнда ең арзан қазақстандық өндіруші «Стандартта» – бөлек пиджак 10-13 мың болса, шалбар – 15 мың, жилет – 4,5 - 5,5 мың теңге, галстук бір мың теңгеден. Ұлдарға арналған «Винни» мектеп формасы 18,5-22 мың теңге. Пиджагын 12-14 мың теңгеге бөлек сатып алуға болады, шалбар – 6,5-8 мың, жилет – 5,5-6,5 мың теңге.
ТАЛҒАМПАЗДАР ТІКТІРІП КИЕДІ
Аудан орталығында «Паки» тігін шеберханасы мектеп формасын көңіл қалауындағыдай, әдемі әрі қонымды бағада ұсынады. Қыздарға арналған мектеп формасы 8500 мен 10000 жобасында табуға болады. Тігіске кететін материалды өзіңіз апарып, үлгісін таңдайтын болсаңыз тігу ақысына 3,5 мың теңге алады екен. Бұдан бөлек, үй жағдайында тігін тігіп жүрген шеберлер жетерлік. Соның бірі Гүлмира Айдарбек биылғы жылы тұтас бір сыныпты бір үлгіде киіндіруді қолға алыпты. Оған келушілердің көбі бірінші сынып пен 11 сынып оқушылары екен.
– Қазіргі уақытта ұлттық нақыштағы мектеп формасына сұраныс жоғары. Өткен жылы №289 мектептің ашылуына орай «Бір мектеп – бір форма» үлгісіне сай оқушыларға бірыңғай форма тіктік. Қасымда 5 тігінші шебермен бірге келісімді бағада жұмысымызды жалғастырудамыз. Биылғы жылы да жаңадан ашылып жатқан мектептерден сұраныстар түсіп жатыр, көбі бірінші сынып оқушылары. Бір айда 4-5 сыныптың киімін тігіп үлгереміз, –деді тігінші.
ҚАЛАМ-ДӘПТЕР ҚАЛТАНЫ ҚАҒЫП ТҰР
Біз бір ғана оқушыны мектепке дайындау үшін сатып алынатын киім-кешек пен құрал-жабдықтың ең төмен бағасын есептеп көрдік. Өткен жылға қарағанда биылғы нарықта киім-кешек арзандағанымен, қалам-дәптердің қымбаттағанын аңғару қиын емес. Көпбалалы отбасыға бір айлықпен оқушы балаларын қамтамасыз ету ауырлау тиетіні сөзсіз. Осыны ескеріп мектеп-құралдарына да жеңілдіктер қарастырылса құба-құп.
Енді екінші өзекті мәселе, оқу құрал-жабдықтары бағасына көз жүгіртсек. Бір балаға қажетті қара қалам 30-50 теңге, қалам (ручка) 20-150 теңге, дәптер 20 теңге, қалың дәптер 50-150 теңге, Балапан дәптері 200 теңге, пәндік дәптер 800 теңге, сурет дәптер 80-300 теңге, фломастер 400 ден басталып, 1300 теңге, сызғыш 30-50 теңге, құрастырғыш 1000-3000 теңге, желім 150-300 теңге, сазбалшық 200-400 теңге, өшіргіш 30 теңге, ұштағыш 50 теңге, өшіргіш+ұштағыш 150 теңге, күнделік 350 теңге, қайшы 200 теңге, санағыш 300 теңге, интерактивті тақта «Сөйлейтін Әліппе» 2500 теңге, дәптерқап 10 талы 100 теңге, кітапқап 10 талы 200 теңге, медициналық кітапшасы мен бала паспорты әр қайсысы 200 теңгеден, файл 150 теңге. Міне, біз бірінші сыныпқа енді аяқ басқалы тұрған ұлымызға мектеп қажеттілігі үшін арзан заттар сатып алып бергеннің өзінде 75 510 теңге жұмсадық. Аудандық статистика басқармасының деректеріне сәйкес, халықтың ең төменгі айлық табысы 121,798 теңге екенін ескерсек, мұны көп ата-ананың қалтасы көтермейтінін аңғарамыз.
Түйін. Мектеп формасын енгізудің басты мақсаты – тәртіптілік пен теңдік орнату болса да, қазіргі таңда ол ата-аналар үшін үлкен қаржылық ауыртпашылыққа айналып отыр. Бағаның шарықтауы, сапасыз өнімдер мен міндеттелген талаптар білім беру жүйесіндегі әлеуметтік әділетсіздікке жол ашады. Бұл мәселе тек жеке отбасылардың емес, тұтас қоғамның назарында болуы керек. Шешім ата-ананың қалтасына емес, баланың қамына негізделуі тиіс. Ол үшін мемлекеттік бақылау күшеюі, сапалы отандық өндіріс дамуы, әлеуметтік қолдау тетіктері нақты жұмыс істеуі қажет.
Мектеп формасы — сән емес, салмақ. Сондықтан әр бала үшін қолжетімді, сапалы, ыңғайлы киіммен қамту – қоғам алдындағы ортақ міндет болуы тиіс.
Мақпал МАРҚАБАЙ




