АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара ұйымдастырылып, денсаулық сақтау саласының бірқатар қызметкерлері марапат төрінен көрінді.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов медицина саласы қызметкерлерін мерекемен құттықтап, ауданда денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
- Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – адам өмірі мен денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген, өз ісіне адал, кәсіби мамандарға ерекше құрмет пен алғыс білдіруге арналған мерейлі күн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет пен облыс әкімінің қолдауымен ауданда денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Бесарық және Әбдіғаппар ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар салынды. Сонымен қатар, Төменарық ауылында жаңа амбулатория мен 15 төсектік аурухана ел игілігіне берілді. Бұл – ауыл халқының сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне үлкен серпін берді деп айтуға болады.
Сондай-ақ ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы өз жұмысын жалғастырып келеді.
Аудандық көпбейінді орталық аурухана ғимаратына қосымша бөлімше салынуда. Бұл құрылыс жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жаңа бөлімшеде МРТ және ангиографиялық кабинеттер ашылып, заманауи құрылғылармен жабдықталып, аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады.” - деді.
Шараға арнайы қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ермекұлы Искаковта ақ халатты абзал жандарға жүрекжарды лебізін білдіріп, сала ардагерлері мен қызметкерлеріне алғысын айтты.
Мереке барысында аудандық денсаулық сақтау саласының дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар сала мамандары түрлі марапаттарға ие болды.
Іс-шара аудан өнерпаздарының ән-шашуымен жалғасты.