№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ілтипат лебі – жүректің емі

Ілтипат лебі – жүректің емі


Елімізде маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ желеңді абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Биыл да дәстүрлі марапат төрінен танылған абзал жандарды аудан басшысы Мажит Самитұлы арнайы құттықтап, марапаттады.


Бұл мереке 1998 жылдан бері Президент бекіткен жарлық бойынша жыл сайын маусымның үшінші жексен­бісінде атап өтіледі. Атаулы күн аясында ауданымыздағы ақ халатты абзал жандарға Манап Көкенов атын­дағы аудандық мәдениет үйінде өткен «Кәсібіңе бас ием» атты шарада Мемлекет басшысының құттықтауы жеткізілді. Құттықтаудан кейін түрлі сала мамандарының алғыс айтуынан құралған тақырыптық пролог ұсынылды. Ұстаздар, мәдениет майталмандары, ғылым жолындағы ғалымдар, полиция қызметкерлері, шахтерлар, өрт сөнді­рушілер мен спортшылар жылы лебізін арнады. Иә, бұл күн құрмет пен алғыс­тың иесі, қашанда Гиппократ анты­на адалдығынан танбаған ақ халатты жандардың мәртебелі мерекесі.

– Антына адал, сертіне берік болған аудандағы барша медицина қызметкерлері мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет медицина саласына үлкен қолдау көрсетіп, қызметкерлерді әлеуметтік жағынан демеп, жан-жақты мүмкіндіктерді жасауда. Біздің ауданда да атқарылып жатқан жұмыс жетерлік. Білікті дәрігерлермен толысқан бұл салаға бөлінетін қаржы жылдан-жылға артып, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы ұлғаюда.

Ауданымызда әлеуметтік маңызда­ғы аурулардың көрсеткішін төмендету бойынша тұрақты оң динамика қалып­тасып келеді. Ана мен бала денсаулығын жақсартуға кешенді жоспар жасалынуда. Биыл табиғи өсім сақталып, 5 айда 716 бала дүниеге келді. Ана өлімі тіркелген жоқ, бұл жетістіктер барлық ақ халатты жандардың шынайы еңбегінің жемі­сі.
Еңбектеріңіз еселеніп, әрқашан биік мінберден көріне беріңіздер, – деп аудан әкімі Мажит Самитұлы ыстық ықыласын білдірді. Одан әрі бірнеше сала үздікте­рі марапат мінберіне көтерілді. Олар­дың қатарында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақ­тау ісінің үздігі» төсбелгісімен дәрі­гер стомотолог Сарыбай Жақсыбайұлы марапатталды. ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Алғыс ха­ты» Гулзинат Ильясқызына табысталды. Облыс әкімінің «Алғыс хатымен» Сәуле Бөлекбайқызы және Әділхан Темірхан­ұлы марапатталды. Облыстық денсау­лық сақтау басқармасының «Құрмет» грамотасына Ғалым Байзақұлы мен Әйгерім Нұрланқызы лайық деп танылса, «Алғыс хат» Рабиға Раматуллақызына, Арайлым Әбдімажитқызына және Нұр­бол Жүнісовке берілді. Қызылорда облысы бойынша мейіргер ісі мамандары­ның ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің «Алғыс хатымен» Ұлмекен Кәрібайқызы, Гүлнар Оразқызы, Құралай Таңатарқы­зы марапатталса, облыстық кәсіподақ ұйымының «Құрмет грамотасы» Сал­танат Қайратқызына табыс етілді. Сол секілді аудан әкімінің арнайы «Алғыс хатымен» Ханзада Аметжанқызы, Гүл­жан Сайлауқызы, Алмасбай Өскенбай­ұлы, Сәуле Қалхожаева және Аманкүл Ибашева марапатталды.
Келесі кезекте Жаңақорған ауда­нының көпбейінді орталық аурухана­сының бас дәрігері Тәңірберген Әмитов құттықтау лебізін білдіріп, үздік са­ла мамандарына «Аманат» партиясы Жаңақорған аудандық фили­алы мен аудандық денсаулық сақтау саласы және салалық кәсіподақ ұйымының «Алғыс хаты» табысталды. Әрі облыстық спартакиадаға қатысқаны үшін аурухана бас дәрігерінің «Алғыс хаты» да берілді.
Марапаттау рәсімінен кейін мереке­лік шара аудан мәдени­ет өнерпаз­дарының концертіне жалғасты.
Медицина қызмет­керлері – ең ұлы әрі қастерлі мамандықтың иесі. Бүгінде әлем жұртшылығы осынау маңызды мамандық иелерінің көмегіне әрдайым мұқтаж. Ақ халатты абзал жандар сындарлы сәттерде өз міндеттерін мінсіз атқарып, ел сенімін ақтай білуде. Сондықтан оларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
22 маусым 2024 ж. 212 0