ТУ ТҰҒЫРЫ – ТАТУЛЫҚ СИМВОЛЫ

Жеңістің 80 жылдық мерекесі аясында, ҰОС-ның тыл ардагері Кәрім Жұмабаевтың туғанына 90 жыл толуына орай ұрпақтарының ауылға тартуы «Ту тұғырының» ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, ел ағалары және ауыл тұрғындары қатысты.
Ауыл төріндегі мерекелік кеш еліміздің өнер майталмандарының орындауындағы патриоттық әндермен басталды. Елдің жүрегінен орын алған Үкітай Ерниязов, Әл-Фараби Бекарысұлы, Махамбетәлі Бекпейсов, Нурислам Тлеухан бастаған өнерпаздардың өнері көпшілікті сүйсінтті.
Салтанатты рәсім барысында аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы тұрғындарды «Тағзым» алаңының ашылуымен құттықтады.
– Бүгін Төменарық ауылы үшін тарихи әрі тағылымы терең күн. Елдігіміздің, Тәуелсіздігіміздің айғағы саналатын қасиетті Мемлекеттік рәміздерімізге арналған Ту алаңының ашылуы – ынтымағымыздың белгісі. Тәуелсіз Қазақстанның айбынын асырып, мерейін өсіретін Елтаңба, Ту және Әнұран – халқымыздың жүрегінен орын алған қастерлі құндылықтар. Мемлекеттік рәміздер – бұл елдік пен егемендіктің, бірлік пен рухтың нышаны. Сондықтан бүгін біз өткенімізге тағзым етіп, болашаққа бағдар берер бұл нысанды ауыл жастарына, келер ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін маңызды мәдени-рухани орын ретінде ашып отырмыз. Осы игі бастаманың салтанатына арнайы қатысып отырған, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, еліміздің құрметті азаматы, сәулет өнерінің шебері Жандарбек Мәлібековке зор ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің еңбегіңіз – тек сәулет өнерінің ғана емес, тұтас ұлт руханиятының асыл мұрасы, – деді ол.
Сондай-ақ, осы кеште ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.
Ұлағатты ұстаз, Ұлы отан соғысының тыл майдангері, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Кәрім Жұмабаев атамыздың туғанына 90 жыл толуына орай ұрпақтарының ауылға тартуы ретінде ұсынғалы тұрған «Ту тұғырының» аллеясының ашылу салтанатында ел ағалары мінбер төріне шақырылды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, мемлекет қайраткері, «Барыс» орденінің иегері, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, құрметті сәулетші, жерлесіміз Жандарбек Мәлібекұлына сөз кезегі берілді.
– Мемлекеттік Рәміздер – мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі. Мемлекеттік Рәміздер – елдігіміздің кепілі. Төменарықтық ағайындардың «Ту тұғырын» орнатып, бірлігімізді одан әрі нығайта түскені мені шын қуантты. Осындай елшіл азаматтардың игі істері жалғасын таба берсін, – деген ақжарма тілегін жеткізді.
Шара барысында Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлына құрмет көрсетіліп, иығына қазақы дәстүрге сай шапан жабылды. Мемлекеттік Гимн орындалып, бейбітшілік пен бірліктің нышаны – көк Ту көкке көтерілді.
Спорт шебері, бокстан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 4 дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің гір спортынан 2 дүркін чемпионы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің полковнигі Мейіржан Жұмабаевқа арнайы сөз беріліп, жылы лебізі тыңдалды:
– Бүгінде Төменарық ауылы – ауданымыздағы қарқынды дамып келе жатқан елдімекендердің бірі. Өткен жылы аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаевтың тікелей қолдауымен ауылға көгілдір отын келіп, көптен күткен маңызды мәселе шешімін тапты.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарының денсаулығы – басты назарда. Осы ретте 50 орындық жаңа аурухана мен ауылдық амбулаторияның салынуы – медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, тұрғындар өмірінің сапасын жақсартуда.
Ауызсу, жол, инфрақұрылым мәселелері де кезең-кезеңімен оң шешімін тауып келеді. Бұл – Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларымен жүзеге асып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі.
Ал бүгінгі ашылып отырған Ту алаңы тек көркем нысан ғана емес, елдігімізді ұлықтайтын, ауылдың патриоттық рухын көтеретін, жас ұрпаққа елін, жерін сүюге баулитын маңызды орын болады деп сенемін. Бұл игі істің жүзеге асуына үлкен демеушілік көрсеткен бауырым, Жұмабаев Қайрат Кәрімұлына өз атымнан және ауыл жұртшылығы атынан ерекше алғысымды білдіремін, – деді ол.
Айта кету керек, Мемлекеттік Ту алаңы – жергілікті кәсіпкер Қайрат Кәрімұлы Жұмабаевтың демеушілігімен бой көтерген нысан. Бұл игі іс – ұлағатты ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Кәрім Жұмабаевтың 90 жылдық мерейтойына орай ауылға жасалған тарту болды.
Қайрат Кәрімұлы өз қаржысынан 10 миллион теңге бөліп, туған ауылына көрік беретін, көпшілікке ортақ әсем аллеяны салып беріп отыр. Бұл – нағыз азаматтықтың, туған жерге деген жанашырлықтың үлгісі.
Көпшілік бас қосқан мерекелік шарада Төменарық ауылының қауымдастық төрағасы Орынбасар Әзизұлы, Кәрім Жұмабаев атамыздың туыстары, Кәрім атамыздың ұлы Қайрат Жұмабаевтар жылы лебіздерін білдірді.
ТҮЙІН. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні, болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер қатарының артуы – татуылығымыздың айқын белгісі.
Мақпал МАРҚАБАЙ