Соңғы жаңалықтар

№32 (8846) 30

30 сәуір 2025 ж.

№31 (8845) 29

29 сәуір 2025 ж.

№30 (8844) 26

26 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Жаңа технологиялар өнімділікті арттырады

Жаңа технологиялар өнімділікті арттырады


Соңғы жылдары аграрлы салаға жаңа технологиялардың көптеп келуі көңіл қуантады. Суды үнемдеу, тың жерлерді игеру, экологиялық тазалық пен өнімділікті арттыру оң бетбұрыстарға бастады. Бірақ әлі де жетілдіре түсу керек. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да жиі тапсырмалар беруде. Яғни агротехникасы озық елдермен тәжірибе алмасуды үдетіп, бәсекелестікті арттыру – уақыт талабы. Мұның негізгі мақсаты импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты реттеу болып тұр. Бұл бағытта Сыр өңірі жыл сайын жүйелі жұмыс істеуге дағдыланып келеді.

Жалпы әлемнің дамыған елдерінің ішінде басымдық­ты ауыл шаруашылығына бағыттаған мемлекеттер аз емес. Негізгі байлық көзіне айналған мал және егін шаруасынан олар миллиондаған халқының әлеуметтік жағдайын реттеп отыр. Мәселен, Қытай, Жапония, Израиль, Аустралия, тіпті көршілес Өзбекстан да аграрлы саланың арқасында көштен қалмай келеді. Олар адам еңбегіне иек артқанымен, жаңа техниканы тереңірек меңгеруге тырысып бағуда. Көштің басында тұрған Қытайда осы саладан түсетін табыстың көлемі осдына үш жыл бұрын 1 трлн доллардан асып жығылған. Үндістан 500 млрд долларға жақындатыпты. Тіпті технологиясы дамыған күншығыс елі де бұл салаға көбірек басымдық береді. Міне, әлемдік нарықтың бір көрінісі.
Жер тегістегіш лазер, дән сепкіш дрондар, жаңа комбайндар мен тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері егін шаруасына ене бастады. «Кейінгі жылдары шаруашылықтарда лазерлік тегістегіш құрылғысының саны өсіп келеді. Оның тиімділігі дәлелденді. Қазір өңірде 200-ден астам лазерлік тегістеуіш бар. Биыл 60 мың гектар жер оның көмегімен өңделді» – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Биыл облыс бойынша 193,7 мың гектарға егін егу жоспарлануда. Мұнда күріштің көлемі 85,6 мың гектарды құрайды. Облыстың егістік алқабында биыл күріштің бірнеше сұрпы сыналады. Олардың қатарында Қытай, Түркия және Еуропадан жеткізіліп, алғаш рет жерсіндірілетін тұқым түрлері де бар. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, күріш егісіне агродрондарды пайдаланудың тиімділігі зор. Әлемнің көптеген елінде қолданыла бастады. Өткен жылдары аталған технология егін алқабын бақылау, тыңайтқыш беру және химиялық өңдеу бағытында кәдеге асты.
– Былтыр институт агродрондармен күріш тұқымын себу тәжірибесін қолданды. Сол арқылы жақсы көрсеткіштер болды. Күріш тұқымын себу нормасы дәстүрлі технологияға қарағанда 2 есеге дейін азаяды, яғни, гектарына 130-150 келі мөлшерінде дән тасталады. Оған қоса күріш атыздары алдын ала суға бастырылып, себілген тұқымның шығыны болмайды. Көктемгі егін науқанына бөлінетін жанар-жағар-май мен техникалардың қосалқы бөлшегіне кететін шығын азаяды, – дейді институт басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Байманов.
Енді ауданға оралайық. Жаңақорғанда жаңа технологияны қолданысқа енгізгендердің бірі түгіскендік Бағлан кәсіпкер. Ол былтыр бір тегістегіш лазер мен екі бірдей дронды егістікке қолданды. Нәтижесі көңіл қуантатынын айтты.
– Былтыр күріштен гектарына 100 центнерден өнім ала алдым. Өнім жылдағыдан жоғары болды, нәтижесінде жыл соңында аудан бойынша жылдың «үздік күрішшісі» деген атағына ие болдым. Жалпы қожалықта бас-аяғы 10-ға жуық техника бар. Жер жыртатын соқа, трактор, комбайн және өзге де көліктер бар. Биыл лазер және қос дронды іске қосып, тексеріс жасадық. Өнімділігі өзгеше, көңілден шықты. Лазермен жер тегістеп, дән тастадық. Кейіннен дрондарды қолданып көрдік, өте тиімді екен. Біріншіден, дәріні нақты жерге шашса, екіншіден, уақыт үнемдеудің таптырмас құралы. Ал, лазердің тиімділігі жердің тегістелуіне мін таға алмаймыз. Бұйырса, биыл да жұмыс өнімді болмақ. Күріш, бидай, жоңышқадан бөлек 30 гектарға картоп егу межеленіп отыр, – дейді «Диас ЕБ» шаруа қожалығының төрағасы.
Мамандар жаңа техникалардың артықшылығын тұқым мен тыңайтқышты егістікке дәл және тегіс тастауға ыңғайлы дейді. Бір жағынан еңбек өнімділігін арттырады. Осылайша дамыған елдердің озық технологиясын жұмыс барысында пайдалануға мән беріліп отыр. Дронның дельтапланға қарағанда дән не тыңайтқыш болсын оны себу мүмкіндігі нақтырақ. Себебі, дрондар арқылы дән 2-3 метр биіктікте себіледі, дәрі де ысырап болмайды. Жалпы өнімді жақсарту үшін өңірге жаңа техникалар, дрондар, көшеттеп егетін тракторлар жеткізілген.
Жаңақорғанда бұған дейін үш дрон болса, енді олардың санын көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ, келер жылдан бастап жер тегістегіш лазерлердің де қатары артпақ. Мұның барлығы егіс көлемін ұлғайтып ғана қоймай, өнімнің де қазанын толтыруға аса серпін береді. Демек, аграрлы салаға жаңа технологиялардың келуі өте құптарлық іс.
Айта кететіні, елімізде ауыл шаруашылығындағы негізгі процестерді автоматтандыру үшін Жасанды интеллект (ЖИ) агенттерін енгізу жоспарлануда. Ауылшаруашылық өтінімдерін субсидиялау үшін ЖИ элементтері бар Чат-бот көмекшісі – ЖИ өтінімдерді автоматты түрде тексереді және қате деректерге байланысты ауытқу пайызын төмендетеді (қателер 30%-дан 5%-ға дейін азаяды). Топырақты талдаудың интеллектуалды жүйесі қол еңбегін 75-80%-ға төмендетеді, ұсыныстардың дәлдігін 95%-ға дейін арттырады. Сондай-ақ, зиянкестермен күресуге арналған ЖИ пилотсыздары егін шығынын 25-30%-ға азайтады. Бұл жобаларды іске асыру 2025-2026 жылдарға жоспарланған.
Түйіндей айтқанда, Жаңақорғанда бұған дейін үш дрон болса, енді олардың санын көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ, келер жылдан бастап жер тегістегіш лазерлердің де қатары артпақ. Қазірдің өзінде 15 техника бар. Мұның барлығы егіс көлемін ұлғайтып қана қоймай, өнімнің де қазанын толтыруға аса серпін береді. Демек, аграрлы салаға жаңа технологиялардың келуі өте құптарлық іс. Тек тиімділігін дұрыс бағамдап, пайдалана алсақ болғаны. Қалғаны уақыттың еншісінде.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
30 сәуір 2025 ж. 699 0