Қазақстанда жаңа айыппұл түрі енгізіледі

Тиісті өзгерістер еліміздің Бас прокуратурасының ұсынысы бойынша Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне енгізіліп, Мәжіліс тарапынан мақұлданды.
Енді, егер әуе компаниясы жолаушыны төлемі толық жасалған билетіне қарамастан ұшаққа отырғызудан бас тартса, оған 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл 2025 жылғы есеппен — 196 600 теңге.
Осы уақытқа дейін овербукингке қатысты әкімшілік шаралар тек халықаралық рейстерге ғана қолданылып келген. Ал ішкі бағытта сапар шегуші жолаушылар бұл тұрғыда заңмен қорғалмаған еді.
Айта кету керек, соңғы жылдары сұраныс жоғары мерекелік күндер мен туристік маусым кезінде артық билет сату жағдайлары жиілеген. Нәтижесінде жарамды билеті бар көптеген жолаушы рейске отырғызылмай, балама бағыт іздеуге немесе келесі рейсті күтуге мәжбүр болған. Көп жағдайда ешқандай өтемақы немесе кепілдік те берілмейтін.
Бұл жаңа айыппұл әуе компанияларын тәртіпке шақырып, жолаушылармен туындайтын даулы жағдайларды жедел әрі әділ шешуге ынталандыруды көздейді. Сондай-ақ, тасымалдаушылардың орын брондау ісінде жауапкершілігін арттыруға сеп болады.