№24 (8838) 5

05 сәуір 2025 ж.

№23 (8837) 1

01 сәуір 2025 ж.

№22 (8836) 29

29 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Нұрғисаның ізбасары

Нұрғисаның ізбасары


Жамбыл атаның тізесінде отырған қара баланың қалқиған құлағы кенен кеудеден төгілген сыр мен сазды қақшып түсіп, сәби қиялдың қанатына қаз-қатар тізбектей берген екен. Кейін, дүлей күйші болғанында жастай санаға егілген сол ғаламат хикметтің күші иесін құдіретті өнердің құзар шыңына самғатып алып кетті.
Нұрғисаның Жамбылды пір тұтып өтуінің бір себебі осы. Өзі тағы бір кие тұтқан нар тұлға – Кенен Әзірбаевты іздеп тауып, домбырамен «Аққу» күйін шерткенінде «Сен қай баласың? Тілендінің Мәскеуде оқитын өнерлі ұлы бар деп еді. Сен сол емессің бе? Мынау Тілендінің күйі ғой» деп тамсанған Кенен ақсақал.


Жамбыл жәкесі дүниеге келген Жетісу өңірінде туып, ауасын сіміріп өскендіктен көңілін сол асылдарға теліп ерте есейген өспірімді ең алғаш кезіктірген Ахмет Жұбанов ағасы оны музыка мектебіне жетелеп апарды. Ұстаздарының «Домбыраны кім үйретті?» деген сауалына «әкем» дем мақтана жауап бергенімен маңдайға сыймай кеткен әкеге деген сағыныш кеудеде мәңгіге орын тепкен. Жаратылыстың әрбіріне тән саз бен дыбысқа зер салып, табиғаттың үнінен үйлесім іздеген сыршыл жүрек иесінің мінез-болмысы аумай-төкпей перзентінің пешенесіне жазылыпты. Осы адал ұл өктемшіл саясаттың тұсында өзгелер қарабай­ыр санап, шетқақпай еткен қазақтың қарапайым аспаптары – домбыра мен сырнай үнін жетіген, сазген, сыбызғы, шертер, шаңқобыз, тайтұяқтың дыбысымен үндестіріп, халықтық ұлт аспаптар оркестрі – «Отырар сазының» құдіретті сарыны Ұлы Даланың тағдырлы толғауын күңірентіп, жасампаз рухты оятқан.
Міне, осынау еңбектің иесі, ерек тұлға – Нұрғиса Тілендиев екі рет Мемлекеттік сыйлықты иеленгені өз алдына, оған 1998 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді. Дәулескер күйші тірі болғанында биыл жүз жасқа толар еді.
Талант жүз жылда бір туады деуші еді.
Біздің алдымызда отырған құлағы қалқиған қара бала да домбыраны алғаш әкесінен үйренген мақтанышын жасырмады. Бәрекелді дедік. Аудан орталығындағы №286 мектептің оқушысы Алпамыс Тілесханның бұдан бұрын республикада топ жарып Стамбул қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама алғанынан хабардармыз. Міне, осы байқаудан бас жүлдені алып қайтыпты. Газетіміз баспаханаға кететін күн, жайбарақат көңіл қоюға мұрша келмей жатқанына қарамастан сүйінші жаңалықпен келген жандарға ықыласымызбен құлақ түрдік. Жас дарын біздің қолқамызды жықпай, орындыққа жайланып отырып Нұрғисаның «Аққу» күйін төгілдірді-ай бір. Тәңірім-ау, мынау Нұрғисаның өзі ғой. Қайран аға тірі болғанында мына өспірімді құшағына қысып, маңдайынан сүйіп, ағыл-тегіл батасын берер еді-ау.
Стамбулда өткен түркітілдес мемлекеттер түгелімен қатысқан көп жанрлы халықаралық байқауға домбы­ра аспабында орындаушылығымен қатысқан 150-200 талапкердің ішінен біздің баламыздың бас жүлдені иелену сыры күйді қос домбырамен төгілтуінде жатса керек.
Бұл өнерге келу сыры, оның ішінде қос домбырамен ойнауды қалай меңгергендігі жөнінде өзі былай дейді:
– Өз атам да, нағашы атам да домбыра ұстаған жандар. Өзім Нұрғиса атамызға қатты еліктеп сол кісі сияқты болсам деп армандадым. Атаның домбыра қағысын бейнежазбаларына қалт жібермей қарап отырып үйреніп алдым.
Міне, енді осы өнерді әлемге паш етіп жүрген он бес жасар талант алты мемлекетке жолдама алып отыр. Алғашында республикалық байқауларда топ жарған Алпамыс халықаралық байқауға жолдама алса, енді Еуропаға есік ашылды. Алдағы уақытта Францияның астанасы Прагада, Әзірбайжан астанасы Бакуде, Ташкентте, Дубайда және Анталияда өтетін конкурста өнер көрсетіп, ұлттық өнердің мұрасын маңдайалды елдерге мәшһүр етпек.
Алпамысты редакциямызға ертіп келген ата-анасы Жомарт пен Мақпал өздері студент кезінде өмірге келген тұңғыштары әжесі Сәндігүлдің бауырында өскенін айтты. Алпамыс дүниеге келерде әжесінің түсінде аян берген бабалары қолына домбыра ұстатып кетіпті. Бүгінгі сүйінші жаңалықтарды тылсымның ақиқатқа айналған ғажайып тартуы демей, не дейік?!

Баян ҮСЕЙІНОВА
05 сәуір 2025 ж. 152 0