№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

КҮЙ ҚҰДЫРЕТІ

Музыка зерттеушілері бүгінгі таңда қазақтың 5 мыңдай күй және 5 мыңдай ән мұрасын тіркеуге алып отыр. Ел арасындағы талантты тұлғалардың жүрегін жарып шыққан бұл шығармалар арқылы халықтың басынан өткен небір сырлы тарихын көз алдыңызға елестетесіз. Онда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, әдет-дағдысы, мінез-құлқы, дүниетанымы, сезім-түйсігі, арман-аңсары музыка тілімен көрініс табады.
Әл-Фарабидің «Музыканың ұлы кітабы» атты трактатында музыка теориясы, оның пайда болу және қалыптасу тарихы, оны орындаудың әдіс-тәсілдері жөнінде ғылыми-танымдық талдаулар бар.
Қазақтың төл музыкалық мәдениеті аса бай фольклорлық мұралардан бастау алады. Қазақ музыкасы үшін әсіресе ХІХ ғасыр алтын ғасыр болды. Осы кезеңде орыс ғалымдарының қазақ музыка өнері жөнінде бай деректерге толы мағлұматтары өте көп. Ресей империясының қазақ жерін отарлау саясаты, оны Ресейдің құрамдас бөлігі санап, барша құндылықтарын өз мақсаттарына бағыттау талабын көздегені мәлім. Қазақ музыкасы туралы халықтың өз арасынан шыққан көкірек көзі ашық зиялы қауымның зерттеулері де тарихта мол кездеседі. «Айқап» журналының 1913 жылғы №1 санында жарияланған «Музыка» деген мақаласында Мұхаммедсәлім Көшімов былай деп жазды: «Ата-бабамыздан келе жатқан бұл домбыра өнерінен де айырылсақ, арамыздан жақсылап шертіп, ән салушылар да жоғалса, құлаққа ұрған танадай болып қалмаймыз ба? Кейінгі жастарымыз бара-бара ұмытып, мақұрым қалмай ма? Сол үшін қазақ күйлерін нотаға түсіріп алу керек».
Кеңес заманында қазақ музыкасының жинақталуына, нотаға түсірілуіне айрықша еңбек сіңірген Александр Затаевич болды. А.В.Затаевичке қазақ ән-күйін, жаздыртып, қазақ өнері туралы Әліби Жанкелдин, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Сералин, Жүсіпбек Аймауытов, Ільяс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов сынды ақын-жазушылар, Ораз Жандосов, Темірбек Жүргенов. Нәзипа Құлжанова, Алма Оразбаева, Әлкей Марғұлан, Ғани Мұратбаев сынды қоғам қайраткерлері көмектесіп, соның нәтижесінде қазақтың толымды музыкалық мәдениетін дүние жүзіне танытты. Қазақтың өз-өзіне сенімі артты. Қазақ халқы өз көкірегінде, тулап аққан қан тамырларында, салалы саусағының ұшында телегей-теңіз боп құйылған талант қуатының бар екеніне көзі жетті. Халықтың ән-күйін негізге алып, дүниеге келген «Жалбыр» «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» сынды музыкалық драмалар дүние жүзін аралап кетті.
Күй – қазақ музыка шығармаларының ішіндегі ең ірі жанр. Күй тілі – халыққа сондай жақын, сондай түсінікті.
Күй – қазақтың аспапты музыкасы.
Күй – адамның белгілі бір сезім сәті. Ол адамның көңіл-күйіне қарай қуанышты немесе қайғылы болуы да мүмкін. Күй тілі өмір-тіршілік құбылыстары жөнінде нақты хабар бере алады екен.
Ільяс Жансүгіров:
«Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң, тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма?
Тілден артық үн барда», – деп жазған екен. Академик Ахмет Жұбанов күйдің сөздік астары туралы: «Құрманғазы кей кезде домбыраны адамның тілімен сөйлеткісі келеді. Ол қазақ күйшілерінде бұрыннан бар нәрсе.
Бірақ әркімнің өз шамасы, өз құлашы бар емес пе? Солай болғандықтан, біреулердің домбырадағы «сөздері» анық емес, бұлдыр, ән салғанда сөзін шайнап жұтып қоятын әншілер сияқты еш нәрсесін айыра алмайсың. Ал Құрманғазының «сөйлетуі» ап-анық. Оның «Қайран шешем», «Ертең кетем», «Не кричи, не шуми», «Аман бол, шешем, аман бол» және «Бұқтым-бұқтым» күйлерінде осы бір күй аттарымен сөздер тастай болып естіледі. Ондай «сөйлеу» дәрежесіне жету үшін күйші музыканың, бұл арада күй жанрының интонациялық, ырғақтық, интервалдық, жақтарын жақсы пайдаланған» (Жұбанов.А. «Құрманғазы» 1978, 44 бет) дейді.
Күй түрлері
Қазақ халқының дәстүрлі талғам-танымы бойынша күй атаулы өзінің сөз-сарынына орай «қоңыр күй», «тік күй» және «бойлауық күй» деп үшке бөлінеді. Ал төкпе күй, шертпе күй деген сипаттама жеке күйлерге тән. Қоңыр күйлер философиялық ойға құрылып, көбіне өмірдің ойлы, мұңды сәттерін толғайды. Сол арқылы тыңдаушыны сабырға шақырады. Өмірдің мән-мағынасын зердеге ұялатады. Айталық, Ықыластың «Қоңыр», Тәттімбеттің «Көкейтесті», Қазанғаптың «Көкіл», Дәулеткерейдің «Жігер» күйлерін атауға болады.
Тік күйлер – өмір құбылысын тыңдаушысына елестетіп отырады. Өмір құбылыстарын дыбыспен баяндап береді. Бұған Құрманғазының «Ақсақ киік» , Нұрғисаның «Аққу» сияқты күйлерін жатқызуға болады.
Бойлауық күйлер көбіне жоқтау сарынымен өмірдің қайғысы, зарлы сәттерін бейнелейді.
Күйді өз жанынан шығарған адамды – күйші деп танысақ, біреудің күйін домбырада тартуды домбырашы дейміз.
Күй тартып айтысу, күй тартып жауаптасу дәстүрі қазақ даласының барлық өңірінде болған. Күйшілердің күймен жауаптасуы, күймен сәлем жолдап, күймен арнауына Құрманғазы мен Дәулеткерейдің кездесуін айтуға болады.
Құрманғазы алғаш істі болғанда сауға сұрау үшін Дәулеткерейге келеді. Қос күйші бір-бірін өнерде өрістес болғаны үшін құрмет тұтса керек. Екеуі де көңілдегі айтар ойын күй тілінде сөйлеткен. Алдымен үй иесі Дәулеткерей домбыраны алып, бір күй тартады. Бұрын естімеген күйге елең етіп Құрманғазы «Бұл не күй?» десе Дәулеткерей «Бұлбұл» деп жауап береді. Іле домбыраны Құрманғазы алып, ол да «Бұлбұл» деген атпен бір күй тартады.Сонда Құрманғазының өнеріне тәнті болған Дәулеткерей: «Жоқ, бұл жай бұлбұл емес, бұлбұлдығң құрғыры екен» депті. Осылайша екі ұлы күйші бір-біріне өлмес өнерден белгі қалдырған.Құрманғазының әйгілі «Сарыарқа» күйі мен Тәттімбеттің әйгілі «Көкейтесті» күйі екі ұлы күйшінің бір-біріне арнаған күйлері еді деген де аныз бар.
Нағыз қазақ – домбыра
Қазақ ұлтының төлтумасы саналатын домбыра ның қоңыр үні қоңыр мінезді, қойдан жуас қарапайым халқымен күні бүгінге дейін қолынан тастамайтын бойтұмары сынды, қуанғанда жебеген, қайғырғанда демеген. Онсыз бір қызықшылығы өтпеген.Тәуелсіздіктің жарық таңы атқанда желкілдеп өсіп келе жатқан жас жеткіншектің жүрегінде ұлттың ұлы мұрасына адалдық отбасынан бастау алатынын ұмытпайық. Сөзімізді тірілтейік, аудандық Әлшекей атындағы өнер мектебінің ағаоқытушысы Айгүл Өтегенова былай дейді:Ата-анамыз біздің музыкалық аспапты меңгеруімізге өте қатты құштар болды. Өздері өнер адамы болмаса да таланттыны тәу етті. Манап, Есіркеп, Әмір, Бексұлтан ағалар біздің шаңырағымыздың ең қадірлі меймандары еді. Бізге соларды үлгі етті. Құрмет құштарлықты тудырады. Бұл ретте домбырадан дәріс берген Оразәлиева Ғазиза апайды пір тұтамын. Мен үшін Ғазиза апам мен домбыра тұтасып кеткен бір ғажайып әлем сынды еді. Ұстазымның жолын қудым. Жүздеген шәкірттің жүрегіне күй құдыретін ектім.
Домбырамен жаным егіз десем болады. Жас күнімде біреуге ренжігенде күй пернесін тербесем көңілім жай табатындай еді. Сол дағды әлі қалмаған, жабығып, жалғызсырап барып, домбыраммен сырласқанда жүрегіме құйылған сиқырлы әуен пенделіктен ту биікке самғатып, мұң мен сағынышқа қауыштыратынын жасырмаймын.
Сағыныш дегеніміз – саф тазалық. Шынайы қоғамды жаны таза адамдар жасайды. Жантүршігерлік қылмыс пен қорқаулықтан ада әділетті қоғам орнатамыз десек осы өзегімізден ажырамауымыз керек.
Домбыра – ұлттық өнеріміздің тіні, бабалардың жүрек үні. Соны қастерлей білсек екен, – дейді ол ағынан жарыла.
Түйін.Домбыраның атауы да барлық халықта бірдей айтылады. Оны бір білгіштердің пианиноны «күйсандық» деп тәржімалағанындай «күйтаяқ» деп аударып әлек болудың қажеті жоқ. Домбыраның аты – домбыра.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
21 шілде 2018 ж. 1 759 0