Жансая мерейді асқақтатты

Жақында Шымкент қаласында өңірлердегі бесік жырының орындалу мәнерін дәріптеуге арналған «Ұлт ұясы – бесік» деген тақырыпта республикалық байқау өткізілді. Байқаудан Жаңақорған ауданының намысын қорғап барған Жансая Төреманова жүлделі оралды.
Байқау шарты бойынша қазақтың бесігін және оның мәдени маңызын көрсетуде сахналық қойылымды дайындаған Жансая өзінің сценариі бойынша екі әжені ертіп барып «Бесікке салар» рәсімін орындады. Әжелер алдымен бесіктің жасау-жабдығын түгендеп, олардың жеке-жеке атауына тоқталды. Бесікті көркем жабдықтап, мамық ұясына тербетілген балақанды әлди жырымен ұйықтатудың көрінісін көңілдегідей сахналады.
Өзі осы саланың кәсіби маманы болмаса да Жаңақорған ауданының атынан бәйгеге ат қосып, онымен қоймай қанжығасы майланып қайтқан Жансаяға құтты болсын айтып, қуанышын бөлістік.
«Бұл байқау туралы қайдан естідің? Байқауға қатысқан кіл мәдениет ұжымдары мен мекемелері атынан келген өнерпаздар қатарында жеке шауып бәйге алудың сыры неде?» деген сауалымызды да іркіп қалмадық.
– Дұрыс айтасыз. Негізінен жеке кәсіпкерлікпен айнаоысатын тұлға ретінде хабарландыруды құлағым шалмауы да мүмкін еді. Бірақ өнерге жақындығым мені көпке танымал етіп келе жатқанын да жасырмаймын. Бойымда бар талабымды ұштап, халықтың арасында үлкенді-кішілі той-думандарына асабалық етіп келемін. Осындай жиынның бірінде көзіне түсіп, көңілінде қалған болуым керек, Шымкент қаласынан Әдет-ғұрып және салт-дәстүрлер орталығы директорының орынбасары Райхан Сапарқызы жеке өзіме хабарласып, байқауға қатысуымды өтінді. Сонымен бесіктегі кішкентай бөбегімізді құшақтап, жолдасымыз екеуміз Шымкент қаласына аттанып кеттік. Сол жақтан екі әжені тауып, бес күндей дайындық жасадым. Сахнада өз баламды бесікке бөлеп, әлди жырын төгілттім.
Әрине, алыс-жақын облыстардан келген ірі мәдениет ұжымдарының арасында жеке дара өнер көрсетіп, озып шығу маған да оңай болмады. Бірақ, барымды салдым. Әділқазылар біздің осы батылдығымызды, намысқойлығымызды бағалаған болу керек, біздің құрам – «Белес» тобын екінші орынға лайық деп танып, 500 мың теңге сертификатқа ие болдық» дейді ол.
«Өнерлінің өрісі кең» деп осындайда айтылса керек. Бұған дейін төл мамандығы бойынша аудандық қүрылыс бөлімінде қызмет атқарып келген Жансая бүгінде той-бизнес саласына басыбүтін ден қойып, өмірлік кәсібіне айналдырмақ ниетте екен. Өзі бұл жөнінде былай дейді:
– Мен Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Киелі Жаңақорған топырағына келін болып түсіп, бүгінде алты баланың анасымын. Қоғам қызметі мен отбасы тірлігін қатар алып, бала тәрбиесіне де уақыт табу, әрине, әйел адамға оңай емес. Осы тірліктің барлығында ең бірінші сүйенерім, қолдаушым ерім – Нұрланға алғысым шексіз. Ол менің өнерімді де бағалайды. Елдің алдында жүргенімді мақтаныш көреді. Елге қызмет етіп көңілінен шыға білсем – бар арманым осы.
Кешегі бәйгеде жүлде алуым өзіме деген сенімімді арттырды. Бастысы, жүректің сүйіспеншілігі болса барлық қиындық-кедергі деген түк емес екен. Аллама мың шүкір, – дейді Жансая ағынан жарыла.
Баян ҮСЕЙІНОВА