Асқақ үміттің ұшқыны

Шымкент қаласында өткен математикалық-арифметикалық Халықарарық олимпиадаға бес елден келген кіл білімділер бақ жаоыстырды. Белгіленген уақытқа берілетін математикалық есеп көлемі бойынша жүйріктік сынға түскен бәсекеде сан мықтының ішінен дара шыққан балғын жас Нұртуғанның мерейі үстем болды.
Ол 8 минутта 120 есептің нақты нәтижесін тауып, жауабын белгілеген. Сөйтіп Бас жүлдені қанжығалап оралды.
Шырынхан Нұртуған аудан орталығындағы №163 орта мектебінің 4 “д” сынып оқушысы. Жеңімпаз болып оралған шәкірттерін қуанышпен қарсы алған мектеп ұжымы алдында білім ордасының басшысы Мұхтар Шалысбаев ұстаз бен шәкіртті ерекше марапаттады.
Нұртуғанның ұстазы Мөлдір Мадиеваның мектеп партасына жаңа отырған көкөрімдерді қабылдап алып, «А» әрпін үйретуден бастап өмірге көзін ашудағы адал маңдай тері ақталғандай. Оның алдынан Нұртуған сынды нешеме шәкірттер үлкен өмірге қанаттанып ұшты. Десе де, әрбірінің өзіндік мінезі, табиғаты, қарым-қабілеті әрқилы. Ұстаздың міндеті – балғын құрақтың бойындағы ұшқынды үрлеп, жалынға айналдыру, жанамын деген үмітке жар бола білу дер едік.
– Жалпы, баланың бәрі дарынды, – дейді ұстаз бізбен әңгімесінде. Тек оның бойындағы ерекшелігін танып, басынан сипап бабын тануда ата-ана, мұғалім болып жүректің махаббаты керек. Шәкірттерімді алдымен адам болуға тәрбиелеуге күш саламын. Ар-ұят, намыс пен жігер, барлығы да бала жастан бойға біткенде болашақ сапалы ұрпақ өсіп шығады.
Шәкіртімнің жеңісі – ерінбей оқу, алдыға ұмтылу, намысты қолдан бермеу сынды ұмтылыстың нәтижесі. Қарасаңыз, Өзбекстан, Тәжікстан, Қарақалпақстаннан келген білімгерлерден қара үзіп, жалпы жарысқа қатысқан 112 үміткер арасынан суырылып алға шыққан Нұртуған Тұркияда өтетін Олимпиадаға жолдама алуымен Жаңақорғанның туын тұғыр төріне тігіп оралды. Бұл мен үшін де үлкен мәртебе, – дейді қуанышын жасыра алмай.
Біздің пікірімізше, математик Асқар ағасының ізінен ерген жас талаптың талантын жаһандық білім парадигмасының ережелерімен еркін ұштауына жан-жақты қамқорлық керек.
Гүлбақыт ЖАРТЫБАЕВА,
№163 орта мектебінің мұғалімі