№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Рухы биік сақшы

Рухы биік сақшы

  Ел Тәуелсіздігін алып, болашаққа даңғыл жол салуына мемлекеттің әр азаматы атсалысқаны анық. Әсіресе, Отан тыныштығын қорып, елдің ішкі бейбітшілігінің қаймағын бұзбай бәз қалпын сақтауда сақшылардың орны бір төбе. Осы орайда, ауданның ішкі тәртібінің тыныштығын қорыған, заты нәзік болғанымен мойнына ауыр жүк арқалаған азаматшаның қатарында Жаннұр Сейтжан да бар.
Жастығына қарамастан полиция аға лейтенанты шенін алған Жаннұр нәзік өмірін қайсар іске арнаған. Еңбекқорлығы мен жауапкершлік жүгін ерлермен тең көтере білгенінің арқасында жұмыс өтілін аудандық ішкі істер бөлімінің анықтау саласында тергеуші болып бастаған сақшы ару ерлерге тән кәсіпті нәсіп еткеніне еш өкінбейді.

  – Бүгінде қай салада болмасын ер азаматқа тән қызмет түрін нәзікжандылар да атқарып жүр. Мамандығын сүйіп, адал еңбек етсе, кез-келген адам үшін алынбайтын қамал жоқ. Дегенмен, қоғамда әлі де болса бұл істің қыз балаға тән еместігін айтып жататын кісілер кездеседі. Меніңше, кім болса да ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол маман болса болғаны, – дейді нәзік жанды сақшы.
Тәуелсіздікпен қатар өскен полиция аға лейтенантының ел болашағы мен оның өсіп-өркендеу жолындағы атқарылған жұмыстарға өз үлесін қосып, мейлінше мемлекетке пайдалы қызмет етсем деген адал ниетін әңгіме барысында аңғардық. Ол Елбасының жүктеген әр тапсырмасын мұқият тыңдап, Тәуелсіз мемелекеттің өркендеуі жолында әрдайым адал тер төгуге дайын екенін де жасырмады.
  – Біз Тәуелсіздіктің 27 жылын артқа тастадық. Бұл – біреуге аз, біреуге көп уақыт. Бірақ осы жылдар ішінде Қазақстан талай асулардан асты, белестерді бағындырды. Әсіресе, елдің алға жыл­жуы Елбасы­ның сарабдал саясатының арқасы деп білемін. Мәселен, биылғы Жолдауда жарияланған полиция қызметін реформалау – өте дұрыс, оң бетбұрыс екені даусыз. Осы реформалаудың арқасында полицейлердің беделі көтеріліп, абыройы асқақтайтынына сенімім мол, – дейді Жаннұр Сейтжанқызы.
Кейіпкерімізбен әңгіме барысында оның Отансүйгіштігі, ерге бергісіз мінезі сезілді. Десе де, сақадай сай полиция формасын айнымас серігіне айналдырған арудың бойынан шын мәнінде нәзік, биязы, сұлулығының астарында өжет мінезді, асқақ рухты қайсарлығын жасырған нағыз қазақ қызын көрдік.
Жаннұрдың тағы бір қыры – бойындағы өнері. Ол қызығы мен қиындығы мол қызметімен қоса өнерін қатар арқалап келеді. Тұла бойына Құдай дарытқан қасиеттің ұшқынын түншықтырмай, полиция қызметкерлерінің әр шарасында ән айтып, домбыра тартып, кейде қара өлеңді жанына серік етіп, ақ қағазбен сырласады. Тіпті, бірнеше туындының авторы. Өнерінің бағаланғаны болса керек, аудандық, облыстық нәзік жанды полицейлер арасындағы конкурстарға қатысып, облыстық «Қазақ полиция аруы» байқауының бас жүлдесін, «Көктем аруы», «Парасатты полицей» сайыстарының жүлделі орындарын қанжығасына байлаған. Міне, біз тілдескен полицей ару бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырып, жауапкершілігі өте үлкен саланы мойнына алып, оның қызметіне адаладық танытқан нағыз маман.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
15 желтоқсан 2018 ж. 1 035 0