Қожамбердіде игілікті істер көп

Ғасырға жуық тарихы бар Қожамберді ауылының бүгінгі кескін-келбеті көңіл қуантады. Ауылға ең қажетті инфрақұрылым саласының төрт мәселесі де оңтайлы шешіліп келеді. Ауызсу, жол, жарық мәселесі реттеліпті. Енді “көгілдір отынның” қосылуын асыға күтіп отырған тұрғындар биыл жақсы жаңалықтан үмітті. Төрттүлікпен тіршілігін түзеп, қара нар еңбекпен есейген ауылдағы ағайынның да айтары жоқ емес. Сондықтан ауылдарға сапардың кезегінде аттың басын осы округке бұрып, жай-күйін бағдарлап қайттық. Алдымен экономикалық және әлеуметтік саланың бүгіні мен болашағы жөнінде ауыл әкімі Нұрқасым Сейітқасымовпен сұхбат өрбіткен едік.
Сұхбатымызды ауыл тарихынан бастадық. Төменарық совхозының оңтүстік беткейінде, Бөртескен бекетінің тұсында үлкен Қандарал көлі болыпты. Сол көлдің құрметіне 1928 жылы Қандарал совхозы құрылып, жаңа дәурені басталды. 1947 жылы Қандарал колхозы Молотов колхозы болып өзгертілсе, 1949 жылы Елтай колхозы мен Қандарал колхозы қосылып, Коммунизм колхозы аталған. 1962 жылы Жайылма ауылдық кеңесінің орталығы «Красная звезда» совхозына көшіріліп, құрамына қазіргі Қожамберді, Екпінді, Қандықұдық, 1 май, Жайылма, Ленин бөлімшелері енеді. 1963 жылы «Коммунизм» Төменарық совхозына қарасты болды. 1993 жылы ауылға XVI ғасырдағы Сығанақ шаһарының ханы Ақназардың бас батырларының бірі Қожамберді батырдың есімі берілді. 1998 жылы Төменарық совхозы Төменарық ауылдық округі болып құрылады. 2005 жылы Төменарық ауылдық округінен бөлініп, Қожамберді ауылдық округі болып өз алдына ту тікті. Міне, қысқаша тарих осы.
– Округ бойынша 807 тұрғынбар. Бірлігі жарасқан ауылдың соңғы жылдары көші ілгерілеп, барлық саладан табысымыз еселеніп келеді. Салық түсімінен бастасақ, былтыр жоспар жүйелі орындалып, жыл соңында көрсеткіш 104,1 пайызға жетті. Сонымен қатар жалға беру жоспары да жүйелі орындалып, қазынаға түскен қаржы ауыл ішіндегі паноларды, қоршауларды, аялдамаларды, сым ағаштарды сырлауға және көше аттарын жаңартуға жұмсалды.
Жалпы, ауылды көркейту-көгалдандыру жұмысы межелі жүзеге асуда. Тазалықтан бастап, ағаш отырғызу, аяқ су келетін арық тазалау, сырлау-әктеу, саябақтардың сәнін келтіруде брусчаткалар төсеу және өзге де жұмыстар жасалынды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады.
– Енді ауылшаруашылығы саласына кезек берсек:
– Аядай ауылымыздың тіршілігі төрт түлікпен түгенделгенімен, қазір басым бағытты кәсіпкерлік саласына бұрып келеміз. Былтыр 4 кәсіпкер тіркеліп, шағын кәсібіміз кеңейе түсті. Бюджетті игеру де 100 пайызға орындалды. Жоғарыда айтқандай, ата кәсіпті арқау еткен ауыл болғандықтан мал шаруасына да тоқтала кетейік. Ауылда 851 бас мүйізді ірі қара, 5308 бас қой, 91 бас жылқы, сондай-ақ, түйе, құстардың да қатары бар. Бізде пада мәселесі жолға қойылған. Мүйізді ірі қара малын бағуға әр мал басына 1000 теңгеден 2 падашыны сайлаған болатынбыз. Уақ мал да қысы жазы падамен бағылуда. «Арон» шаруа қожалығы мал басын асылдандыру бағытында мемлекеттен 870 мың теңге субсидия алса, «Ғани» шаруа қожалығы 9 млн 376 мың теңге субсидияға қол жеткізді. Биыл да қайтарымсыз қаржы мен жеңілдетілген несие алуға жұмыс жасайтын боламыз. Сондай-ақ, егін саласына мән бере бастадық. Әзірге мал азығын дайындауға жұмыс жасаудамыз. Бұйырса алдағы уақытта егін саласына аса мән береміз. Бізде аяқсу Сунақата каналынан бастау алатын М-2 каналы арқылы толық қамтылған.
– Инфрақұрылым ел игілігіне жарап тұр ма?
– Ауызсу қазіргі уақытта елді мекенге тікелей Жиделі топтық су жүйесіне қосылған. Шиеліге тартылған құбырдан ауыз су уақытылы келіп тұр. Ауыл тұрғындарының жеке тұрғын үйлеріне толықтай су есептегіш құралдары орнатылған. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мекемесі арқылы сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өткізіліп, 2023-2024 жылы 358 млн қаржыға ұзындығы 12 шақырым болатын су құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Жұмыс 2024 жылы толық аяқталып, іске қосылды. Көшелерді жөндеу жұмысы да кезең-кезеңімен шешілуде. Жарық жаңғыртылатын болады, енді газдың қосылуын күтіп жүрміз. Бұл шаруа биыл қолдау тапса деген тілегіміз бар.
– Енді алдағы жоспарға кезек берсек...
– Жоғарыда айтқандай, бірінші кезекте көгілдір отынға қол жеткізу, сондай-ақ, жарық мәселесі де шешімін тауып тұр. Енді 2025 жылға берілген өтінімдерге қысқаша тоқтала кетейін. Аудандық бюджеттен саябақ ішін көркейту-көгалдандыруға, саябақ ішіне сахна орнату, ауыл ішіндегі арық тазалау жұмыстарына және көше бойына тренажерлік құралдар орнатуға қаржы сұрадық. Алдағы уақытта жүйелі жұмыс жасайтын боламыз.
Міне, Қожамбердідегі қызу тірліктің бүгінгі бедері осындай. Әкім биыл да ел күткен жақсы жаңалықтар болады деп сендірді. Тағы бір айта кететіні, ауыл жастары қоғамдық шараларда өте белсенді. Өнерден мектеп оқушылары өрге жүзіп, аудан ішінде көші ілгері болса, спорт саласындағы жетістігі көңіл қуантады. Шағын футболдан ауыл жігіттері команда құрап, облыс, республикалық аладоп бәсекелерінде үздіктер қатарында келеді. Бұл да ауыл атын өрге сүйреп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Айта кететіні, ауыл әкімі Нұрқасым аудан тарихында ең жас ауыл әкімі. Жас болса да бас болып жүрген әкімнің сұхбатынан жасалынып жатқан жұмыстардың аз емес екенін көзіміз көрді.
Әли ТЕМІРБЕК