№34 (8848) 10

10 мамыр 2025 ж.

№33 (8847) 6

06 мамыр 2025 ж.

№32 (8846) 30

30 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Қазақпен бір туғандаймын

Қазақпен бір туғандаймын


Өткен ғасырдың 37-жылдың күзінде ВКП (б) Орталық комитетінің шешімімен Қиыр Шығысты мекендеген этникалық корейлерді Өзбекстанға және Қазақстанның оңтүстік аудандарына, Балқаш пен Арал теңізі маңайына депортациялау туралы Сталиннің бұйрығы шыққанын тарихтан білеміз. Міне, осы кезеңде біздің кейіпкеріміздің ата-бабасы Қазақстан жеріне келіп қоныстаныпты. Наталья Германқызы Арал жерінде туғанын айтады. Ал 1959 жылы әке-шешесі Аралдан Төменарыққа көшіп келіп, бірінші сыныпқа осындағы «Горняк» мектебіне барыпты. Мектепті бітірген соң 1973-1976 жылдары Алматы қаласындағы арнаулы милиция мектебінде оқып маманданды. Одан әрі Қарағанды жоғары милиция мектебін тәмамдады. Еңбек жолын Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінде бастаған ол жасөспірімдермен жұмыс бөлімінде инспекторлықтан бастайды. Бөлімнің атауы алғашқы кезде милиция бөлімінің балалар бөлмесі атанса, кейін кәмелетке толмағандармен жұмыс инспекциясы деп аталды. Ол осы салада үздіксіз 27 жыл қызмет атқарыпты. Тарқатып айтқанда, кіші сержанттан бастап милиция майоры шеніне дейінгі сатылардан өтті.


Алғашқы кезде жасөспірімдермен жұмыс бөлімінің бастығының қарауында 3 инспектор болса, кейін құрылым оңтайландырылып, аға инспектор қызметін атқарды.
Ол кездері қазіргідей аудан орталығындағы мектептерде арнайы инспектор жоқ, барлық жауапкершілікті өздері арқалады.
Осы жұмысты абыроймен атқарып, 1997 жылы 45 жасында доғарысқа шықты.
Өз кәсібін жанымен сүйген оның ауырлығын еңсере біледі екен. Уақытпен санаспай еңбек етіп, тәртіп күзетінде бөлімдегі ер азаматтардан бір де қалыспай заңдылықты сақтаудың қырағы сақшысы бола білді.
Өздері отбасында алты перзент өсіп-жетілген екен. Әкелері Герман Иванович Төменарықтағы орыс орта мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болған. Аналары Шинь Сунха үй шаруасында, жергілікті халық оны тетя Катя атандырыпты. Бір жанұяда өрген алты бауырдан бүгін көзі тірісі екі қыз ғана қалыпты.
Наталья Германқызы Алматы қаласында жоғары білім алып, сонда тұрақтап қалған ұл-қыздары Денис пен Ленаның көңілін қимай сол жаққа қоныс аударған. Бірақ, Жаңақорғанның ыстық желін сағынып екі жылдай әзер күн өткізгенін айтады. Қой, болмас деп балалары Жаңақорғандағы өздері өскен қарашаңырақтың орнына анасына жаңа үй тұрғызып берді. Қазір ол осында тұрып жатыр. Қашан барсаңыз құтханасы қонақтан арылмайды. Тумаса да туғандай болып кеткен көңілі жақын замандастарымен шүйіркелесіп шай ішкеннің өзі бір ғанибет дейді өзі.
Чулкова Наталья Германқызы биылғы Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келген рамазан айының алғашқы күні аудан орталығындағы «Руханият» орталығына арнайылап келіп, қазақ халқына риясыз рахметін жеткізуді парыз санапты.
«Қиын-қыстау күндерде пана болып, кең құшағына алған жергілікті халыққа шексіз қарыздармын. Жиырма жеті жыл жеткіншектер тәрбиесіне атсалысып, ақ жүрек халықтың аузымызға тосқан дәмін ақтағандай сезімде қуанышта жүретінім жасырын емес. Бүгінгі қоғамға да еш өкпем жоқ. Бір өкініштісі, үздіксіз қадағалауды қажет ететін тентектеу мінезді еркетотайлар біздің кезімізде де болды. Бірақ қатыгездікке бармайтын. Сүйекке сіңген әдет, құлағымыз түрік жүреді, бүгінде ел көлемінде мектеп оқушылары арасында шектен шыққан оқиғаларға желіде жиі кездесіп, көңіл құлазып қалады. Көйлек көк, тамақ тоқ, бұларға не жетпейді деп санамыз сан саққа кетіп іштей ренжіп отырамыз.
Меніңше, ананың мейірімі, әкенің қамқорлығы, бір сөзбен айтқанда, отбасының орны бөлек. Бір-бірімізден жүрек жылуымызды аямайықшы. Жарық өмір осындай құндылығымен қымбат қой, – дейді ол ағынан жарыла.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
04 наурыз 2025 ж. 135 0