№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Өткен күннен көп белгі»

«Өткен күннен көп белгі»

Бұрынғы ата-бабаларымыз өмірдің өткінші екенін айтып: «Өткен күнде жоқ белгі» десе, біз тарихтың тәлімгер, жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтінін меңзеп: «Өткен күннен көп белгі» дейміз. Шынында да солай.

Дүние – үлкен көл,
Заман – соққан жел,
Алдыңғы толқын – ағалар,
Кейінгі толқын – інілер,
Кезекпенен өлінер,
Бұрынғыдай көрінер, – дейді ұлы Абай. Бұл – өмірдің, тіршіліктің заңы, бірақ бәрі табиғи қалпында бола бермейтіні тағы рас. Тірлігіңнің бастауын білмейтінің сияқты, оның соңғы сәтін де сезіне алмайсың. Адам баласы шыр етіп жерге түскенде ажалды да шаранасымен бірге ала келеді.
Жасымызға қарасақ күні кешеге дейін ізін басып келе жатқан ағамыз, қатар жүрген замандас, тіршіліктің ұрпақ арқылы адамды жақындастыратын қатынасына орай құда, жалпы өткен ғасырдың екінші жартысында өмірге келгендердің ішінде қатарластарынан мойны озық азамат Әметхан Жүнайдов тірі болғанда осы күндері 70 жасқа толар еді.
Әметхан құдам 1951 жылы 23 сәуірде Жаңақорған кентінде Жүнайд әкеміз бен Тұрғанкүл ананың қарапайым отбасында дүниеге келді. Өмір жолы өз қатарластарына ұқсас. 1969 жылы №51 орта мектепті бітіргеннен кейін Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын атқарып, еңбек жолын «Энергосбыт» мекемесінде жүргізуші болып бастайды. 1974-1976 жылдары Алматы қаласындағы арнайы автоинспекция мектебінде оқып, 1976-1983 жылдары облыстық ішкі істер басқармасының МАИ бөлімінде қызмет етті. Ақылдылық, парасаттылық, ізгілік, кішіпейіл бола тұра әділдік, қанағатшыл бола тұра дербестік, жауапкершілік – бұл Әбекеңе жаратылыстың тартқан табиғи сыйы еді, ол оны ғұмыр бойы сақтады. Қашан да адалдығынан, инабаттылығынан айырылған жоқ.
1983 жылдың шілде айынан Әбекең Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімі мемлекеттік автоинспекция бөлімшесінің бастығы, 1993-1998 жылдары тіркеу және сынақтан өткізу инспекторы болды. Ішкі істер органынан отставкіге шыққаннан кейін «Энергосбыт» мекемесі директорының орынбасары қызметін атқарды.
Әметхан жүрегі жылы, мейірімді адам еді. Оның қызметінің өзі көп жағдайда қоғамдық тәртіпті сақтауды талап етеді. Адамдардың жүргізушілердің бәрі бірдей заңдылықты сақтай бермейді, оның үстінде көлікте оқыс оқиғалар көп болады. Міне, осы жерде ең бірінші әділеттілік, ал орныққаннан кейін түсінушілік керек. Әметханның көзі тірісінде көпшілікке сыйлы болуы, қазір де көз көргендердің құрметтеп еске алуы онық адамды түсіне білуінен, адалдығынан. Қандай да қасиет қаннан, тектен бастау алады, тәлім-тәрбие қанша пәрменді болғанмен, таяқпен аңға намаз үйрете алмайды. Әбекең көп балалы отбасының үлкені еді, іні-қарындастарына көп қамқорлық жасады. Тек жанұяға ғана емес, ағайын-туыс, көрші-көлем, жалпы алдына барған адамға көмегін аяған емес.
Бұл кісінің ерекшелігі ол шындықтың бетіне тура қарайтын, осы қайсарлығы шыдамдылыққа ұласатын, артық –ауыз сөз болмайды, бөгде мінез көрсетпейді. Қандай жағдай да ұстамдылығынан айырылмайтын. Жауапкершілікті бәрінен де жоғары қоятын, бұны мен жұмысқа байланысты ғана айтып отырған жоқпын, көп нәрсеге өзін қатысты, жауапты сезінетін. Қызметте жүргенде жетістік дегеніңіз қандай биіктікке көтерілгеніңіз емес, оған не алып шыққаныңызда. Ал Әбекең нардың жүгін көтерді. Мен бұл кісінің 1991 жылы Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы институтты сырттай бітіргеннен білетінмін. Сол бір өтпелі, қиын кезеңде көп адам білімін тереңдетуді ойламады, ал Әбекең бір орында тұрып қалмайтын. Өмір бойы алға қарай жүреді. Себебі өмір бір орында тұрмайды, бүгінгі жетістік ертеңгі күнге өлшем бола алмайды.
Құқық қорғау органдарындағы жемісті де тиянақты қызметі үшін кезінде «Үздік милиция қызметкері» атанып, I, II, III дәрежелі «Милиция үздігі» медалімен, бірнеше «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Ең бастысы Әбекең халық құрметіне ие болды.

Құдасы Мадияр Ахметов,
Жаңақорған ауданының құрметті азаматы
03 маусым 2021 ж. 753 0