ХАЛЫҚТЫҢ ЗӨРЕСІ

Төменарықтықтардың әрбірі жарты ғасырдан бері періштедей желеп-жебеп жандарында жүрген ақхалаттыны ардақ тұтатынын жасырмайды. Олардың ішінде өмірінде бір рет болсын ауыл дәрігеріне қаралмаған, алдынан өтпеген жан жоқ-ау, сірә? Елу жылда қанша нәрсе өзгеріп, қанша нәрсе жаңарып кетті? Сексен үшінші жылдардағы ауыл жағдайы мен бүгінгіні салыстыруға бола ма? Ол кездері ауылда түн баласына жарықтың да кейде сөніп қалатыны рас. Беймезгілде жаны ұшына тіреліп терезесін қаққан талайға ере-мере жедел жәрдемге жаяулап болсын жетуге асығатын күндердің нешемесі өтті десеңші. Дәрігер Зөренің үйі ауруханадан шалғай, су арнасының аржағындағы ауылда тұратын. Сондықтан таңертең жұмысқа шыққанда да жаңбыр мен қарға қарамай, резеңке етікпен лай кешуге тура келетін. Екімыңыншы жылдардан былай қарай қызметтік көлік тиіп, көзі ашылды. Бірақ қай кезде де сертте тұрып, мамандығына деген адалдықтан бір елі ажырамай, абыройына кір жуытпапты.
Бұл ауылда үлкені бар, кішісі бар, ешбірі ақ халатты абзал жан Зөренің алдын кесіп өтпейді. Қайсысынан болсын ауыл дәрігері туралы сұрай қалсаңыз, мысалды алыстан орағытпай, өз басынан өткен оқиғамен тарқатып айтып бере алады.
Отбасында дүниеге келген жеті перзентінің бірі Зөре қыздарының дәрігер боламын деген талабын ата-анасы Жүрсін мен Жаңыл қуана қоштады. Қуанбай қайтсін, соғыс кезінде бір көзінің кемістігінен еңбек майданына жегілген, ликбезде азғантай сауат ашқаны болмаса одан әрі оқи алмаған әкесінің бар үміті осы балаларының үстінде еді.
Талапты жас Төменарық ауылындағы №53 Романов атындағы орта мектепті бітірген соң Қарағанды мемлекеттік институтының педиатрия факультетіне оқуға түсті. Оны 1979 жылы бітіріп, бір жыл Қызылорда қаласындағы облыстық ауруханада интернатурадан өтті. Одан әрі аудандық емханада педиатр-иммунолог болып жұмысқа орналасты. 1981 жылдың күзінде Төменарық ауылдық емханасында бала дәрігері, 1983 жылдан бастап ауылдық аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Осы жерде 2019 жылға дейін, яғни 36 жыл бас дәрігер, аға дәрігер болып қызмет атқарды. Зейнетке шықса да жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде ел саулығына еңбек сіңіріп келе жатқан Зөре Жүсіп қызы жақында жетпіс жасқа толғалы отыр.
Кешегі кеңестік кезеңде өңіріне өзге ұлт өкілдері кеңірек тамыр жайған Төменарықтың тарихы да тереңде. Орыс, неміс, шешен, грек, кәріс ұлты өкілдерінің еріксіз депортацияланып жер ауып келгені бар, тың жерді игеруге деген желеумен мақсатты қоныстандырылғаны бар, тақыр жерде талай тағдыр тіршілігін тіктеп, жапырағын жайды, өсті-өнді, өркендеді. Өздері өмір сүріп жатқан топырақтың киесін бойына сіңіріп, тілін тауып, өрісін кеңейтуге, өркениетке қол жеткізуге ұмтылды. Егінін егіп, балығын аулап, ел дәулетін құрауға қарманған қара шаруадан бөлек араларында зиялы қауым өкілдері де болды. Қарапайым қазақ ауылына озық білімнің сәулесін төгуге ынтыққан ұстаздар да, халық саулығы қызметіне де қалтқысыз еңбек еткен дәрігерлер де аз емес-тін олардың арасында.
Олардың арасында тоқсаныншы жылдардан кейін біртіндеп тарихи отанынан ірге көтеріп, түп-тұқиянын табуға талап қылғанымен кейін бармақ тістеп өкініп, ауылды аңсайтыны туралы елге хат жазғандары да көп болды. Сол күйі қозғалмай осында қөктеп-көгеріп отырғандар да жеткілікті.
Бір ғана нәрсе айқын, жұмыр басты пенде қайда жүрсе дағы кіршіксіз көңілден су ішіп, көлеңкесінен сая табады екен. Жергілікті халықтың баладай пәк сенімін құрметтеп, саналы ғұмырын соған дақ түсірмеуге сарп еткен осындай ұстаздар, дәрігерлер есімін төменарықтықтар жатқа біледі. Біздің арнайы іздеп барған кейіпкеріміз – ауыл дәрігері Зөре Қайнекееваның да әңгімесінің негізгі өзегі өзінен бұрын кезінде тәрбиесін көрген, тәлімін алған осындай ерек тұлғалардың айналасында өрбіді.
Ол кезде осы аймақтағы Сунақата, Екпінді, Еңбек, Сүттіқұдық, Қожамберді, Байкенже елдімекенінде бір-бірден ғана медпункт бар, бірақ барлығын қосқанда он екі мың тұрғын түгелдей Төменарық ауруханасына қарайтын. 35 орындық аурухана кейін 50 орындық болды. Перзентханасы да өзінде еді.
Алғаш ауыл ауруханасына басшылыққа тағайындалған бұған дәрігер ағасы Сұлтанбек Әбдірейімов «Еш саспа, онда барлығын сақадай-сай қылып отыратын Раиса апаң бар» дегенді бекер айтпапты.
Бұған дейін аурухананы басқарған Викторовна Галина Попованы жергілікті халық жақсы көрді. Ол зейнетке шыққаннан кейін орнына бас дәрігерлікке Зөре Қайнекеева тағайындалды. Попова ауруханада дәрігерлігін жалғастырып өзімен ширек ғасыр бірге еңбек етті. Алексеевна Раиса Белоусова болса бес жыл майданда әскери медсестра болған, күйеуімен бірге майдан даласынан тіке осы Төменарықтың маңындағы Герасимовкаға келіп тұрақтап қалған екен. Ол жөнінде Зөре Қайнекеева былай деп әңгімелеп берді: «Бұл кісінің алдына бала күнімізде де талай барғанбыз. Медпункт іші ерекше тазалығымен ауылдағы тоқал тамдардың ішінде бізге таңсық боп көрінетін. Білікті маман күн сайын инструменттерді қазір операцияға кірісетіндей сақадай сайлап қоюды мүлтіксіз тәртіптен түсірген емес. Өзі кішігірім ота жасай береді, соғыста жүріп әбден ысылған, тәжірибеге бай. Сырқатқа диагнозын қойып, ем-домын тағайындап жазып беретін. Зейнетке 88-жылы шықты. Кейін ғылым докторы болған ұлының қолына тұруға Ставропольге көшіп кетті. Тағы бір үлгі тұтуға тұрарлық тұлға – кәріс ұлтының өкілі Хван Алексей Степанович деген кісі, соғыстан кейінгі жылдардан бертінге дейін ауыл фельдшері болып жұмыс атқарды. Қолында медициналық аптечкасы, ел ішін велосипедпен аралап, тұрғындар саулығын қалт жітермеуге тырысатын. Қашан көрсең де тап-таза жүретіні және сол тәртіпті барлығымыздан талап ететін қалпы көз алдымызда қалды. Олар өз кәсіібіне өте адал болды. Уақытпен санасу дегенді білмеді. Қазіргідей жағдай жоқ кездің өзінде медициналық құрал-жабдығын сақадай-сай талапта ұстауды әскери жауапкершілікпен тең ұстаған екен. Оларды әскери дағды осылай қалыптастырса керек. Кейін, 88-жылдары ауыл емханасы он бөлмелік ғимаратқа көшті. 2009 жылы жаңа ФАП салынды. Екі қабатты ауруханада лаборатория, физкабинет жұмыс жасады» дейді Зөре апай.
***
Тазалық – денсаулық кепілі. Ауыл ауруханасының тазалығымен қоса ауыл адамдарының жеке басы гигиеналық ережесіне ерекше көңіл бөлетін бас дәрігер Галина Попованың лездемені ең бірінші тазалыққа жауапты маманнан бастайтынын көзі көрді. Екі қабатты аурухананың жалтыраған еденінен түрің көрініп тұруы керек. Сексен үшінші жылдардан бастап аурухана тізгінін қолға алған Зөре Қайнекеева да жұмысты нақ осы мазмұнда жалғастырды.
Жаңа жоғарыда айттық, мақтануға жоқ, кеуде керіп көзге түсетін қабілеті кем біздің кейіпкеріміздің аузынан жеке басы жетістіктері туралы ешнәрсе ести алмадық. Бірақ, оны білетін, ем-домын алып шарапатын көрген ауыл адамдарының қалтқысыз пейілі ол кісіге деген ыстық ықыласымызды еселеді. Олардың әрбірінің лебізінен шынайы өмір өрнектері көз алдымызға келді. Солардың бірі ұстаз, кезінде ауылдағы №53 А.Д.Романов атындағы орта мектебінің директоры қызметін атқарған, қазірде Астана қаласында тұратын Сәуле Илиясова былай дейді: «Жас дәрігер маман Галина Попова Төменарық станциясына елуінші жылдары келіп, алпыс жылдай уақыт денсаулық саласы күзетінде болды. Ауыл ауруханасының негізін қалаған кісі. «ССРО Денсаулық саласы озық қызметкері» атанды. Сырқат түрін нақты қойып, ем тағайындайтын білгірлігімен ел көңілінің төрінен орын алған ауыл дәрігеріне халықтың ықыласы бөлек-тін. Соңына жақсы шәкірттерін қалдыра білді. Солардың бірі – Зөре Қайнекеева. Ол өзі айтқандай Попованың темір тәрбиесінен өтті, нақты осы бір жаннан кәсіптің қыр-сырын, пациенттермен жұмыс істеуді, өз ісіне шексіз берілген адалдықты үйренді. Ең бастысы емделушілердің шынайы құрметін иеленді. Бұл екі азаматқа да ауыл халқы жүрегіміздің төрінен орын бергенбіз» дейді сеніммен. Отыз жылдан астам уақыт Зөре Қайнекееваның қарамағында медсестра болып істеген Гүлсім Сүлейменованың пікіріне де құлақ түріп көрелік:
«Мен 75-жылы Төменарыққа келін болып түстім. Алдында кент орталығындағы ауруханада терапевт Гүлбарам Искакованың бөлімінде жұмыс істейтінмін. Мені бірден ауыл емханасына ауыстырды. Өте қиын кезеңдер еді. Емхана іші жылымайды, Аяқ-қолымыз тоңып жүрсе де жұмысымыздан бір мін жібермеуге тырысатынбыз. Бізде уақытпен санасу болмады. Жұмыстан тыс уақыт болсын сырқат келсе қабылдап, ауыл ауруханасына, ауыр жағдайда аудандық ауруханаға алып кететінбіз. Галина Попованың қатаң тәрбиесінен өттік. Арада жеті-сегіз жылдан соң Зөре оқуын бітіріп туған жерге қызметке келді. Ары қарай Зөре Қайнекееваның қарауында қызмет етіп қана қоймай, тонның ішкі бауындай араластық. Ол кісіде мен бастықпын деген өктем мінез болған емес. Дауыс көтеріп кейігенін көрген емеспіз. Барлық жұмысты тізе қосып бірге атқаратындықтан арқалар жүгіміз бір, сырымыз бір, мұңымыз да ортақ еді. Мұндайда кісі баласының ой-арманын ұлы тілек біріктіріп, ортақ мақсат пен абыройға қол жеткізуге тырысады екен.
Бас дәрігер Зөре Қайнекеева өзі қандай ізденімпаз, емдеу саласында қандай тың тәсілді, жаңашылдықты меңгерді, соны біздің бойымызға да ерінбей-жалықпай еге білді. Өзінің төл мамандығы педиатрия саласында көп оқитындығының, көп ізденетіндігінің арқасында шетелдік бағдарламаларды да тәжірибеге ендірді. Соның нәтижесінде Төменарықта бала өлімі тіркелу жағдайы кездесе бермейтін. Бір жылдары іш ауруы қатты дендеп, қиын ахуал орын алғанда тіпті аудандық ауруханадан енді адам болмайды деп қолымызға берген бес сәбиді де ажалға бермей аман алып қалғанымызды бір ерлікпен тең дей аламын» дейді.
– Халық ол кісіні осындай білгірлігі үшін құрметтейтін болды ғой, – деп сауал тастадым сұхбаттасыма.
– Ия, білгірлігі бір бөлек, ол өте қарапайым жан. Ешқашан ем-дом жасап қызмет көрсеткеніне ақы дәметкен емес. Шын көңілмен ұсынып жатсаң да алып жатуды ар көреді. Өз мамандығына шексіз берілген, сондықтан да ел алдында мерейі үстем, жүзі жарқын, елдің ортақ мақтанышы,- деді ол.
Осы жерде ойға оралып отыр, короновирус әлекке салған пандемияның ауыр жылдарынан соң балалар арасында қызылшамен ауыру қатты дендеп аудан деңгейінде ауыр ахуал қалыптасты. Жас өскіндер жағадан алған дерттен өте ауыр зардап шекті. Сонда осы Төменарық ауылының халқы бұл қиындықты онша сезінген жоқ. Сырқат түрі де балаларда жеңіл-желпі өтті. Өйткені, ауруханада жұмыс тәртібі, ережесі нақты протоколдан ауытқымайды. Бұған дейін егілуге тиіс өскіндер түгел егіліп біткен. Басқа аймақтардағыдай егу талаптары бұзылып, жалған есептерге жол берілмеген. Бұл ауылдың халқы о баста солай дағдыланған. Бұл да ауыл ауруханасындағы сабақтастықтың нәтижесі. Тұғырын тіктегеннен Попова негізін қалап кеткен, Қайнекеваның басшылығымен бүгінге жеткен сана мен саламатты саулықты тең ұстаған темірдей тәртіптің жемісі. Дәрігер-саулықтың сақшысы, барлығы да оған нық сенім артқан, оның талабы мүлтіксіз орындалу керек. Бұл ауылда талай сыннан өткен, қадір-қасиетіне көзі жеткен ақ халаттының айтқанынан ешбірі асып кетпейді. Желіден, тағы басқа жерден естіп алып, екпе қауіпті, ектіру зиян деген сынды талқылауға ешкім құлықты емес.
Ауыл тұрғыны, ардагер-ұстаз Күлбадан Сейтқасымқызы осы пікірімізді былай тірілтті: «Ауыл ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқарған отыз бес жыл уақытта Зөре Қайнекееваның елмен етене болу сыры – оның кішіпейілдігінде дер едім. Ол әрбір науқасты емдегенде мейірімін аяған емес. Түнгі шақыруларға да өзі барып, жәрдемін көрсететеін. Бірде үш айлық балам қатты ауырып түнгі үштің кезінде дәрігер шақыртуға тура келді. Зөре өзі келіп, таң атқанша баланың басында болып, ем-домын жасады. Сәбидің тынысы ашылып, жаны тұшыды. Ары қарай жүйелі емін жазып берді. Бойындағы кең жүректі қарапайымдылығынан бір ажырамаған оны ауылдың халқы түгел жақсы көреді. Өз басым оған «Халықтың дәрігері» деген атақ берер едім» деп ағынан жарылды.
Зөре Қайнекеева ауылдық ауруханада қызмет етіп келе жатқан 45 жылда әр жылдары өзімен бірге қызмет атқарған білікті дәрігерлер – Әбдіразақ Жәуенов, Шахадат Байзақова, Бақытжан Әбекенов, Ғабит Қарынбаев, ерлі-зайыпты Жақсылық Абдусаметов пен Жұлдызай Абдреймова сынды ақ халатты абзал жандардың есімін құрметпен атады. Олардың әрқайсысының өз қолтаңбасы бар. Мәселен, аралдық жігіт Бақытжан Әбекенов бүгінде медицина ғылымының докторы, профессор. Әріптесі Әбдразақ Жәуенов төл мамандығы – стомотологияны аяққа нық қойып, ауылда бөлімшесін ашуға қол жеткізген. Стомотология кабинетінде тіс жұлу, емдеу, протез салу сынды жұмыстарды өзі атқарған. Кейін Сунақата ауылдық емханасына бас дәрігер болып кетті.
– Ел ішіндегі жедел шақырулар дәрігерлер Әбдіразақ Жәуенов, ауыл фельдшері Хван Алексей Степанович сынды білгір мамандардан артылмайтын. Олар өз ісіне өте адал жандар еді, – деп еске алды Зөре апайымыз.
Сүйікті дәрігерлері Зөре Жүрсінқызының 70 жылдық мерейтойына орай ауыл халқы атынан ұстаз Алтынбай Мұстафаев кітап шығаруды мойынға алып отыр екен.
Саланың бірнеше рет мақтау-марапаттау қағаздарын алған, «Шапағат» медалінің иесі Зөре Қайнекееваға елдің алғысы үлкен.
Ауыл халқының ұғымында «Халық дәрігері» атанған Зөре Қайнекеева ауданның «Құрметті азаматы» атағына әбден лайық тұлға деп есептейміз.
Баян ҮСЕЙІНОВА