Электрмен жабдықтау жобасы
Жаңақорғанда қатты жел немесе нөсер жаңбыр жауса жарық сөніп қалатыны бар. Бұл неше жылдан бері келе жатқан үрдіс секілді, оның себептері де жоқ емес. Ең бастысы бағаналар мен трансформаторлардың ескіргені. Алды жарты ғасырдан асқан бағаналар расында жарамсыз күйге түскен. Заман ағымы жарық пен интернетке тәуелді. Электр жарығынсыз тірліктің мәнсіздігі белгілі. Сондықтан, әкімдік биылдан қалмай осы мәселені шешуге тырысуда.
– Қазіргі уақытта Жаңақорған кентін сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін бірқатар қиындықтар туындап отыр. Алғашқы мәселелердің бірі – кент ішіндегі электр желілері мен қондырғылары өте қатты ескірген және қазіргі уақыт талаптарын қанағаттандырмайды. Жаңақорған кентінің электр жүйелерінің басым бөлігі 1965-1984 жылдар аралығында жүргізілген.
Жоғарыда баяндалған түйткілді мәселелерді назарға ала отырып, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ «Жаңақорған кентінің 10/0,4 кВ электржелілік жүйесін жаңғыту» жұмыс жобасын жүргізу қолға алынған. Бүгінгі таңда республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жеңімпаз анықталды. Мердігер мекеме ағымдағы жылы тиісті жұмыстарды жүргізетін болады, – деді Қайрат ағамыз.
Иә, жарық жүйесі ертерек шешілсе деген көптің тілеуі бар. Әсіресе, күз айларында қатты дауыл, жаңбыр салдарынан жарық сөну қайталанады. Қалай десек те сең қозғалды, ең бастысы қандай жұмыстың болмасын жүйелі болғаны дұрыс. Сапалы істің басында жауапты мамандар жүр, алайда олар ғана емес, ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері де жүргені абзал. Өйткені, мұндай жарқын жоблар жыл сайын жүзеге аса бермейді. Ендеше, жарқын жобалармен басталған жыл жақсы жаңалығымен түйінделеді деп сенеміз.
Әли ЖАРЫҚБАЕВ