Мұқағали МАҚАТАЕВ: БҮГІН МЕНІҢ ТУҒАН КҮНІМ, ОЙ ПӘЛІ-АЙ

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың соңына қалдырған кіл мұрасы – Алаштың қазынасы. Тынымсыз еңбек етіп, ұлы биіктерге ұмтылып «бір өлеңі – бір елдің мұрасындай» болған біртуар таланттың туған күні мәңгілік ұмытылмас күнге айналды. Жаңақорған аудандық Оқушылар үйінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмір жолымен танысу, балалар арасында ақынның шығармаларын насихаттау, олардың поэзияға деген құштарлығын арттыру мақсатында үйірме мүшелері арасында «Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай» деген тақырыпта байқау ұйымдастырылды.
Оқушылар үйіндегі "Әдеби тілдер" бірлестігі педагогтері ұйымдастырған байқауда орталық директоры Тоқболат Нұртасұлы сөз алып, ақын шығармашылығы туралы әңгімеледі.
– Ақын қазақты толғандырған тақырыпта қалам тербеп, қара өлеңді жаңғыртты. Біз жатқа айтып жүрген «Пайда ойлама, арды ойла». «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» деген өлеңдері суреткерлік шеберлігін айқын аңғартады. Ақын атадан қалған қасиеттерді қорғады. Жарылмады, бөлінбеді. Тарылмады, аласармады. «Алатау – Алтай – Атырауым» деп жырлап байтақ қазақ даласын бауырына басып еміренді. Шығармаларын ізгіліктің қайнарына балаған халықтың оған деген құрметі уақыт жаңарған сайын артып келе жатқаны сондықтан, – деді ол.
Ақын «Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын» деген сөзді бекерге айтпаған екен. Өлеңдері арқылы ұлтына ұстаздық етіп келе жатқан ақиық ақын өмірге келген тоғызыншы ақпан оқырмандардың қалауы бойынша «Мұқағали күніне» айналды.
Байқау жас ерекшелігіне қарай екі топқа топтастырылды. Бастауыш сынып оқушылары мен ортаңғы сынып оқушылары ақынның өлеңін жатқа айтып, екінші кезеңде шығармашылығына сай көрініс қойды. Сахна өнеріне ысылып, бағытын айқындаған жас өрендердің қатары артқаны қуантты. Бірін-бірі қайталамай, тақырыпты әралуан айшықтаған шәкірт талабынан оқушылар орталығының нәтижелі жұмысы аңғарылды. М.Мақатаевтың «Ана сен бақыттысың, жыламағын», «Соқыр ана», «Бақыт деген...» өлеңдеріне қойылған қойылым көрерменнің жүрегіне жетті.
Байқауға төрелік еткен «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Мақпал Патенова, Жаңақорған жастар белсендісі Аманжол Абдіхамитұлы және орталық директоры Тоқболат Нұртасұлы талапкерлердің байқауға өте жоғары дайындықпен келгенін айтты.
Байқаудың қорытындысында 2-4 сынып оқушылары арасында Сезім Танабай бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, Бибінұр Қоқымбай екінші орын, Адия Ахмет үшінші орынға тұрақтады. Ал 5-8 сынып оқушылары арасында топ жарған Айша Алпысбай 1-орын, Мереке Сейітхан 2-орын, Жайна Сабырхан 3-орын алып, дипломмен марапатталды. Іс-шараға қатысқан барлық оқушыларға алғыс хат табысталды.
Оқушылар үйінде мұзбалақ ақынды дәріптеу апта бойы жалғасты. Артына өшпейтін із қалдырған М.Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, ақын поэзиясының халыққа кең таралуының мәні мен өміршеңдігіне ден қойып, ақынның сөзіне жазылған әндерін көпшілік назарына ұсыну мақсатында өткен "Хан тәңірінің мұзбалағы-Мұқағали" атты әдеби-саз кештен мол әсер алдық. Балалар ақынның "Жетімдер үні" шығармасынан көрініс көрсетті. Ақын өлеңдерін нақышына келтіріп, жатқа оқыды.
Ақынның өзі «Білгің келсе, алдымен зертте мені» дегеніндей. Мұқағали Мақатаевтың поэзиясының тереңіне бойлаған сайын ақынның айтпақ болған сырлы сөзін ұғынамыз. Жүректен шыққан әр сөзі жүрекке жетіп, әрбір өлең жолдары санамызға қона қалатынына қайранбыз. «Болашаққа шағым айтып кетейін» деп ұрпаққа аманатын қалдырған талантты тұлғаның болмысы әр қазақтың жігерін жанып, қайратын жани түсетіндей.
Мақпал МАРҚАБАЙ