№56 (8870) 29

29 шілде 2025 ж.

№55 (8869) 26

26 шілде 2025 ж.

№54 (8868) 22

22 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » НАРКЕСКЕН ТАЛАП НАҚЫШЫ

НАРКЕСКЕН ТАЛАП НАҚЫШЫ


Нұрбергеннің бала кезден бергі арманы – қара домбырадан төгілген күй сарынына жаңа тыныс ашу, мұңлы күмбіріне қазақтың сайын даласында жортқан мың-мың тұрпардың тұяқ дүбірін үстеп, жанары жарқылдап үлкен сахнада жасын отын ойнатса, шіркін. Ұлттың төл жәдігері – шекті аспаптардың бір бүтін оркестрі орындауындағы музыка құдіретін мойындамай көр сосын. Осындай топтың өнерін тамашалау үшін талай концерттерде болып, көрермен ретінде іштей әділ бағасын берген-ді. Ұлттық өнерді жан-тәнімен сүйген талант табиғатына бұл аздық етеді екен. Бойына қасиет дарыған өнердің бір өкілі ретінде халықтық жасын жауһарларымыздың жиынтығын маңдай теріңді сарқып өзің жасақтап жандандыра білсең шығармашылық көкжиегіңде дара жолымды таптым дей бер.

Періште қиял ақиқатқа айналды деген осы. Аудан орталығындағы Н. Илялетдинов атындағы №169 орта мектебін тәмамдап Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің домбыра бөліміне оқуға түсті. Оны 2013 жылы бітірген соң Қазақ ұлттық Өнер университетінде жоғары білім алды. Еңбек жолын 2018 жылы өзі оқыған Қазанғап атындағы колледжде бастаған ол шәкірттерге домбырадан дәріс беріп келеді екен. Талапты жас жұмысқа орналасқан алғашқы күннен бастап өнер ошағында негізі қаланған көркемөнерпаздар ұжымын жаңа форматта жасақтап фольклорлық ансамбль ашуға құмбыл кірісіпті. Домбыра, баян, тағы да басқа сегіз түрлі музыкалық құралдың басын құрап кәсіби машықтанып қалған шағын оркестрдің әлеуетін толыққанды фольклорлық деңгейге жеткізу мақсатында жан-жақты ізденіп жүріп әр-әр жерден құнды музыкалық мұра - сазсырнай, жетіген, нарқобыз, сыбызғыны қолға түсірді.
Нарқобыз – Қорқыт бабамыздың жүрек үнін ғасырларға жеткізген киелі аспап. Сазсырнай мен сыбызғы да ата-баба сырлы шежіресінің табиғи уілін тірілтіп, құлақтың құрышын қандырар құдіретке ие. Оны жетік меңгеруде ынталы өнерпаздарды оқытып шығару үшін арнайы маман жалдауына да тура келіпті. Ақырында, құрамында он алты адамы бар, он екі түрлі аспаптан тұратын толыққанды фольклорлық ансамбльдің жұмысы жолға қойылды. Міне, Нұрбергеннің өзі аяққа нық қойған аталған ұлттық аспаптар ансамбліне жетекшілік етіп келе жатқанына биыл жетінші жыл.
Нұрберген Ахметжанұлы жетекшілік ететін «Самғау» фольклорлық ансамбльдің мүшелері өздері білім беріп жатқан оқу орнының өнерге ынтық кілкіндей студенттері. Ансамбль мүшелері облыстық, республикалық байқауларда сынға түсіп лауреат атанып үлгіріпті.
Ең үлкен жеңісі ретінде республикада Музыкалық колледждер арасында өткен ансамбльдердің «Жастар карнавалы» байқауында 3 дәрежелі дипломмен марапатталды. Осы жылы Қызылорда облысының 85 жылдығы, Арал ауданының 95 жылдығы және қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Ғасырлар сазы» атты фольклордық ансамбльдердің байқауында бас жүлдені иеленді.
2024 жылы Музыкалық колледждер арасындағы 45-ші республикалық конкурсының лауреаты атанып, жүлделі орынды иеленді. Осы жетістіктері үшін ансамбль жетекшісі Нұрберген Ахметжанұлы облыстық мәдениет департаментінің Алғыс хатымен марапатталыпты.
Өткен жылдары өңірімізде руханиятты қолдау аясында айшықты жаңалықтар көп болды. Облыс орталығында «Анаға тағзым», «Руханият», «Өнер» орталықтары ашылды. Осы мәдени сарайлардың барлығының ашылу мерекесіне қатар түзеп барған тілеулес қауымның назары жаңа ғимаратқа енген бойда қазақы нақышта көмкерілген оркестрдің аспаптары шанағынан әсем күй төгілген сән-салтанатына арбалып, алпыс екі тамырды шымырлатқан музыка сарынына сүйсіне құлақ түріп тапжылмай тұрып қалатынына көрерменнің бірі ретінде өзіміз де кеңінен куә болып келеміз.
Өнер – бір орнында тұрып қалмайтын, күн сайын түлеп, түрленіп, өзі қонған көкіректі түпсіз құпиясына жетелеп, үмітін үкілейтін бір тылсым күш қой. Табиғатына тәнті, ұлт мұрасына адал талантты өреннің өз-өзін қамшылап, қайраты мен ақылына арқа сүйеп, асқақ жетістіктерге жетсем деген талабы ансамбльге осындай деңгей-дәрежені еншілетті.
Асқақ арманға адалдық. Төл өнердің төрт құбыласын түгендеуге тырысқан талабына дем беріп, кәсіби әлеуетінің бағын ашқан басты кредо – осы. Бір сөзбен айтқанда, тал бойына толқын жүгіртіп, алыстан құлаққа келер ғажайып үннің гармониясын тап басқысы келгенде оркестр жетекшісінің әрбір аспаптан төгілген әуеннің диапозонына ерекше зер салып, ырғақтың әрбір үзігінің мүмкіндігін үйлесімді біріктіре алуы біліктілігі мен биік кәсіби шеберлігіне келіп тірелері анық. Онымен қоса он екі аспапта орындалатын музыка дыбысын орта ньюансқа келтіруде ой мен сезімнің ұшқырлығы бірдей қажет.
Нұрбергеннің оқушы кезінен тал бойындағы ерекшелікті танып, музыка мектебіне жетелеп апарған анасы – Зағипа Абжалелқызына алғысы шексіз. Саз мектебінде домбыра класында сабақ берген Сапар Отарбаев ағайынан алған білімін арнайы оқу орнында Маханбет Мамбетназаров, Әлімжан Әбсадықов сынды ұстаздары кемеліне жеткізді. Ал өзі білім алған осы оқу ордасына қызметке келгенінде сол кезде колледжде халық аспаптар бірлестігінің меңгерушісі қызметін атқаратын Әлімжан ағайы шәкіртінің ансамбльді өз деңгейінде жасақтауына жәрдемдесумен қатар талап­ты өрендердің қанатын жазып, үлкен сахналарда өнер көрсетуіне өзіндік қамқорлығын аямады.
Әрине, шығармашылық топтың сапарын ұйымдастыруда, жол шығындарын қамтамасыз етуде басшылықтың қолдауы бір бөлек, балаларымыз алыс қалаларға шығып, көзқарасын кеңейтсе, көпке танылса деген асыл ниеттің жолында жатпай-тұрмай демеуші табудың мәселесі де мойындағы жүкті жеңілдеткен емес.
Ансамбль репертуарында ұлттық дәстүрлі музыкадан бөлек классикалық музыка, бүгінгі композиторлардың шығармалары және саундтректер (фильмді немесе арнайы сюжетті әрлейтін туындылар) оркестрдің сапалы контентін қалыптастырып үлгерген сынды. Бұл жөнінде ансамбль жетекшісі Нұрберген Ахметжанұлы былай дейді:
– Колледж қабырғасында қанаттанған көптеген шә­кірт­теріміз бүгінгі таңда Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық, фольклорлық-этнографиялық халық аспаптар оркестрінде, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы жанында құрылған «Сазген» фольклорлық ансамблінде және облыстық филармония жанында құрылған Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрінде , қалалық, аудандық өнер мектептерінде түрлі деңгейде қызмет атқарып келеді. Ортақ міндетіміз – ұлттық өнерді ұлықтап, жетілдіре түсуде жас жеткіншекті жауһар өнерге баулумен қатар қазыналы мұрамыздың қадір-қасиетін кемітпей, туған халқымыздың жүрегінде төл музыкамызға деген ұлы сезім, сырлы сүйіспеншілікті қалыптастыруға ұмтылып келеміз, – дейді ол.
Ұлтын жанындай сүйген наркескен ағаларының ізімен таудай талап арқаланған азаматқа өзге емес өз жүрегінің арқалатқан аманаты осындай.

Баян ҮСЕЙІНОВА
11 ақпан 2025 ж. 214 0