WORLDSKILLS – жұмысшы мамандықтарын қолдайды

«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде колледж ішілік «WORLDSKILLS 2025» кәсіби шеберлік чемпионаты өтті. Сайысқа оқу орнында кәсіптік бағытта білім алушылар қатысып, әрқайсысы өз мамандықтары бойынша жұмыстарын көрсетті.
Салтанатты шараны колледж директоры Тәттімбет Әбдірейімов ашып, студенттерге сәттілікі тіледі.
– Сіздер, жас мамандар, өз дағдыларыңызды шыңдай отырып, еліміздің кәсіби болашағына өз үлестеріңізді қосып жатқандарыңызға өте қуаныштымыз. Әрқайсыңыздың біліміңіз бен шеберлігіңіз елімізді халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндіктер береді. Бұл сайыс сіздер үшін тек жарыс қана емес, сонымен қатар жаңа тәжірибе жинақтап, кәсіби дағдыларды жетілдіруге және өздеріңізге деген сенімділік қалыптастыруға мүмкіндік. Бүгінгі іс-шара сіздердің болашақтағы үлкен жетістіктеріңізге жол ашады деп сенемін, – деді Тәттімбет Тұрғалиұлы.
Одан әрі колледж студенттері өнерін ортаға салып, аспаз ісі, жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету, токарь, дәнекерлеу, веб дизайн мамандығы бойынша білім алушылар сайыста өз мамандықтарының нағыз иесі екенін жасаған жұмыстарымен көрсетті.
Жалпы, «WORLDSKILLS» – жастарға кәсіптік білім беру мен оқытуды насихаттайтын жаһандық тәжірибе орталығы. Оның мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, шеберлік дағдырланын дамыту. Сондықтан, «WORLDSKILLS» чемпионаты дүниежүзі бойынша кәсіби даму мен өсуге мүмкіндік беретін болашақ жас мамандар арасындағы ең беделді жарыстардың бірі болып табылады.
– «WORLDSKILLS» – әлемдегі ең ірі жарыс байқауы. Бұл жоба халықаралық коммерециялық емес бірлестік болып табылады. Жарысты әлемдік деңгейде ұйымдастырудың негізгі мақсаты дүние жүзінде кәсіби дайындық пен біліктіліктің мәртебесі мен стандарттарын көтеру. Яғни, бүкіл әлем бойынша халықаралық жарыстар арқылы жұмысшы кәсіптерін танымал ету болып табылады. Доданың негізгі қызметі – 22 жасқа дейінгі жастар арасында түрлі деңгейдегі кәсіби жарыстарды ұйымдастыру және өткізу. Әр жыл сайын «WORLDSKILLS» жұмысшы мамандықтарының әлем чемпионаты өтеді, бұл жарысты «Жұмыс қолдарының олимпиадасы» деп те атайды. Мәселен, қазір аудандық сайысты жеңгендер облысқа, республикаға, одан әрі әлемдік сайысқа қатыса алады, – дейді колледждің арнайы пән оқытушысы Сымбат Қалдарбекова.
Жалпы, жыл сайын әлемдік деңгейде ұйымдастырылатын «WORLDSKILLS» додасының негізгі миссиясы – әлемнің назарын жұмысшы мамандықтарына аудару арқылы жоғары кәсіби стандарттарды дамыту үшін жағдай жасау. Жасы 22-ден аспаған кәсіптік мамандықты игерген жастар осы додаға қатысу арқылы шеберлігін шыңдап, әлемдік аренада тәжірибеден өте алады. Бұл – жас маман үшін үлкен жетістік. Ал, аудан колледжінде өткен шара әлемдік додаға апаратын алғашқы баспалдақ.
Айсұлу Алданазар