«Worldskills-2022» кезекті чемпионаты
«WorldSkills Kazakhstan» – бұл кәсіби шеберлік чемпионаты. Бұл – жас кадрларды экономиканың өндірістік секторына тартуға және елдегі техникалық және кәсіптік білімді дамытуға бағытталған бірден-бір жоба. Республика төңірегінде қолға алынған жобаның ауқымы терең әрі құнды. Жыл өткен сайын аталмыш жобаның ауқымы кеңейіп, өз өміршеңдігі мен өзектілігін дәлелдеуде.
Айтаулы сайыс жуырда Жаңақорған аудандық аграрлы-техникалық колледжінде ұйымдастырылды.
Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде өткен «WorldSkills-2022» колледжішілік сайысы жылдағыдан күрделі өрбіді. Колледж студенттерінің білімділігі мен біліктілігін қатар бақылап, түрлі сайыстарда сынайтын дүбірлі додаға кәсіби мамандар сарапшылық етті. Шараны ашқан колледж директоры Жомарт Шәуенов:
– «WorldSkills» – бұл жас кадрларды кәсіби деңгейде даярлап шығуға бағытталған бірден-бір республикалық жоба, жастарға берілген мол мүмкіндік. Мамандыққа деген махаббатты ашатын, ынта мен ықыласты күшейтіп, кәсіби түрде бәсекеге қабілетті болуға бастайтын даңғыл жол, – деп барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қатысушылар алдымен өз мақсаттары мен мамандықтарын таныстырып, сәулелі сәлемін жолдады. Жауапкершілігі жоғары ауқымды шараға аталмыш мамандықтардың қас шеберлері, кәсіби мамандар арнайы шақыртылды.
Мәселен, «Аспаз ісі» мамандығына Алма Ибрагимова, «Web дизайн» саласына Нұрмұханбет Оспан, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» бойынша Дидар Ибрагимов. Кірпіш қалау құзыреттілігі бойынша Жомарт Исабаев пен Мұхит Мамуов, ал тігін саласына Нұргүл Өмірбекова сарапшылық етті.
Салтанатты шараның екінші күні практикалық тапсырмалармен қыза түсті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, оза шауып, төске өрлеген қатысушылар арасынан бағы мен бабы қатар шапқандары да болды. Нәтижесінде, Бекеш Айнұр жетекшілік еткен «Аспаз ісі» құзіреттілігі бойынша I орынды Сымбат Серікбайқызы иеленді. Диана Рүстембек II орынға ие болса, Гүлнұр Бекмахамбет пен Әнуарбек Сәния үздік үштіктен көрінді.
«Сән технологиясы» құзіреттілігі бойынша Гүлзипа Садыбаева, Аягөз Әлиева және Айсұлу Дайрабаева жетекшілік етті. Сатымса Балбота жүлделі тұғырдан көрінді. Әбламит Тоқжан мен Аружан Қуанышбекқызы екінші орынға ие болса, Гулден Асылзат үшінші орынға ие болды.
«Автомеханик» мамандығы бойынша I орынды Әлімхан Дидар иеленді. II орынды Әшім Мұханбет, III орынды Омар Қадір мен Серікбай Рамазан иеленді. «Автомеханик» мамандығына Мақыштаев Бауыржан, Сейданов Әділбек пен Мұханбетов Нұрлан жетекшілік етті.
Тартысты доданың мәнін ашқан мамандықтың бірі – «Web дизайн және әзірлеу». Қибасаров Еркебұлан, Қыдырбай Әйгерім, және Балтабаева Гулстан, Салыбекова Ұлпан сынды білікті информатиктер жетекшілік еткен мамандық жаңа жаңалықтардың туындауымен ерекшеленді. Студенттер жаңа бизнес идеяларды сайтқа орналастыру арқылы көш бастады. Нәтижесінде Ерболат Нәмәтілләұлы 1 орынды жеңіп алып, тұғыр төрінен көрінді.
Ал, 2 орынға Бауыржан Сейтжаппар ие болды. 3 орынды Дінмұхаммед Насриддин олжалады.
Сайыстың соңғы жүгін Сәуле Бегімбетова және Бауыржан Әшімов жетекшілік ететін «Кірпіш жасау» мамандығы қорытындылады. Онда Мәтен Нұрдәулет, Досым Мағжан, Ерасыл Серікұлы көш бастады.
Иә, талас пен тартысқа толы айтулы дода осылайша екі күнге жалғасып, өз мәресіне жетті. Жеңімпаздарды колледж директоры және құрметті қонақтар құттықтап, кәсіподақ ұйымы тарапынан айтулы сыйлықтар мен «Алғыс хаттары» табысталды.
Колледжішілік сайыста 1 орынды иемденген жеңімпаздар ендігі уақытта «WorldSkills» жобасының облыстық іріктеу кезеңіне аттанатын болады.
«Бұл – шын мәнінде еліміз үшін, республикамыз үшін өте маңызды іс-шара, техникалық және кәсіптік білім саласын дамыту бойынша нақты бағыт береді. Соның ішінде WorldSkills қозғалысын дамыту мәселесін де көтерді. «WorldSkills мамандығын білім бағдарламаларына енгізу мәселесі – біздің алдымызда тұрған басты мақсат» деп білім министрі Асхат Аймағанбетов айтқандай, «WorldSkills Kazakhstan» республикалық ұлттық чемпионатының жер-жерде қолдау тауып жатқанының бұл бір дәлелі. Бұл жобадан барша жұртшылықтың күтері көп.
Біз де өз шәкірттеріміз облыстық, республикалық додадан олжалы оралады деген үміттеміз.
Дәулетхан Тұрсынхожаев,
Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі директорының оқу өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары